Бүгін Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының алаңында ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлеповтың төрағалығымен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу болып өтті, деп жазады Egemen.kz.
Министрлік тапсырысымен жүзеге асырылған жобаларды орындау барысы туралы мәселелер талқыланды.
Болат Тлепов әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуде өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.
«Грант алушы болу – үлкен жауапкершілік қана емес. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы жұмыс істейтін барлық жобалар әлеуметтік жүктеме тұрғысынан өте маңызды. Жобалар шеңберінде міндеттерді орындау кезінде ҮЕҰ түрлі кедергілерге тап болады. Біз бүгін осы мәселелер туралы білуге, оларды шешу жолдарын әзірлеуге жиналып отырмыз», деді вице-министр.
Өз кезегінде ҮЕҰ өкілдері денсаулық сақтау, құқықтық және психологиялық көмек, қоғамдық бақылау жүйесі, волонтерлік қызмет, тарихи және мәдени нысандарды сақтау, әлеуметтік кәсіпкерлік, медиация салаларында халықты қолдауға бағытталған жобалардың іске асырылу барысы туралы хабардар етті.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының төрағасы Лима Диас пандемияға байланысты енгізілген шектеу шараларының салдарынан жобаларды жүзеге асыру қарқыны күйремегенін атап өтті.
«Қазіргі таңда біз 51 жобаның операторы болып отырмыз. Барлық жобалар шеңберінде 187,5 млн теңге сомасына 298 шағын грант беру жоспарланған. Әріптестерімізбен кері байланыс арқылы біз эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты қызу жұмыстың көбі жаздан күзгі кезеңге көшірілгенін көріп отырмыз. Сондықтан қазір біз жүзеге асыру қарқынын арттырып келеміз», деді ол.
Іс-шараның қорытындысы бойынша Азматтық бастамаларды қолдау орталығының қаржылық көмегімен іске асырылатын жобалар бойынша аралық қорытындыларды тыңдау туралы шешім қабылданды. Талқылаудың келесі раунды қазан айына жоспарланған.
Кездесуге «TALAP» қолданбалы зерттеу орталығы», «Қазақстанның Азаматтық Альянсы», «Қоғамдық маңызды бастамалар қоры», «Ұлттық волонтерлік желі», «Әлеуметтік талдау және ынтымақтастық орталығы», «Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдары қауымдастығы», «МИР» аймақаралық медиация орталығы», «Азаматтық бастамалар орталығы», ҮЕҰ-лар мен «Маңғыстау облысының қоғамды дамыту мәселелері жөніндегі Азаматтық Альянсы» қауымдастығы түріндегі ЗТБ мен «Қызылорда волонтерлері» ҚҚ өкілдері қатысты.