• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Қазан, 2021

Қазақтың қайырымдылығы

798 рет
көрсетілді

Жуықта жолымыз түсіп елорданың ескі бөлігіндегі «Сапаржай» автобекеті маңында орналасқан «Қайырымдылық» орталығына бардық. Кіреберістегі қоршау – кеңсенің қасында бір топ адам тұр. Дені – жас­тар. Олар ортаға тасталған тілдей қа­ғаз­дарды бір-бірден суырып әкетіп жатыр. Бұл қағаз-тізімде қалада тұратын же­­тім-жесір немесе жоқшылыққа тап бол­ған кедей отбасылардың мекенжайы жа­зылып, оларға нендей көмек қажет­ті­лі­гі көрсетіліпті. Мұнда жиналған қайы­рымды азаматтар қағазда жазылған тізім ішінен қолайлысын таңдап алып, ша­ма­сы келетін істерге тегін көмек жасау­ға талпынып жатқанына куә болдық.

Тіпті кейбір жігіттер «мына мекенжай  менің үйіме жақын жерде екен, көрші хақысы ұмыт қалмасын» деп, шариғи талап негізінде таңдау жасаса, екінші жақтан тағы біреулер «көмір сұраған адам бар ма екен, мен алайыншы» деп ұмсынып тұрды. Қазақ азаматтардың осы бір қайырымдылығына және бұл шараны ұйымдастырып жүрген бауырларға дән риза болып, көңіл шіркін бір марқайды. Әсіресе, жоғарыдағы «көрші хақысынан» қорыққан азаматқа сүйіндік.

Осы орайда, мына бір тәмсіл еске түседі. Ертеде іргесі түйіскен екі көрші болыпты. Бірі – дәулетті, екіншісі – ыңыршағы шыққан жарлы. Бір күні байдың жалғыз ұлы кедейдің үйіне барса, олар жыпырлаған бала-шағасына ет қуырып беріп жатыр екен. Бірақ байдың баласына дәм татырмайды. Ренжіген ерке ұл әкесіне жылап келеді. «Көршілер өздері қуырдақ жеп, маған ауыз тигізбеді» деп. Бұл расында ыңғайсыз оқиға еді. Ренжіп бай келеді. «Бұның қалай көрші?» дейді түнеріп. Маңдайы тершіген жарлы бейбақ: «Байеке, айып етпеңіз, бірнеше күннен бері балаларым аш. Бүгін таң қараңғысында тұрып, ауыл шетінде өліп жатқан есектің сан етін кесіп әкеліп, оны ыстық суға бірқанша қайнатып арам қаны тазарған соң балаларыма қуырдақ жасап бердім. Бұл біз сияқты кедейге адал есептеледі, ал сіздің балаңыз үшін арам. Сол себепті ұлыңызға дәм татырмадым» дейді. Бұл сөзді естіген байекең сол жерде теңселіп кеткен екен. Дереу үйіне барып, қажылық парызын атқару үшін жинап жүрген қаражатын бұзбай-сызбай жарлы көршісінің қолына ұстатады. «Менің қажылығым осы болсын». Байдың бұл әрекеті тәңір алдында қабыл болыпты. Сол жылы қажылыққа барған таныстары «Байеке, сіз қажылықтан қашан келдіңіз, біз сіздің құбыланың қақпасына сүйеніп тұрған сұлбаңызды бірнеше дүркін көрдік» депті.

Міне, қайырымдылықтың құдіреті. Яки қайырымдылық біреуге қайырым жасау – Алланың алдында ең жақсы амал. Бұдан өткен сүйікті іс жоқ. Қайырым мен мейірім болмаған жерде қоғам қатыгезденеді. Атам қазақтың «Қайраны жоқ көлден без, қа­йы­ры­мы жоқ елден без» дегені тегін емес. Адамзаттың асылы ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Егер Жаратушының алдында абыройым артсын десең қайырым жаса» депті. Яғни бабаларымыздың «Аллаға жағам десең азанды бол, ағайынға жағам десең қазанды бол», дегені тәрізді.

Бұл орайда, кесіп-пішіп айтуға болатын пайым – бүгінгі қазақ сонау тала­пай­ға толы мыңдаған ғасырдың қанды қой­науында жо­ға­лып кетпей, не бір зұл­мат­тан аман шы­ғып, қазіргі күнге жетуі – осы қайы­рым­ды­лығының арқасы. Өйткені қайы­рым­сыз жұрт – қатыгез аң сияқты. Бірін-бірі талап-жеп жер бетінен жоқ болады.

Қазақта қайырымды ісімен өнеге бол­ған тұлға көп. Соның бірі – Шыңжаң-Тарбағатай өңірінде өткен ғасыр орта­сын­да өмір сүрген атақты жомарт Басбай Шолақұлы. Осы кісінің бір реткі қа­йы­ры­мын айтсақ, Башекең 1931-32 жылдары Қазақстанда болған алапат аштық салдарынан Тарбағатай өлкесіне ауып барған қазақтарға арнап, шекера шебіндегі Барқытбел баурайынан бірнеше жерге асхана ашып, аштықтан ауып келген ха­лықты аман алып қалған. Осы аман қалған қазақтар арада 20-30 жыл өткенде, яғни 1950-1960 жылдары қайтадан Қа­­зақ­стан­ға көшіп келіп, соғыстан кейінгі ел экономикасын көтеру ісіне ерекше еңбек сіңірді. Оның сыртында қазақылығы суалып бара жат­қан елдің тамырына нәрлі қан жү­гірт­­ті. Демографтардың есебі бо­йынша осы жыл­дары елге оралған қазақтар ұр­па­ғы қа­зір 2 миллионға жеткен. Егер тәуел­сіз­діктің бір ұстыны – демография де­сек, қайы­рымды қазақ бір Басбайдың ар­қа­сында жыртығымыз бүтінделіп, жоғымыз тү­генделіп отырған жоқ па?!