Сан миллион жанкүйер тағатсыздана күтіп отырған боксшылардың әлем чемпионатының басталуына санаулы күндер қалды. Бұл жекпе-жектер 26 қазан мен 6 қараша аралығында Сербияның астанасы – Белградта өтеді.
Биылғы біріншіліктің басты ерекшелігі, боксшылар алғаш рет 13 салмақ дәрежесі бойынша рингке шығады. Және де жеңіс тұғырына көтерілген былғары қолғап шеберлері мол көлемде сыйақы алады. Мәселен, АИБА бас жүлдені олжалағандарға 100 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындап отыр. Күміспен күптелгендер 50 000, ал қолаға қол созғандар 25 000-ды қалтаға басады. Ал чемпионаттың жалпы жүлде қоры 2,6 миллион долларды құрайды.
Бокстан әлем чемпионатының тұсауы осыдан 47 жыл бұрын Кубаның астанасы – Гаванада кесілген болатын. Бірақ іштарлық танытқан КСРО құрамасының бапкерлері Бостандық аралына Қазақстанның бірде-бір былғары қолғап шеберін апармады. Жалпы, 1974-1991 жылдар аралығында айтулы жарыстың жалауы алты мәрте желбіреді. Сол бәсекелерге жерлестеріміз де ара-тұра қатысып тұрды. Атап айтсақ, 1978 жылы бұрыңғы Югославияның бас шаһары – Белградта Валерий Рачков өнер көрсетті. 67 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен ол барлық қарсыласын қапы қалдырып, бас жүлдені олжалады. Осылайша, Рачковтың есімі Қазақстанның шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихта қалды.
1982 жылы Мюнхенде шымылдығы түрілген додада Серік Қонақбаев күміс медальды мойнына ілді. 67 кило салмақта күш сынасқан қазақ боксшысы Куба, Италия және Нигерия боксшыларыннан басым түскенімен, шешуші тұста америкалық Марк Бриландтан айласын асыра алмады. Дәл сол жарыста Серік Нұрқазов (57 кило) та өнер көрсетті. Бірақ ол ширек финалда сүрінді. 1986 жылы АҚШ-тың Рено қаласында ұйымдастырылған жарыста Бейбіт Есжанов (51 кило) бақ сынады. Қандасымыз алғашқы айналымда сүрінді. 1989 жылы Мәскеуде жалауы желбірген жарыста Игорь Ружников (63,5 кило) бас жүлдені қанжығасына байласа, Александр Мирошниченко (+91 кило) күміс медальды мойнына ілді. 1991 жылғы жарыс Сиднейде өтті. Бірақ қазақстандық боксшыларға жасыл құрлыққа сапар шегу бақыты бұйырмады. Міне, КСРО дәуірінде дүниежүзілік додада күш сынасу құрметіне ие болған санаулы ғана жерлестеріміз осылар.
Қылышынан қан тамған Кеңес Одағы келмеске кетіп, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан аса ірі халықаралық жарыстарға дербес команда ретінде қатыса бастады. 1993-2019 жылдар аралығында бокстан әлем чемпионатының жалауы 14 рет желбіреді. Сол жарыстарда отандық былғары қолғап шеберлеріміз толағай табыстарға қол жеткізіп, барлығы 46 жүлде олжалады. Тарқатып айтсақ, 12 алтын, 13 күміс және 21 қола медальды иелендік. Енді сол бәсекелерге жеке-жеке тоқталайық.
1993 жыл. Тампере (Финляндия). Қазақстан құрамасы тәуелсіз мемлекет ретінде алғаш рет қатысқан әлемдік додада жалқы қолаға қол жеткізді. Оның иегері – Василий Жиров. 75 кило салмақта күш сынасқан «Балқаштың барысы» жартылай финалда түркиялық Ақын Кулоғлыға есе жіберіп, қола медальды мойнына ілді.
1995 жыл. Берлин (Германия). Неміс жерінде дәл сол Василий Жиров екінші мәрте үшінші орынға табан тіреді. 81 кило салмақ дәрежесіне ауысқан ол америкалық Антонио Тарверден айласын асыра алмады. 51 кило салмақтағы Болат Жұмаділов ақтық сынға дейін алқынбай жетіп, күміс медальды иеленді. Шешуші тұста қандасымыз ринг қожайыны Золтан Лункаға есе жіберді.
1997 жыл. Будапешт (Мажарстан). Бұл жолы да дәл сондай нәтижеге қол жеткіздік. Финалда кубалық Альфредо Дуверхельге жол берген Ермахан Ыбырайымов (71 кило) күміс алса, жартылай финалда ресейлік Ильфат Разяповтың осал тұсын таба алмаған Болат Жұмаділов (51 кило) қоланы қанағат тұтты.
1999 жыл. Хьюстон (АҚШ). Тұңғыш рет қазақ боксшыларына әлем чемпионы атану бақыты бұйырды. Бұл атаққа Болат Жұмаділов (51 кило) қол жеткізді. Даңқты Жамбыл бокс мектебінің түлегі финалда аргентиналық Омар Нарваеске тізе бүктірді. Ақтық айқаста төрешілердің шешімімен түркиялық Синан Самил Самға жеңілуге мәжбүр болған Мұхтархан Ділдәбеков (+91 кило) күміс алса, Ермахан Ыбыраймов (71 кило) қола медальды мойнына ілді.
2001 жыл. Белфаст (Солтүстік Ирландия). Негізгі команда Шығыс Азия ойындарына даярланып жатқандықтан айтулы жарысқа қосалқы құрамдағы боксшылар аттанды. Солардың арасынан Галиб Жафаров (57 кило) суырылып шықты. Финалда түркиялық Рамазан Палианиден жеңілген жерлесіміз күміспен күптелді.
2003 жыл. Бангкок (Таиланд). Тай елінде Галиб Жафаров (57 кило) пен Геннадий Головкинге (75 кило) тең келер ешкім табылмады. Финалда екеуі де айқын басымдық танытты. Галиб Қазақстанда туып-өсіп, кейіннен Германияға қоныс аударған Виталий Тайбертті тізе бүктірсе, Геннадий украиналық Олег Машкинді сұлатып салды.
2005 жыл. Миньян (Қытай). Аспанасты елінде Қазақстан құрамасы 2 алтын мен 3 қола медальды олжалады. Серік Сәпиев (64 кило) пен Ердос Жаңабергенов (81 кило) теңдессіз деп танылса, Біржан Жақыпов (48 кило), Мират Сәрсембаев (51 кило) және Бақтияр Артаев (69 кило) қола медальды мойындарында жарқыратты.
2007 жыл. Чикаго (АҚШ). Америкада үш жүлдеге қолымыз жетті. Серік Сәпиев (64 кило) екінші рет әлем чемпионы атанса, Бақтияр Артаев (75 кило) пен Еркебұлан Шыналиев (81 кило) үшінші орынға табан тіреді.
2009 жыл. Милан (Италия). Апеннин түбегінде жуан жұдырықты жігіттеріміз сүреңсіз өнер көрсетті. Ел намысын қорғаған 11 былғары қолғап шеберінің арасынан Серік Сәпиевтің (69 кило) ғана жүлделі орынды иеленуге күш-жігері жетті. Жартылай финалда ойда-жоқта ресейлік Андрей Замковойдан ұтылған қазақ боксшысы қоланы еншіледі.
2011 жыл. Баку (Әзербайжан). Қап тауы бөктерінде Серік Сәпиев (69 кило) пен Әділбек Ниязымбетов (81 кило) финалға шықты. Шешуші тұста Серік украиналық Тарас Шелестюктен, Әділбек кубалық Хулио Сезар де ла Крустан жеңілді. Ал Ғани Жайлауов (60 кило) пен Иван Дычко (+91 кило) үшінші сатыға жайғасты.
2013 жыл. Алматы (Қазақстан). Алаш топырағында өткен жарыста Қазақ елінің өрендері атой салды. Біржан Жақыпов (49 кило), Мерей Ақшалов (64 кило), Данияр Елеусінов (69 кило) және Жәнібек Әлімханұлы (75 кило) – бірінші, Әділбек Ниязымбетов (81 кило) пен Иван Дычко (+91 кило) – екінші және Қайрат Ералиев (57 кило) пен Берік Әбдірахманов (60 кило) – үшінші орынды иемденді.
2015 жыл. Доха (Катар). Дохада Данияр Елеусінов (69 кило) пен Иван Дычко (+91 кило) күміс медальды иеленді. Финалда Даниярдың мороккалық Мұхаммед Рабийге әлі жетпесе, Иван франциялық Тони Йоканың осал тұсын таба алмады.
2017 жыл. Гамбург (Германия). Неміс жерінде алты сайыпқыранымыз жеңіс тұғырына көтерілді. Қайрат Ералиев (56 кило) алдына жан салмаса, Әбілхан Аманқұл (75 кило) мен Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кило) ақтық айқаста есе жіберді. Ал Ержан Жомарт (49 кило), Абылайхан Жүсіпов (69 кило) және Василий Левит (91 кило) үшінші орынға тұрақтады.
2019 жыл. Екатеринбург (Ресей). Отандастарымыз Орал тауы бөктерінде де алты жүлде олжалады. Бекзад Нұрдәулетов (81 кило) теңдессіз деп танылса, Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кило) финалда сүрінді. Ал Сәкен Бибосынов (52 кило), Абылайхан Жүсіпов (69 кило), Тұрсынбай Құлахмет (75 кило) және Василий Левит (91 кило) қола медальді қоржынға салды.
Міне, Қазақстан боксшыларының әлем чемпионаттарында қол жеткізген табысы осындай. Егер 1993-2019 жылдар аралығындағы нәтижелерді есепке алсақ, жеңіп алған жүлделердің саны мен сапасы жағынан жерлестеріміз жалпы есепте үшінші орында тұр. Алдымызда тек Куба мен Ресей ғана. Қалған елдің өрендері бізден кейінгі сатыларға жайғасты.
Қазақстан құрамасы 14 әлем чемпионатына қатысып, бір рет жалпы командалық есепте жеке-дара көш бастады. Бұл табысқа 2013 жылы Алматыда өткен жарыста қол жеткіздік. Сол кезде отандық былғары қолғап шеберлері 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медальді олжалап, күллі Алаш жұртын қуаныш пен шаттыққа бөлегені де есімізде. Жерлестеріміз 2003 жылы Бангкокте (2 алтын), 2005 жылы Минянда (2 алтын+3 қола), 2017 жылы Гамбургте (1 алтын+2 күміс+3 қола) және 2019 жылы Екатеринбургте (1 алтын+1күміс+3 қола) үш рет үздік үштікті қорытындылады. 1999 жылы Хьюстонда (1 алтын, 1 күміс+1 қола) және 2007 жылы Чикагода (1 алтын+2 қола) озық бес команданың қатарынан көріндік. Тағы төрт рет «ТОП-10» команданың санатына қосылдық: 1995 жылы Берлинде (1 күміс+ 1қола), 1997 жылы Будапештте (1 күміс+1қола), 2011 жылы Бакуде (2 күміс+2 қола) және 2015 жылы Дохада (2 күміс).
1993, 2001 және 2009 жылдардағы әлем чемпионаты жерлестеріміз үшін сәтсіз аяқталды. Олай деуге негіз, осы жарыстарда жалқы жүлдені ғана қанағат тұтуға тура келді. Мәселен, Тампереде Қазақстан тәуелсіз мемлекет, дербес команда ретінде тұңғыш рет осындай барақты бәсекеге қатысты. Ол кезде соның өзін қанағат қылдық. Белфасқа қосалқы құрамдағы жігіттерді аттандырдық. Өйткені, еліміздің бас командасы Осакада алауы тұтанған Шығыс Азия ойындарына қатысты. Сол себепті де бұл сәтсіздіктерге қатты күйіне қойған жоқпыз. Ал Миландағы додаға кіл мықтылар қатысты. Соған қарамастан Апеннин түбегінде Серік Сәпиевтен басқа бірде-бір өреніміз сенім үдесінен шыға алмады.
Иә, осыдан екі жыл бұрын ұйымдастырылған әлемдік додада жерлестеріміздің көңіл көншітерліктей көрсеткішке қол жеткізгені рас. Қос боксшымыз финалға шығып, Бекзат Нұрдәулетов алтын алса, Қамшыбек Қоңқабаев күміске қол созды. Тағы төрт боксшымыз қола медальді еншіледі. Осы жарыста тек Өзбекстан мен Ресейді алға жіберіп, командалық есепте үшінші сатыға жайғастық. Бірақ бұл жолы біздің жігіттерге оңай болмайтыны анық. Себебі, бокс өнері көптеген елдерде қарыштап дамып жатыр. Ал бізде ілгерлеу байқалмайды. Токио Олимпиадасындағы сүреңсіз өнеріміз осы сөзіміздің айқын дәлелі.
Күншығыс елінде сенім артқан саңлақтарымыздың түгелге дерлігі ұтылып, қос қоланы қанағат тұттық. Нәтижесінде әлемдегі ең үздік командалардың бірі саналатын Қазақстан құрамасы қалың топтың арасында қалып қойды. Бұған дейінгі Олимпия ойындарының бірде-біреуінен бас жүлдесіз қайтып көрмеген команда үшін бұл ауыр соққы болды. Оның алдында ғана Дубайда өткен Азия біріншілігінен алтынсыз оралдық. Осы жайттың барлығы көрермендер көңіліне селкеу түсірді. Десек те үкілім үмітіміз әлі де үзілген жоқ. Ең бастысы, бокс еліміздегі №1 спорт түрі екенін естен шығармайық. Сондықтан да Жапониядағы сәтсіздіктің кездейсоқтық екенін гүрзі жұдырықты жігіттеріміз Балқан түбегінде түбегейлі дәлелдеуге тиіс.