Біздің халық қызық қой, жоқ жерден шу шығара салады. Токиодағы отандық спортшылардың төмен көрсеткіштеріне бола, спортшыларды былай қойғанда, спорт функционерлерін, жаттықтырушыларды жерден алып, жерге салды ғой. Қазақстан 8 қола медаль алып, 83-ші орында қалып қойды деп шыр-пыр болады. Қола да болса медаль ғой, бір медаль алмағандар да бар шығар тегі. Сөйтсе, Токио Олимпиадасындағы сүреңсіздікке ешкім кінәлі емес көрінеді. Бар кінә пандемияда?!.
Өткен бейсенбіде Ұлттық Олимпиада комитетінің алқалы жиынына қатысушылар осындай ұйғарымға тоқталды. Токио Олимпиадасындағы ұлттық құраманың көрсеткіштері сараланып, оған талдау жасалды (бұл біздің пікір, осылай болса деген... бірақ талдау жасалған жоқ). Жиында негізгі баяндаманы жасаған Ұлттық Олимпиадалық комитеттің хатшысы Андрей Крюковтың пікіріне сүйенсек, отандық спортшылардың жеңіс тұғырына көтеріле алмауының өзіндік себебі бар. Бәріне кінәлі – екі жылдан бері елдің еңсесін көтертпеген пандемия?!.
Атың өшкір коронавирустың кесірінен спортшылардың жігерін шыңдайтын, көрсеткіштерін жақсартатын 160 жарыс өтпей қалыпты. Тағы да сол індетке бола көптеген спорт түрінен даярлықты алты-сегіз айға тоқтатуға тура келген. Олимпиада алдындағы даярлықты шетелде өткізуге мүмкіндік болмай, саңлақтарымыз бабын жоғалтып, жеңіске деген жігері мұқалған. Олимпиадалық циклдің шешуші кезеңінде дүбірлі жарыстардың болмауы спортшылардың да моральдық-психологиялық жағдайына қатты әсер етіпті. Қытайдан шыққан коронавирус болмағанда, қазақстандық спортшылар қытайлықтардың өзін шаң қаптырып, елдің Гимнін сан мәрте шырқататындай жағдайда екен. Әттең, коронавирус...
Отандық спортшылардың Олимпиадада сәтсіз өнер көрсетуіне екінші себеп – бөлінген қаржының аздығы. 2018-2021 жылдары спорт саласын қаржыландыру 90 пайызға қысқарған. Бұл өз кезегінде рекордтық көрсеткіштердің төмендеуіне, спортшылар мен бапкерлер ынта-ықыласының бәсеңдеуіне әкелген (Олимпиада алтыны үшін 250 мың доллар аз қаржы болғаны ма?). Жергілікті бюджет арқылы қаржыландыруды қосқанда, ұлттық командаларды мемлекеттік қазынадан қаржыландыру бар болғаны алты пайыз шамасында екен. Ал бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың айтуынша, Қазақстан жыл сайын спортқа 10 миллиард теңге қарастырады, ал Токио мен Қытайдағы Олимпиадаларға 15 миллиард теңге қаржы бөлінген. Спорт саласына қаржы бөлу де пандемияның кесірінен қысқарып кеткен шығар бәлкім?!
Токиодағы сәтсіздіктің үшінші себебі – резервтің жоқтығы. Оны қалай даярлайды, пандемия алқымнан алып, қаржысы бар болғыр басынан тартса аяғына жетпей жатса... Оның үстіне Ұлттық Олимпиадалық комитеттің тұжырымынша, олимпиадалық құрама «қартайып» бара жатқан көрінеді. Пандемия басталғалы бері (тағы да пандемия) олимпиадалық даярлау орталықтары жұмысын тоқтатқан. Тіпті екі жыл ішіндегі пандемиялық шектеуден олимпиадалық резервтің екі буынынан айырылып қалуымыз ғажап емес екен. Бұл дегеніңіз келесі Олимпиадаларға да кесірін тигізеді деген сөз...
Пандемия, пандемия. Қызық, пандемия деген нәубет жалғыз Қазақстанның басына ғана төнген сияқты. Құдды әлемнің тоғызыншы территориясы басқа елдермен байланыс жасамайтын, кезінде Робинзо Крузо мекендеген аралда өмір сүріп жатқандай. Сонау өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қазақ даласында қасақана ашаршылық жасап, бас көтерер тұлғаларын қуғын-сүргінге ұшыратып, ату жазасына кескен кезі болса бір басқа. Ал енді «мың өліп, мың тірілген» қазаққа кәрін төгетіндей, коронавирусты қазаққа жіберетіндей Жаратушыға не жазып едік? Тұтас әлемге төнген коронавирустың кесірінен қазақ спорты ғана зардап шекті дегенді қалай түсінуге болады?
Сонда дейміз-ау, басқа елдердің спортшыларына пандемия әсер етпеген бе? Коронавирус шыққан Қытай неге Олимпиадада керемет өнер көрсетті, түсініксіз. Әлде коронавирус атаулыны мойындамаған Түрікменстанның ұстанымы дұрыс па? Өйткені тарихында тұңғыш рет Олимпиаданың күміс медалін иеленді ғой түрікмен спортшысы ауыр атлетикадан. Қазақстандық спортшылардың бағы мен бабы қатар келмеуіне шынында да пандемия кінәлі шығар-дағы?!
...Тезірек құтылсақ екен пандемиядан...