• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экология 04 Қазан, 2021

Жайық пен Електің қаншалықты ластанғаны тексерілді

404 рет
көрсетілді

Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының 2021-2024 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2021 жылғы 26-30 сәуір аралығындағы кезеңде Экология министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен өзен бассейніне ластанудың барлық көздерін және оның экожүйесіне теріс әсер етудің басқа да факторларын анықтау тұрғысынан кешенді зерттеу жүргізілді.

Жүргізілген зерттеулер барысында трансшекаралық аумақтардан,  сарқынды сулардың төгінділері байқалатын жерлерден сынамалар алынды. Су объектілерінің, оның жағалау аймағының жай-күйіне көзбен шолу жүргізілді, гидрологиялық тексерулер жүргізілді. Ластанудың болжамды көзі орындарында ауаның ластану деңгейін 6 көрсеткіш (күкіртті сутек, формальдегид, аммиак, күкірт диоксиді, азот оксиді, азот диоксиді) бойынша өлшеу және су сапасына гидрохимиялық талдау 33-38 көрсеткіш бойынша жүргізілді.

Кешенді тексеру қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының аумағында су сапасының 4 және 5-класы, Атырау облысында – 1-4-класы анықталды.

Батыс Қазақстан облысының аумағында Жайық өзенінің су сынамаларында ОБТ5 (5 тәулік ішінде оттегін биохимиялық тұтыну), фосфаттар мен жалпы фосфор, аммоний-ион, жалпы темір, магний және хлоридтер бойынша Бірыңғай жіктеу жүйесіне сәйкес су сапасының 1-класы (ең жақсы сапа) нормаларының асып кетуі байқалады.

Жоғарыда аталған ластаушы заттарды шамадан тыс мөлшерде табу қардың еруінен, жағалаулардың шайылуынан және су тасқыны кезеңінде су деңгейінің жоғарылауы нәтижесінде судың ластануынан туындауы мүмкін.

Сондай-ақ, атмосфералық ауа сынамалары алынды. Мониторинг нәтижелері бойынша шекті жол берілетін концентрациялардың артуы анықталған жоқ.

Облыс аумағында төгінділерді жүзеге асыратын кәсіпорындар «Жайықжылуқуат» АҚ, «Батыс су Арнасы» ЖШС болып табылады, алайда кешенді зерттеу жүргізу кезінде бұл кәсіпорындардың су сапасына әсері анықталған жоқ.

Атырау облысында кешенді тексеру барысында Индер, Махамбет аудандарында, Атырау қаласының аумағында, Жайық өзенінің сағасында, яғни Каспий теңізінің өзенмен қосылған жерінде ауа, су сынамалары алынды.

Жайық өзенінде ОХТ (оттегіні химиялық тұтыну), темір, мұнай өнімдері, магний, нитрит анион, ОБТ5 бойынша су сапасының 1-класы нормаларынан асу анықталған.

Одан бөлек, Индер ауданы Индербор кентіндегі ауданда коммуналдық қалдықтар, автокөлік құралдарының қалдықтары, ағаш және т.б. анықталды. Индербор кентінің Орталық көпірінің жоғарғы және төменгі бөліктерінде иесіз кемелер су астында қалып, өзенді ластағаны анықталды.

Нәтижесінде атмосфералық ауада зиянды заттардың ШЖК арту жағдайлары анықталған жоқ.

Облыс аумағында төгуді жүзеге асыратын кәсіпорындар «Атырау Су Арнасы» КМК, «Атырау жылу электр орталығы» АҚ, «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РКМК, «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РКМК, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС болып табылады. Кешенді тексеру жүргізу кезінде осы кәсіпорындардың су сапасына әсері анықталған жоқ.

Ақтөбе облысында Жайық өзенінің саласы болып табылатын Елек өзенінің су сынамаларында аммоний-ион, ОХТ, қорғасын, фенол, магний, фторидтер, хром (6+), нитриттер және минералдану бойынша су сапасының 1-класы нормаларынан асу байқалады.

Елек өзенінің экожүйесіне әсер ететін облыс аумағындағы ластану көзі қож үйіндісі бар «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Ақтөбе ЖЭО» АҚ, шлам жинағыштары бар «Ақтөбе хром қосылыстары зауыты» АҚ болып табылады.

Өзеннің төменгі ағысында Ақтөбе қаласын сумен жабдықтау және су бұрумен айналысатын «Aktobe su-energy group» АҚ тазарту құрылыстары орналасқан. Кәсіпорын су тасқыны кезеңінде шартты түрде тазартылған сарқынды суларды Елек өзеніне жоспарлы ағызуды жүзеге асырады.

Елек өзені суларын ластау көздері өзен арнасына тікелей жақын орналасқан және су тасқыны кезеңінде өзенге қалдықтарын орналастыратын көптеген мал шаруашылығы шаруашылықтары болуы мүмкін.

Сондай-ақ, Елек өзенінің ағысымен Алға қаласындағы бұрынғы Киров атындағы химия зауытының буландырғыш тоғандары ластану көзі болып табылады.

Кешенді тексеру барысында атмосфералық ауа сынамалары да алынды, ластаушы заттардың ШЖК артуы анықталған жоқ.