• RUB:
    4.82
  • USD:
    443.35
  • EUR:
    475.54
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Қазан, 2021

Жануар да мейірімге мұқтаж

639 рет
көрсетілді

Жануарларға қатыгездік көрсеткендер 120-дан 200 АЕК-ке дейін, ал қайталаған жағдайда 1 мың АЕК-ке дейін немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мұндай жаза «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасында қарастырылып отыр.

Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-ми­нистрі Әлия Шалабекова айтты. Ведомство өкілінің айтуына сүйенсек, заң жобасының арнайы ба­бында жануарларды өлтіру және оның өлекселерімен жұмыс істеу ережелері қамтылған. Атап айт­қанда, жануарларды өлтіруге рұқ­сат берілетін жағдайлар және оны іске асыру кезінде, оның ішін­де ветеринария саласындағы ұлт­тық заңнаманың міндетті түрде сақ­талуы тиіс талаптары анықталды.

«Бұдан басқа, заң жобасында жекелеген санаттағы жануарлар­ды мәдени ойын-сауық және зерт­ханалық мақсатта, сондай-ақ үй жануарлары мен қараусыз қал­ған жануарларды ұстау және қарау кезіндегі талаптар айқын­далды. Сонымен қоса осы салада қоғамдық бақылау институты қарастырылмақ. Жануарларды күтіп ұстау бағытында «қоғамдық инс­пекторлар» ұғымын енгізу ұсынылды. Аталған бағытта қо­ғамдық бақылау жүргізудің дәл­ме-дәл тәртібін уәкілетті орган анық­тайды. Жергілікті атқару­шы органдарға жануарлар пана­лайтын орындар туралы ақпа­раттық сүйемелдеуді қамтамасыз ету, нақты айтқанда, жануарлар­ды иелеріне қайтарып беруге арналған әлеуметтік жарнаманы, сол секілді жоғалған жа­нуар­лардың қожайындарын іздеу және үй жануарларын биотазалаудан өткізу қажеттілігі туралы хабарды ұйымдастыру құзыреті беріледі», деді Ә.Шалабекова.

Вице-министр айтқандай, егер де жануарларға жауапты азамат­тардың қажетті жағдай жасауға мүмкіндігі болмаса, онда олар тір­­шілік иелерін биотазалаумен қам­тамасыз ету керек. Ал 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап үй жа­нуарларына ақылы негізде чип салдыру қажет деді министрлік өкілі.

«Аталған заң жобасында жа­нуар­дың өмірі мен саулығына байланысты азаматтардың жеке жауапкершілігі, оның ішінде әкім­шілік және қылмыстық жа­уапкершілік (жануардың өліміне әкеп соққан құқық бұзушылық үшін жаза қатаңдатылды – 120-дан 200 АЕК-ке дейін, ал қайталап бұзған кезде 1 мың АЕК-ке дейін немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру) қарас­тырылып отыр. Осы ре­форма жануарларға көрсе­тіле­тін қатыгездіктерді тыяды деп санаймыз. Оның ішінде иттер­дің төбелесі, анестезиясыз ве­теринарлық операциялар жүргізу, жануарларды еш себепсіз өлтіру, жануарларды аш қалдырып, уақ­тылы көмек көрсетпеу, сол секіл­ді зақым келтіріп аулау әрі жануар­лардың еті мен майын пайдалануды айтуға болады», деді Экология министрінің орынбасары.

Заң жобасындағы ережелерді іске асыру үшін Қылмыстық кодекске, «Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы» кодекске, сондай-ақ «Жергілікті мем­лекеттік бас­қару және өзін өзі бас­қару туралы», «Ветеринария туралы», «Жануарлар дүниесін қорғау, өсі­мін молайту және пайдалану туралы» заңдарға өзгерістер мен то­лықтырулар енгізуге тура келеді.