Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов өңірде эпидемиялық жағдайдың тұрақты екендігін және ауру жұқтыру жағдайларының саны азайып келе жатқанын мәлімдеді.
Жыл басынан бері Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 98 898 жағдайы тіркеліп, 90 110 адам жазылып шыққан. Яғни бұл көрсеткіш 91,1%-ды құрайды. Бүгінде облыс «сары» аймаққа енген. Соңғы аптада инфекцияның жаңа жағдайлары 21%-ға төмендеген. Дегенмен, негізгі шектеу шараларының сақталатынын жеткізді спикер.
– Пандемия денсаулық сақтау жүйесін дамыту жоспарларына, оның ішінде қаржыландыру ағынын үйлестіруге түзетулер енгізді. Негізгі күштер мен құралдар әртүрлі ауырлықтағы коронавирус инфекциясы бар науқастарды диагностикалау мен емдеуге арналған инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Сонымен қатар өңірде Ashyq жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Жобаға 12 мыңнан астам кәсіпкер қатысуда. Бұл ел бойынша үшінші көрсеткіш, – деп атап өтті Е.Алпысов.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары коронавирус инфекциямен күресу үшін облыста қысқа мерзімде заманауи емдеу-диагностикалық жабдықтармен жабдықталған түрлі деңгейдегі стационарлар мен емханаларды біріктіретін кластерлік жүйе құрылғанын хабарлады. Жағдай күрделенген кезде облыста 5 679 төсектік орын, оның ішінде 434 реанимациялық орын ашылған. Эпидемиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты қазір төсектік орын қуаты 3 353-ке дейін төмендеді, оның төрттен бір бөлігі ғана жұмыс істейді. Жан сақтау бөлімшелерінде 44 адам жатыр. 25 компьютерлік томография кабинеті жұмыс істеп тұр. Облыстық бюджет есебінен 40 медициналық ұйымда кеуде қуысы ағзалары тобының бастапқы диагностикасы үшін қажетті заманауи цифрлы рентген-аппараттар орнатылған. Облыста жалпы қуаттылығы тәулігіне 15 мың тесттен асатын 10 ПТР-зертхана бар.
Бұдан бөлек, 105 бірлік медициналық жабдық сатып алу жоспарланған. Биылғы жылдың соңына дейін қосымша бес компьютерлік томограф орнату көзделген: оның екеуі қалаларда және үшеуі Жаңаарқа, Осакаров және Қарқаралы аудандық ауруханаларында болады.
Сондай-ақ облыста коронавирус инфекциясына қарсы жаппай иммундау жалғасуда. Спикер өңірде бірінші компонентпен 523 мыңнан астам адам, екінші компонентпен шамамен 465 мың адам егілгенін айтты.
– Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысшылары арасында вакциналаудың жоғары деңгейі ірі инфекция ошақтарының пайда болуына жол бермеді және кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етті. Өткен жылы шахталар, өндірістік алаңдар және кейбір өндірістер жабылған кездер болды. Бүгінгі таңда жағдай түбегейлі өзгерді, вакциналаудың жоғары көрсеткіші ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарға үздіксіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Тек «АрселорМиттал Теміртау» учаскелерінде жұмысшылардың 90%-дан астамы егілді, бұл кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етті, – деді Е.Алпысов.
Брифинг барысында қазіргі уақытта облыста мектептердегі жағдайдың біршама шиеленісіп кеткені айтылды. Оқу жылының басында алғашқы он күнде оқушылар арасында аурушаңдықтың өсуі тіркелген. Дегенмен, спикер білім беру нысандарында санитарлық-эпидемиялық талаптардың сақталуына тұрақты мониторингтік тексерулер жүргізілетінін жеткізді. «Індет жұқтырудың әрбір жағдайы бойынша КВИ одан әрі таралуына жол бермеу жөніндегі іс-шаралар кешені жүзеге асырылады. Қабылданған шаралар соңғы апталарда сырқаттанушылық деңгейін 2,5 есе төмендетуге мүмкіндік берді», деп атап өтті Е.Алпысов.
Қарағанды облысы