«Жастардың діни сауатын көтеру – бәз біреулер ойлағандай уақытша науқан емес. Бұл мемлекеттік саясаттың өзгермейтін әрі үнемі назарда ұстайтын басым бағыты болуы керек». Жастардың діни білім алу мәселесі төңірегінде осындай ойын ортаға салған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Айна Қабылова «бұл бағытта инклюзивті оқытуды енгізу де білім берудің негізгі бағдарламасына қайшы келмейді» дейді.
Университеттің Әлеуметтік ғылымдар факультеті Дінтану кафедрасының оқытушысы А.Қабылова қазіргі уақытта жастардың дінге қатысты қарапайым білімінің болуы өте маңызды екенін айтады. Сол себепті де профессор жоғары оқу орындары, орта білім беретін кәсіптік-техникалық, маманданған жұмысшы кадрларын даярлайтын техникум мен колледждердің барлық факультеттеріне міндетті түрде дінтану пәнін енгізу керек деген ұсынысын білдірді. «Қазіргі таңда адамзат тарихы бұрын-соңды болмаған діни алауыздық, дау-жанжалдар мен ұлтаралық қақтығыстарға куә болып жүр. Әлем бүгінде осы өткір мәселемен бетпе-бет келуде. Сондықтан да оң-солын енді танып, болашағын енді бағамдап жүрген жастарымыздың санасын теріс арнадан аман сақтау, дәстүрлі дініміздің сабақтастығын сақтап қалу жеме-жемге келгенде үлкен мемлекеттік мәселе екенін ескеруіміз қажет» дейді ол. Жастардың дінге қатысты дүниетанымын кеңейтудің маңыздылығын сөз еткен профессор «бұл бағытта жас буынға білім беру – қауіпсіз кеңістікті құруда қажетті факторлардың бірі» екенін атап өтті.
«Бізде өкінішке қарай, діни көзқарастарды шамадан тыс асыра бағалау тенденциясы жиі байқалады. Бұл дұрыс емес. Сондықтан мұндай көзқарастарға бейтарап күйде, зайырлы этика контексінде қарастыруды әдетке айналдыру қажет. Қалыптасқан догмалар, әдет-ғұрыптар мен дәстүрлердің көздері, қасиетті кітаптар, ғылыми еңбектерді заманауи құндылықтармен сабақтастыра отырып сіңірудің маңызы өте зор. Әрбір жеке тұлғаның дүниетанымы бүкіл әлемді құратын ұсақ объектив ретінде қарастырылып, әртүрлі дүниетанымдардың «ингредиенттерін» сараптай білу де аса қажет. Қоғамдағы дұрыс, салауатты атмосфераны нығайту үшін жастардың діни сауатын, білім деңгейін көтеруге ерекше мән берілу керек. Өйткені бұл – бүгін айтып, ертең аяқтала салатын уақытша мәселе емес. Қазіргі уақытта әлемдегі қарапайым әрі әмбебап сауаттылықты дамытуда жастарымыздың дағдыларды игеруге дайын болуы да аса маңызды. Сол себепті де еліміздегі барлық жоғары және кәсіби білім беретін оқу орындарының факультеттерінде 2 кредиттік дінтану пәнін енгізу керек. Бұл бастама Білім және ғылым министрлігі деңгейінде бұйрық түрінде бекітіліп, барлық оқу орындарына міндетті арнайы пән түрінде берілуі қажет», дейді А.Қабылова.
Профессор А.Қабылованың айтуынша, бүгінде дінге сенетін жастардың саны жыл сайын артып келеді. Сондықтан да бізге деструктивті діни ағымдарға қатысты өткір мәселенің күн тәртібінен түспей тұрғанын ұмытпаған жөн. Бұл жайында профессор: «Жат көзқарасты тез және еркін қабылдайтындардың арасында жастар өте көп. Неге? Өйткені олардың көпшілігінің жалған діни әсерге иммунитеттері тым әлсіз. Оның үстіне діни сауаттылық деңгейлері төмен. Бүгінде интернет пен жоғары технологиялар дәуірінде, ақпарат ағыны толассыз, ал оның әсері мен ықпалы орасан зор. Ең басты әрі бірінші «сүзгі» әр жастың отбасы болуы керек. Әрбір ата-ана өсіп келе жатқан ұл-қызының жүріс-тұрысына, тіпті сөйлеген сөзі мен киім киюіне, қандай да бір оқиға мен жаңалыққа көзқарасы мен айтқан ойына жіті мән бергені дұрыс. Исламдағы дәстүрлі бағыттың қайсысы оң, қайсысы теріс ағым екенін дұрыс түсіну үшін ең алдымен қоғамның көзі ашық болуы керек. Сондықтан да еліміздің әр азаматы бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарап, мемлекетіміздің зайырлы сипаты – Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты екенін түсінуі қажет», деді А.Қабылова. Ойын «Қазіргі жастар дәстүрлі және дәстүрлі емес діндердің ара жігін ажырата білгені дұрыс» деп түйіндеген сарапшы Еуразия ұлттық университетінде өткізіліп келе жатқан діни дәрістердің жалпы мазмұнына да тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде Дінтану кафедрасының қызметкерлері жастардың діни сауаттылығына университет қабырғасында ғана емес, БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы да ерекше ден қойып келеді. «Мұндай бастама ақпараттық ортада діни ахуалдың қолайлы және тұрақты қалыптасуына ықпал етеді» дейді ол.
Ғылыми-тәжірибелік жеке жобаларды жүзеге асырып жүрген кафедра оқытушыларының бірі экстремизге қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы зерттесе, енді бірі дәрістерінде әр студенттен адамгершілігі мол, креативті және сауатты азамат дайындау барысында «ұлттық тәрбие идеалын» насихаттап келеді. Сондай-ақ кафедра ұстаздары «Жастар арасында деструктивті діни сенімдердің таралуы» тақырыбында республикалық деңгейде дәрістер оқып, студенттер арасында азаматтық жауапкершілік, діни келіспеушілікті жеңу, мәдени диалогқа шақыру, рухани және тәжірибелік жетілуде тайм-менеджмент үлгісін ұсынып, мемлекеттік білім беру саясатының заманауи талаптарын сәтті жүргізуде. Бүгінгі жастардың теріс әсерлерге бейім девиантты мінез-құлық көрсететін әртүрлі әлеуметтік және этикалық ортадан шыққан топтармен сауалдама жүргізуде кафедра ұстаздары діни мәдениеттер мен санаттарды түсіну мен сезінуге де көп көмек жасап отыр.
Жастардың діни сауаттылығын арттыру үшін маңызды қадамдар жасалуы керек екенін айтқан А.Қабылова бұл мәселеге қатысты ойын: «Деструктивті сипаттағы жастар субмәдениетін оңдауға бағытталған іс шараларды дұрыс жолға қою керек. Ұстаздарға қолдау көрсету мақсатында Спорт және жастар саясаты департаменті өкілдері жастардың агрессивті, экстремальды көңіл күйінің көріністерін орнықтыру үшін заңнама немесе нормалар аясындағы «жазалау» түрінде емес, қауіпті элементтері бар альпинизм, спидвэй, сноуборд, паркур т.б. экстремальды спорт түрлерін дамыту алаңын құру арқылы, жағымсыз энергияны физикалық дене шынықтыру арқылы сыртқа шығарып тастауға ықпал етсе, оңалуда оң бағытта септігін де тигізер еді» деген қосымша ұсыныстармен түйіндеді.