• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Қазан, 2021

Аң-құс азықтан тарықпайды

307 рет
көрсетілді

«Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұжымы ақырған аязы, ақтүтек бораны жиі, қауіп-қатері көп қысқа қапысыз қамдануда. Жем-шөп қоры жасалып, аң-құс азықтанатын алаңқайлардағы оттықтар жөнделіп, қажетінше ағаш жапырақтары буылуда.

Соңғы жылдары табиғаттың мінезі күрт өзгеріп келеді. Қыс ішінде қар еріп, жаңбыр жауып, ауыртпалық аң-құстың да алқы­мынан алып тұрған жайы бар. Өткен жылы аузына ілігер азық таппай әбден арықтаған, көтерем күйге түскен еліктердің ел шетіне ілігіп, жол бойын кезіп кеткені әлеуметтік желілерде талай мәрте көрсетілген. Бұл оқиғалар ұлттық парктің аумағында болмаса да, жалпы аң-құстың басына төнген нәубетке пара-пар қиыншылық.

Паркте орман құндызы, бүркіт, тырна, марал, бұғы, елік, қабан тәрізді аң-құс көп-ақ. Арасында саны азайып, жоғалудың аз-ақ алдында тұрғандары да бар. Биыл Көк­шетау төңірегінде ғана емес, еліміз­дің бар аумағында дерлік қуаң­шылық болды. Әйтсе де, қыс­та қар мол жауғандықтан парк аумағындағы алаңқайларға шөп біршама бітік шықты. Демек, тұяқты аңның тебіндеуіне мүм­кіндік бар. Табиғи азықпен қоса, ұжым дайындаған  шөп, жем, жапырақ бумалары қыстап шығуға толық жетерлік. Сәл таратып айтсақ, 302,1 тонна сапалы шөп жиналып алынып, шөмелеге салынды. 239,9 мың дана аң азығына әбден жарайтын балауса жапырақтар буылып, арнайы жаб­дықталған орынға қойылды. Алдағы уақытта 50 тоннаға жуық астық қалдығын және 1,4 тонна тұз сатып алу жоспарлануда.

Сөз арасында ұлттық парк аумағын құстың 219, сүтқоректі аң-құстың 51 түрі мекендейтінін айтар болсақ, жануарлар әлемінің қаншалықты мол екенін аңғарар едік. Қыстың қатал сыншы екенін тағы бір қайталап айта отырып, соңғы жүз жылда сүтқоректінің 2, құстың 5 түрі мүлде жоғалып кеткенін еске сала кетейік. Әрине, ұлттық парк аумағы қазір көздің қарашығындай күзетіледі. Суық қару ұстаған сұғанақтар заңның қаталдығынан тайсалады. Ал қыс – сөзсіз қатер.

– Жаз бойы парк аумағындағы аң-құсты қыстан аман алып шығу үшін жұмыс істедік, – дейді ұлттық парктің басшысы Ербол Сағдиев. – 203 аң азықтанатын оттық, 34 алаңқай жабдықталды. Жемшөп қорын сақтайтын 28 арнаулы орын жөн­деуден өткізілді. Құстарға арналған 8 азық алаңқайы бар. Бұрын­ғыларын жөндеп, оған қоса жаңаларын да салу үстіндеміз.

Ұлттық парк тамылжыған таби­ғатымен ғана емес, сол таби­ғат­тың қойнауын мекен ететін әр­алуан аң-құстарымен де көрікті. Демек, сол байлықтың мұрты бұ­зыл­мауын мұқият қадағалаған ләзім.