• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 20 Қазан, 2021

Ақыл алыбы

288 рет
көрсетілді

Адамзаттың алыбы кім десе, қазақ ойланбай «Абай» дейтіні анық. Өйткені оның шөлін басқан кәусар бұлағы, тынысын ашқан жұпар ауасы, жылынар жалын оты, тура жолды көрсететін бағдаршамы, бой түзер құбыланамасы – сол алып ақын. Даналықтың дариясына бір шомылып шықсаңыз, сіздің ғұмырыңызға татитын игілік өзі-ақ іздеп келеді. Суретші Қуаныш Есіркеевтің «Абай» картинасы осыны меңзеп тұрғандай.

Ұлы Абайдың бейнесін әркім әртүрлі көреді, әртүрлі сезінеді. Мұнда тек оның сырт­қы қалыбына емес, ішкі жан-дертіне деген көзқарас жатыр. Ақынның бекзада болмысын жазу-бейнелеу өнеріне ғұмырын арнаған әрбір суретшінің асқақ арманы. Содан да болар, ұлы тұлғаның даралығы мен жан-жақтылығын сипаттайтын көптеген картина жазылып, мү­сіндік және графикалық композициялар жасалды. Әлі де үлкен шығармалар өмірге келетіні дау­сыз. Біз бүгін соның біріне тоқталып отырмыз.

Хакімнің өмірі мен өнегесі қарағандылық суретшісі Қуаныш Есіркеевтің шығарма­шылығына арқау болыпты. Суретші әдет­тегі көшірме портреттерден өзгерек, на­қышы бөлек портрет жазған. Автор кейіпкерін өз қиялының желісімен басқа деңгейге көтерген.

Бұл жерде шығармашылық шабыттың қарқынды процесін анық байқаймыз. Қара­ңызшы, көркем портрет-метафора графикалық түрде орындалған. Қолында қалам мен қағаз парағын ұстаған қазақтың ұлы ойшылы ойға батып отыр. Суретші фондарды әдейі бөлшектеп, пішінді күшейтеді. Кескіндеменің әрбір шеті өзінің реңкімен белгіленген. Көлденең сызықтар қатаң вертикалдарға қарама-қайшы келеді. Бұл да – қызық шешім.

Қылқалам иесі қанық және қою түстерді қолдана отырып композициядағы шиеленіс пен ауыр сезімді арттырады. Ұлы Абайдың ар­тындағы екі бөліктен тұратын фон шынайы әлем мен (оң жақта жасыл-көк түстегі дала көрінісі) шығармашылық кеңістікті (сол жақ­та күрең қызыл түсте) көрсетеді. Бұл – ақыл алы­бының шығармашылық ізденіс кезіндегі кейпі. Жанарына ұялаған ізгілікті қағазға құйып отыр.