• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Технология 04 Қазан, 2021

Халің қалай, химия?

1018 рет
көрсетілді

Елордада Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібі апталығы аясында «Химиялық өнеркәсіптің жай-күйі және даму перспективалары» тақырыбында конференция өтті. Оны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы ұйымдастырды. 

 

Химия саласының сарапшы­лары, кәсіпорындардың, қо­ғам­дық ұйымдардың, мем­лекет­тік органдар мен даму инсти­тут­тарының өкіл­дері қатысқан іс-шарада негізгі мәселелер мен ұсыныстар талқыланды.

Индустриялық даму ко­митеті төр­ағасы­ның орынбасары Олжас Әлі­беков­тің айтуынша, химия өнер­кәсібі – эконо­ми­каның стратегия­лық маңызды сег­мент­тері­нің бірі. Өйткені химиялық өнімдер көптеген салада қолданылады.

– Өткен жылдың қоры­тындысы бойынша Қазақ­стан­дағы химиялық өнім өндірісінің көлемі 469 млрд теңгені құрады. 2019 жылғы көрсеткіш те осымен шамалас – 466,2 млрд теңге. Ал 2021 жылдың 7 айындағы көрсеткіш 294,2 млрд теңгеге тең, – деді Олжас Әлібеков.

Оның айтуынша, сала кәсіпорын­дары ішкі нарық­ты қамтып қана қоймай, экс­порт­тық нарықтарға да шы­ға­ды. Мәселен, былтыр экспорт көлемі 922 млн долларды құраған. Ал 2021 жылдың бірінші жартыжылдығындағы экс­п­орт көлемі 458,2 млрд теңгеге тең. Хи­­мия­лық өнім­нің негізгі бөлігі Ре­­сей­­ге (18,1 пайыз), Қытайға (9,9 пайыз) және Өзбекстанға (6,9 пайыз) жіберіледі.

Соңғы жылдары химия нары­ғындағы инвестициялық белсен­ді­лік артып келеді. Ай­талық, 2020 жылы ин­вести­ция­лар 84 пайызға (298,1 млрд теңгеге дейін) өскен. Осы жыл­дың жеті айында инвес­тиция көлемі 5,1 есе, 315,6 млрд теңгеге дейін ұлғай­ған. Көрсеткіштердің өсуі Аты­рау облысындағы мұнай-газ-химия кешені құрылысының бірінші кезеңіндегі құры­лысымен байланысты.

О.Әлібеков атап өт­кендей, 2010 жылдан бас­тап индуст­риялық бағдар­ламаны іске асыру химия өнеркәсібін дамытуға айтар­лықтай серпін берген. Осы кезеңде шамамен 5,5 мың жұмыс орны құрылып, 137,1 млрд теңгеге 83 жоба іске асырылған.

KAZHIMPROM Қазақстан химия өнеркәсібі одағының басқарма төрағасы Олег Пак­тың айтуынша, бүгінде Қазақ­станның ішкі жалпы өні­міндегі химия өнеркәсі­бінің үлесі 0,25 пайызға тең. Бұл басқа елдермен салыстырғанда көп төмен. Мәселен, аталған көрсеткіш Ресейде – 2, Әзербайжанда – 5, Өзбекстанда – 1, Кореяда – 1,6, АҚШ-та – 2, Қытайда – 8, Германияда 10 пайыз­ды құрай­ды. Бұл ретте Қазақ­стан­ның ішкі жалпы өнім көле­міндегі химия өнер­кәсі­бінің үлесін 2,5-3 пайызға дейін өсіруге мүмкіндігі бар.

– Саланың дамуын тежейтін негізгі проблемалардың бірі – шикізатқа қол­жетімділіктің шектеулілігі. Соны­мен қатар метанол, аммиак, этилен, про­пи­лен, бензол, этилен тоты­ғы, каус­ти­к­а­лық сода секілді бір­қа­тар базалық хи­­миялық өнім­дерге бизнес­тің қолы же­те бер­мейді. Өңдеу өнеркәсібі жо­ба­­­ларын қолжетімді қар­жы­лан­ды­­ру­­ға қатысты да мәсе­лелер бар. Бұ­­­лар­­ды шешу үшін қол­даныстағы заң­­на­­маға өзге­ріс енгізу қажет. Арнайы эко­но­­­­ми­­­калық аймақтар база­сын­­да және бас­қа да алаң­дар­да мемлекет есебі­нен өнім­­­дер өндірісін ұйымдас­ты­ру керек. Өнер­кәсіпті дамы­ту қоры арқы­­лы қол­­же­тім­­ді қар­жы­лан­д­ыру құрал­­да­рын ұсы­ну, өнеркәсіптік грант­­­тар беру, ғы­­лы­ми-зерттеу және тәжі­рибе­лік-конс­трук­тор­лық жұмыс­тарды қар­жы­лан­дыру арқылы да саладағы мәселелерді шешуге мүмкіндік бар, – дейді О.Пак.

QazIndustry орталығының өкілі Сал­­танат Үйсімбаеваның айтуынша, COVID-19 пандемиясы әлемдік өнеркә­сіптің жағдайына айтарлықтай әсер еткен.