• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қаржы 04 Қазан, 2021

Шенеуніктердің шетелдік банктердегі шоты қанша?

213 рет
көрсетілді

Биылғы қаңтар айынан бастап, елімізде жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі өткені белгілі. Декларациялау кезінде мемлекеттік қызметкерлердің шетелде қанша банктік шоттары, жылжымайтын мүліктері мен көліктері бары есептелген. Декларацияны ұсынған 497 мың жеке тұлғаның 440-ында шетелдік банктерде жеке шоты бар, 58 шетелдік банктегі жинақталған қаржының жалпы сомасы – 691 млрд теңге. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ұйымдастырылған брифингте айтып берді.

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаевтың айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес инс­титуционалдық реформаны іске асы­ру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 42-қадамын және Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын орындау үшін 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жалпыға бір­дей декларациялау кезең-кезеңі­м­ен енгізіліп жатыр. «Жеке тұл­ға­лар бірінші жылы активтер мен мін­дет­те­мелер туралы кіріс декларациясын тапсырады, кейін негіздеме болса, жыл сайын кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынады. Алдымен мем­лекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар мен жұбайлары декларация тапсырды, себебі бұл қыз­меткерлер оған дайын болды» дейді ол.

Мемлекеттік қызметкерлерден кейін 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор қыз­мет­кер­лері мен олардың жұ­бай­ла­ры активтері мен міндеттемелері туралы кіріс декларациясын ұсынады. Одан кейін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бизнес өкілдері, яғни заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің басшылары, құрылтайшылары жұбайларымен тапсырады. Соңғысы – 2025 жылдың 1 қаңтарында өтеді. Онда басында баспанасы, мүлкі бар барлық азамат декларациялаудан өтеді. Сөйтіп, бас-аяғы 13 миллион адам декларациялау жүйесіне қатысады.

Декларацияда азаматтар мынадай мәліметтерді көрсетуі тиіс: шет мемлекетте тіркелген не тір­кеу­ге жататын жылжымайтын мү­лік, көлік құралдары; шетелдік банк шоттарындағы айлық есептік көрсеткіштен 1000 есе асатын қара­жат; тұрғын үй құрылысына үлес­тік қатысу туралы шарт бойынша сомалар; Қазақстан Республикасынан тыс жерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі; ба­ғалы қағаздар, туынды қаржы құ­рал­дары; инвестициялық алтын; зият­керлік меншік, авторлық құқық объектілері; 10 000 айлық есеп­тік көрсеткіш шегіндегі сомада көрсе­ті­ле­тін қолма-қол ақша;

Активтер мен міндеттемелер туралы декларация тұрғылықты жері бойынша, яғни жеке тұлға тіркелген салық органына ұсынылады.

Декларацияны электронды түрде салық төлеушінің кабинеті Cabinet.salyk.kz, «Электронды үкімет» порталы egov.kz арқылы, сондай-ақ e-Salyq Azamat және eGov mobile мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады.

Табыс ету мерзімінің аяқталуына қарай, яғни 2021 жылғы 15 қыркүйекке қоса алғанда, декларацияны 497 мың адам тапсырған.

Қабылданған 512 мың декла­рацияның ішінде ең көп таралған өтінім беру тәсілі болып e-Salyq Azamat мобильдік қосымшасы анық­талған, оның көмегімен декла­ра­циялардың 54%-ы ұсынылған. «Салық төлеушінің кабинеті» және СОНО арқылы – 40%, «Электронды үкімет» порталы арқылы – 5%.

Декларацияны қағаз түрінде ұсын­ған­дар жалпы декларация тап­сы­рушылардың 0,1%-ын құраған.

Жалпыға бірдей декларациялау кезінде мемлекеттік қызметкерлердің шетелде қанша банктік шоттары, жылжымайтын мүліктері мен кө­лік­тері бары есептелген. Ж.Іңкәр­баевтың мә­лімдеуінше, декларацияны ұсын­ған 497 мың жеке тұлғаның 440-ында шетелдік банктерде жеке шоты бар. Цифрларға сенсек, қазақстандық шенеуніктер ақшасын Ресей Федерациясында, Америка Құрама Штаттарында, Швейцария банктерінде сақтағанды тәуір көреді.

Сондай-ақ 494 жеке тұлға 26 елдегі 666 жылжымайтын мүлік объектісін декларациялаған, оның ішінде 436 объекті – Ресейде, 44-і – Біріккен Араб Әмірліктерінде, 38-і Түркияда және т.б

1 030 жеке тұлға 49 шет мемлекетте тіркелген 1 198 көлік құ­ралын құ­жатта көрсеткен. Ол көлік­тер­дің 292-сі – Ресейде, 235-і – Ар­ме­ния­да, 221-і – Жапонияда, 162-сі – Гер­ма­ния­да болып шықты. Басқа да ел­дер­­де тіркелген көліктер бар. Бірақ ең көп көлік тіркелген елдер осы атал­­ғандар.

Декларация тапсырған 47 аза­маттың біздің елден тыс 57 заңды тұлғаға қатысу үлесі бар. Бұл Ресей, Кипр, Араб Әмірліктері сынды елдер­де­гі кәсіпорындардың, меке­ме­лер­дің ак­ционері, құрыл­тай­шы­лардың бірі деген сөз.

1585 жеке тұлға 11 елде 1 603 жыл­жымайтын мүлік объектісінің құ­рылысына қатысу үлесінің бар екенін көрсетті. Бұған қоса, 116 адам инвестициялық алтынды жариялады; 25 елде 918 адам бағалы қағаздары барын ұсынды; 635 инвестициялық пай қорларында 608 адамның пайы бар; 212 адамның 218 зияткерлік меншік, авторлық құқық объектісі бар; 355 адамның дебиторлық, 578 адамның кредиторлық берешегі бар. 1 704 жеке тұлға 2 327 нысанды сенімді басқаруға берген.

Бүгінде жалпыға бірдей декларациялау ережелерін түсіндіру үшін бірыңғай байланыс орталығы іске қосылған. Жалпы жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялауға қатысты толық ақпаратты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтының Kgd.gov.kz «Жалпыға бірдей декларациялау» бөлімінен алуға болады. Апта сайын сәрсенбі күндері Мемлекеттік кірістер департаменттері Zoom арқылы «сұрақ-жауап» форматында түсіндіру жүргізілетінін де естеріңізге саламыз.