• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 22 Қазан, 2021

Қару-жарақты сақтау тәртібі заңмен реттеледі

246 рет
көрсетілді

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі және қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарады.

Бұған дейін аталған құжат Палата отырысында бірінші оқылымда және комитеттер отырыстарында жан-жақты қаралды. Соның нәтижесінде депутаттар заң жобасына енгізу үшін, оның ішінде мемлекеттік сатып алу мәселесіне қатысты өзгерістер мен толықтырулар топтамасын әзірледі.

Нақты айтқанда, сенаторлар бұған дейін заң жобасында белгіленген бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қажетті негіздердің санын қысқарту жөніндегі жаңашылдыққа, осындай сатып алу бойынша тапсырыс берушінің бірінші басшыларының жеке жауапкершілігін арттыруға және тағы басқа басымдықтарға қолдау білдірді.

Сонымен қоса Сенат депутаттары бір компанияның бір құрылыс нысанында инжинирингтік қызметтер мен құрылыс-монтаждау жұмыстарын алу үшін мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін жоюды, сондай-ақ электронды дүкенді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың бәсекелі тәсілдеріне қосуды қосымша ұсынды. Сенаторлардың айтуынша, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және салынып жатқан нысанның сапасын жақсарту үшін маңызды. «Негізгі өзгерістер мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейді. Оның ішінде конкурс өткізу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға баса мән берілген. Заң жобасы мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңайлатып, артық реттеуді жоюға жол ашады. Сол арқылы мемлекеттік сатып алуларды тиімді өткізіп, мемлекет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік аламыз», деді Мәулен Әшімбаев.

Осылайша, сенаторлар қоғамның пікірін ескеріп, жедел әрекет етті. Сондай-ақ заң жобасы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жаңа нормалармен толықтырылды. Атап айтқанда, депутаттар әрі қарай сақтау айтарлықтай қауіп төндіретін және дереу жоюды қажет ететін оқ-дәрілерді анықтау қағидаларын қалыптастыру мәселесін көтерді. «Сенат енгізіп отырған түзетулер қару-жарақты сақтау және оны жою жолдарын реттеуге бағытталған. Бұл – соңғы уақытта еліміздегі қару-жарақ қоймаларында болған трагедиялық жағдайлар қайталанбауы үшін жасалған қадам», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар заң жобасына отандық ғылымды дамытуға арналған жаңа нормалар енгізілді. «Сенат қабылданған түзетулер Мемлекет басшысының ғылым саласын одан әрі дамытуға қатысты тапсырмаларын іске асыруды көздейді. Атап айтқанда, базалық қаржыландыру арқылы еліміздің жетекші ғалымдарына еңбекақы төлеу, іргелі ғылыми-зерттеулер жүргізетін ғылыми ұйымдарды тікелей қолдау үшін қаржыландырудың жаңа түрін енгізу ұсынылып отыр. Бұған қоса, ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру мерзімін үш жылдан бес жылға дейін ұлғайту ұсынылады», деді Сенат Төр-ағасы.

Нәтижесінде, сенаторлар заң жобасын Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.

Бұдан басқа, отырыс барысында «Кас­пий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Каспий теңізін жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, қабылданды. Аталған құжат жөнінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев баяндама жасады.

«Каспий теңізінде көмірсутек шикіза­тының ірі қорларының болуы су айды­нының экологиясы мен биоресурстарын сақтау туралы мәселені өзектендіреді. Хаттаманың негізгі мақсаты – Каспий теңізінің экологиялық таза теңіз ортасына қол жеткізу және сол қалпында сақтау үшін жерүсті көздерінен және құрлықта жү­зеге асырылатын қызметтерден теңіз ортасының ластануын болдырмау, бә­сеңдету, бақылау және барынша мүмкін болатын апаттарды жою», деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, хаттаманың негізгі бағыттары – ең озық қолжетімді технологияларды және табиғат қорғау практикасын пайдалану, оларға қол жеткізу және оларды теңіз акваториясында немесе оның жағалау аймағында тапсыру кезінде шаруашылық қызметті жүзеге асыру.

Сонымен бірге Каспий теңізінің теңіз ортасы мен жағалау маңындағы аудан­дарының физикалық, биологиялық және хи­миялық сипаттамалары туралы, оның ішінде теңіз акваториясына жерүсті көз­дерінен ластаушы заттардың түсу көлем­дері туралы деректер базасын құру және жүргізу көзделеді. Одан бөлек, Каспий­дің теңіз ортасы мен жағалау маңын­дағы аудандарының жай-күйіне, оның жағалау жиегі бойындағы теңіздің ластану деңгейіне тұрақты бағалау жүргізіледі.

«Хаттама бойынша теңіз ортасына әсер етуі мүмкін қызмет түрлерінің тізбесі, сондай-ақ елеулі трансшекаралық әсерді айқындауға ықпал ететін критерийлер айқындалған. Хаттаманың іске асырылуы қоршаған ортаны қорғау жөніндегі халықаралық, өңірлік және трансшекаралық бағдарламаларды қамтитын Экологиялық кодексте көз­делген. Конвенцияға сәйкес, тараптар өздерінің ұлттық заңнамасы бойынша қоршаған ортаға әсерді бағалауды қоса алғанда, Каспий теңізінің теңіз ортасын және жағалау маңындағы аудандарын ластанудан қорғау үшін қажетті іс-шараларға жергілікті билік органдары мен жұртшылықтың қатысуына ықпал етеді», деді С.Брекешев.

Сондай-ақ Сенат депутаттары Палата Спикерінің ұсынуымен Расул Рахимовті Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі қызметіне тағайындады.

Отырыс кезінде депутаттық сауалдар да жолданды. Сенатор Сұлтан Дүй­сембинов еліміздің Премьер-Минис­трінің атына жолдаған депутаттық сауалында Алматы облысының туризм саласындағы проблемаларын атап өтті. Ол Алакөл жағалауының инженерлік инфрақұрылымын дамытудың маңыз­дылығына тоқталды. Оның айтуынша, кейбір жерлерде электр желісіне түсетін ауыртпалық көп болғандықтан электр энергиясының жетіспеушілігі бай­қалады. Алакөлде мобильді интернетке қол жеткізуде де проблемалар бар. «Туристік объектілерде ұялы бай­ланыс операторларының стансалары бол­ғанымен, олардың қуаты бүкіл Алакөл жаға­лауын қамти алмайды. Осы орайда, ұялы байланыс операторлары станса­ларының ауқымын арттыру, туризм объектілері үшін жеңілдікті бағалармен жоғары жылдамдықта интернет желі­лерін жүргізу жолдарын қарастыру керек», деді өзінің депутаттық сауалында Сұлтан Дүйсембинов.

Сенатор Алматы облысындағы тау шаңғысы курорттарын сумен қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді де көтерді. Ол қосылатын нысандар мен келешегі зор тау шаңғысы курорттарының қажеттіліктері үшін су ресурстарына гидрогеологиялық зерттеулер жүргізу қажет екенін атап өтті. Депутаттың айтуынша, мұндай жұмыстар соңғы рет 1985 жылы жүргізілген екен.

Сенатор Қазақстанда туризмді дамы­туға қатысты өзекті мәселелер «Қазақ­стандық ішкі туризмді дамыту – уақыт талабы» тақырыбы бойынша алдағы парламенттік тыңдауда қаралатынын атап өтті.

Сенатор Ақылбек Күрішбаев білім беру нысандарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету сапасына наразы. Сенатор Ішкі істер, сондай-ақ Білім және ғылым министрлеріне жолдаған депутаттық сауалында жақында Ресейдің Қазан және Пермь қалаларында болған қайғылы жағдай оқу орын­дарын қорғауға көп көңіл бөлу керек­тігін көрсетті деп мәлімдеді. Сена­тордың пікірінше, Қазақстанда бұл мәселеде кемшіліктер өте көп. Мектептер мен университеттерді көбіне күзет агент­тіктерінде аз жалақыға жұмыс істей­тін зейнеткерлер күзетеді. Ал кейбір жағ­дай­ларда мұнымен лицензиялары да, дағды­лары да, тәртіп бұзушыларды ұстау үшін арнайы құралдары да жоқ штаттық вах­тер­лер айналысады. «Еліміздің оқу орындарындағы қауіпсіздік жүйесіндегі проблемаларға бұдан әрі көз жұма қарауға болмайды. Себебі таразының басында балаларымыздың өмірі мен денсаулығы тұр. Уәкілетті мемлекеттік орган­дарға осы саладағы істердің нақты жағ­дайына сыни талдау жүргізуді және күзет қызметіне қойылатын талаптарды күшей­туді, жұмысқа кәсіби кадрларды тарту және қазіргі заманғы цифрлы технологияларды, оның ішінде бейнемони­торинг пен бейнеталдауды пайда­лану арқылы еліміздің білім беру объек­тілерінде қауіпсіздік жүйесін түбегейлі қайта қарауды ұсынамын», деді сенатор.

Ақылбек Күрішбаевтың сөзіне қара­ғанда, Сенат депутаттары бұл мәселеге заң­на­малық тұрғыда қолдау білдіруге дайын.