• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 25 Қазан, 2021

Балқаштан тұз көтерілу қаупі бар

504 рет
көрсетілді

Жыл өткен сайын елімізде табиғи су көздерінің мәселесі ушығып келе жат­қандай. Мәселен, трансшекаралық өзендердегі су көлемінің күрт азаюы биыл ерекше байқалды. Оған Сырдариядағы су ағынының айтарлықтай бәсеңдегені, Жайықтың жылғаға айналуға шақ қалғаны, Ертіс пен Іле өзендеріндегі су мөлшерінің де тиісті деңгейге жетпей отырғаны дәлел болса керек.

Су дауы шуға айналмай шешіле ме?

Қазақстанның ішкі жә­не сыртқы су ресурстарына қа­тыс­ты саясаты ашық әрі нақ­ты бол­ғанымен, бастауын өзге мемлекеттерден алатын ағынды өзен­дерге келгенде ұтылатын тұстар бар. Іргелес 5 елмен табиғи су көздерін бірігіп тұты­ну туралы келісімге қол қой­ған­быз. Өкі­нішке қарай, бұл келі­сімнің бәсі төмендей бастаған сы­ңай­лы. Өйткені ортақ су қорын тұ­ты­ну барысында еларалық құ­жат­­тарда жазылған нормалар жиі бұзылады. Әсіресе, Жа­йық өзеніндегі су мөлшерінің қа­лып­ты деңгейін сақтауға қатысты талап­тарды Ресей тарапы жиі бұзса, Сырдарияның суына қатысты тепе-теңдікті Өзбекстан жағы сақтауға құлықты емес көрінеді. Сол сияқты Іле өзеніндегі су көлемінінің күрт азаюына Қы­тай елі де жауапты. Қырғыз Рес­пуб­­ликасымен арада да шека­ра­лық өзендерге қатысты жиі жиын өтеді. Мәселенің мәні­сі әр елдің экономикалық дамуға деген ұмтылысында жатыр. Яғни өндіріс пен ауыл шаруа­шы­лығының дамуы шикізат пен су қорын да шектеусіз пайдалануға әкелуде.

Ал іргедегі табиғаттың иен тегін байлығы – өзен суын қажетінше іске жаратуға ұмтылуға бәріміз қақылымыз. Бірақ, бұл ұмтылыстың соңы екінші елдің экономикасы мен өңірдің экологиясына кері әсерін тигізетінін естен шығармау керек еді. Еларалық келісімдердің өзі осы мақсатқа орай бекітілмейтін бе еді? Жалпы, бүгінде табиғи су көздеріне қатысты туындаған проблема дүние жү­зін алаңдатып отырғаны анық. Әлем қазір екі бағытта елең-алаң күй кезіп отырған тәрізді. Біріншіден, адамзатты таза ауыз сумен қамту мәселесі күн тәртібінен ешқашан түскен емес, қазір бұл тіптен ушығып, ғаламшардағы ішуге жарамды су қорының азайып кеткені өткір айтылуда. Екіншіден, өзен, көл, мұхит суларының тартылуға бет бұрғаны жайындағы ақпарат та желдей есіп жатыр. Яғни, ғаламшардағы құрғақшылық пен ылғалданудың тепе-теңдігіне зор қауіп төніп келеді екен. Мұның астарында үлкен экологиялық проблема жатқанын да әлем ғалымдары ашық айтып, дабыл қағуда.

Өкінішке қарай, осы су жағдайы Қазақ­станға да шетін мәселе болмай отыр. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар» атты Жолдауында айтылды. «Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ре­сурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тап­шылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет. Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталанды­ру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс. Су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 каналды қайта жаңғыртуға кірісеміз. Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жам­был, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынады. Бұл – ауқымды жоба. Бірақ біздің қолымызда қажетті ресурстың бәрі бар...» деген бо­латын Президент өз Жолдауында.

Мәселенің түйіні Жолдау жүктеген мін­­деттің орындалуына қатысты Үкімет қол­ға алған жұмыстар аясында шешіле ме? Бәл­кім, көрші елдермен арадағы өзен суын бірігіп қолдануға қатысты келісімдердің кейбір тұстары қайта қаралып, арнадағы су көлемін азайтпау туралы оңтайлы шешім қабылданар. Әйтпесе, су тапшылығы кесі­рінен егістігі қурап, өнімі күйіп кеткен қа-­­­­ зақ шаруасының жанайқайы жетіқат ас­пан­­ға жетіп болды. Бір жағынан бұл эко­но­­­микалық мәселе екені анық. Ал арналы өзен­­дердегі су мөлшерінің қалыпты дең­гей­­де сақталмауы тағы бір өткір пробле­ма­ны ушықтыра түсуде. Яғни дәл қазір Қазақ­­станда су көздері төңірегінде пайда бол­­ған экология қаупі де жоғарылап келеді...

Су деңгейі қаншалықты азайды?

Трансшекаралық өзен суының кеміп кетуінен зардап шегіп отырған табиғи байлық көзінің көш басында Балқаш көлі тұрғаны анық. Жалпы, еліміздің ғана емес, әлемнің інжу-маржанына айналған айдын төңірегіндегі экологиялық проблема біздің жиі айналып соғатын тақырыбымызға айналып келеді. Бұл бағытта соңғы 2 жыл көлемінде онға жуық мақала жария­лап, мәселені билік пен бұқара назарына ұсы­нып келеміз. Газет көтерген тақы­рып­қа орай Парламент Мәжілісінде депутат­тық сұрау салынып, Іле өзеніндегі су дең­гейінің азаюына қатысты фактор Үкімет деңгейінде қаралды.

Көл суының көзге көрінбей азайып келе жатқаны белгілі. Мұны эко­­­лог­тер мен гидролог мамандар ғана емес, су жа­­­ғалай қонған байырғы жұрт та жыр қы­­лып айтады. Мысалы, Алматы облы­­сының екі аймағы – Балқаш және Қа­ра­тал ауданының тұрғындары кейінгі жыл­дардағы өзгерісті анық сезініп отыр. Екі аудан­да да егін шаруашылығы, оның ішін­де күріш егістігі жақсы дамыған. Ба­лық аулау ісі де қарқынды жүреді. Көлге құя­тын өзен суларының азаюы өңірдегі егістік ал­қап­тарының көлемін қысқартуға дейін әкелуде. Ал көл суының жағалаудан шақы­рымдап алыстауы балық аулауға қиын­дық туғызып отырған көрінеді.

Мысалы, Балқаш ауданындағы Ақ­дала массивінде күріш өсірумен айналы­сатын ірі шаруашылықтардың бірі – «Тамшыбұлақ» серіктестігі. Шаруалар биыл небәрі 1 350 гектарға ақмаржан егіпті. Ал су мол жыл­дары күріш алқаптары 2 200 гектарға дейін жеткен екен. Жылдан жылға су тапшылығы сезіліп, шауашылық егістік көлемін азайтуға мәжбүр болып отыр. Бұл жерде екі мәселе бар. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр­ған серіктестіктің табысы кеміп, жұмыс­шыларды қысқартуға дейін барып отыр­ғаны бір мәселе болса, бос қалған күріш атыздары сорланып, кәдімгі тұзды алқапқа айналып барады.

– Бұрын қолданыста болған алқап­тар­ды жылда суарып, тұзын шайып тұр­маса тұздың көтеріліп кету қаупі бар деп ойлаймыз. Тура Аралдағы жағдай қай­таланып отыр. Өйткені бірнеше жыл қарал­май қалған жерге сор жиналып, тұз­данып қалады. Сол үшін біз алқапты су­мен шайып, басқа дақыл егуге көшіп жатырмыз. Өнімділік аз, әрине, бірақ, бос тастап қойсақ, мүлдем ештеңеге жарамайтын жерге айналады. Науқан кезінде біздің шаруашылықтағы жұмысшы саны жүз адамға дейін жетеді. Маңайдағы тұрғындардың басым бөлігі осы күрішпен жан бағып отыр. Айына 400-500 мың теңге жалақы алатындар бар. Жалпы, ауданда біз сияқты 40 шаруашылық күріш егумен айналысады. Өнімді тазартып, ақтайтын бірнеше зауыт та бар. Жылына 30 мың тонна ақмаржан өндіреміз. Басқа дақылға ауысудан гөрі жаңа технологиялар енгізу тиімдірек болар еді. Үкімет осы мәселеге назар аударса, – дейді балқаштық шаруа Мұстафа Қалиев.

Шаруа сөзінің жаны бар. Жер қыр­ты­сының сорланып, тұзға айналуы эко­логиялық қауіпке айналып отырғанын мамандар да жоққа шығармайды. Болжам бойынша аумақтағы тұзды тозаң мен көмірқышқыл газының көп мөлшерде жиналуы Алатаудағы мәңгілік мұздықтар­дың жаппай жібуіне әкеліп соғады. Қазір­дің өзінде Іле Алатауындағы мұздар еріп, тау­дағы су қоймаларына жиналып жатыр-мыс. Әрине, бұл мәселе тыңғылықты зерт­теуді қажет етеді.

Биыл Балқашқа құятын Іле өзеніндегі су көлемінің деңгейі қалыпты жағдайда болғаны жайында ақпарат бар. Яғни көлге құйылатын су көлемі айтарлықтай азаймаған. Бір қызығы, бұл факторға Қытайдан ағып келетін өзеннің баста­у­ындағы су қорының түк қатысы жоқ екен. Іле суының көбеюіне Алатау мұздық­тарынан бөлінген ылғал тікелей әсер етіп отырған көрінеді.

– Балқаштағы су деңгейі негізінен Іле өзені арқылы келетін суға тәуелді. Нақты айтқанда, жыл сайын Іле арқылы қанша көлемде су қосылады, Балқаштың аумағы да соншалықты толығып тұрады. Демек көл көлемінің соңғы жылдары күрт қысқаруының себебін Іле өзенінің бастауынан бөлінетін судың кемуінен іздеу керек. Әзірге су тапшылығының алдын мұздықтардан еріген су көлемі алып тұр. Алатаудағы мұздықтар мәңгілік емес, жылдар өте еріп таусылады, – дейді «Табиғат» экологиялық одағының бас­шысы Мэлс Елеусізов.

Өкінішке қарай Балқаш көлінің эко­логиялық қаупін анықтап, Үкімет наза­ры­на ұсынып отырған мекемелердің жұмы­сын­да бірізділік жоқ. Оның үстіне соңғы 14 жыл көлемінде көлге қатысты кешенді зерттеу жұмысы жүргізілме­ген көрінеді. Яғни көл суының жыл са­йын қаншалықты азайғанын тап басып айту қиын. Ал ашық дерек көздеріне жүгінсек, Балқаш көлінің су көлемі теңіз деңгейімен салыстырғанда 342,8 метр­ге дейін төмендеген. Бұл – 2012 жылғы дерек. Жалпы, соңғы 2 мың жыл бойы теңіз деңгейінен 346 метрдей жоғары қалпынан айнымаған көлдің тереңдігі өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап төмендеуге бет алыпты. Қазір судың дең­­гейі бұрынғы ернеуінен 3-4 метр­ге дейін құл­дилағаны айтылады. Бірақ елі­міз­дегі Жағрапия және су қауіпсіздігі мәсе­­лелерін зерттеу жөніндегі ғылыми инс­­­титуты директорының орынбасары Саят Әлімқұлов бұл пікірмен келіспейді. Ма­ман­ның айтуынша, Балқаш көлінің су деңгейі қалыпты мөлшерде тұрған көрінеді.

– Балқаштың көлемі 2000 жылдан бері бір деңгейде тұр. Жалпы, көл суын есеп­теуде Балтық теңіз жүйесі биіктігін назар­ға аламыз, салыстырмалы түрде қара­ғанда қазір көлді қалыпты деңгейде деу­ге болады. Судың азаюы 1987 жылы бай­қал­ған, ол кезде деңгей 16 мың шаршы ша­қы­рымға дейін төмен түскен екен. Қазір 18 мың шаршы шақырымға дейін азайған күннің өзінде қауіпті шекке жетті деп айтуға болмайды, – дейді ол.

Алайда географ Наталья Ивкинаның көл суының деңгейін анықтауға қатысты өз уәжі бар. Маман 1941 жыл мен 2020 жыл аралығында Балқаш көлінің су көлемі жөнінен бірнеше рет өзгеріске түскенін, су тартылып, қалпына келген сайын ондаған метр аумақтың құрғақ аумаққа айналып отырғанын айтады.

– Қазіргі дерек бойынша көл суының деңгейі 342,5 метр шамасында. Бұл ғылыми көзқарас тұрғысынан қалыпты бол­ғанымен, табиғи үрдіс өз қажетіне қарай сұ­ранысты арттыруы мүмкін. Яғни аумақтағы флора мен фауна бәрібір өзгеріске түседі. Өсімдіктердің бейімделу кезеңінде көптеген түрі жойылып кетеді. Бұл осы маңдағы аң-құстардың түріне де қатысты. Бұған шаруашылық факторын қосыңыз. Қазір егістіктер бос қалып жатыр. Су жетіспейді дейді. Рас, бұрынғыдай мол су енді жоқ. Жаңа технология қолданып, егістіктен өнім алуды жалғастыру керек. Қараусыз қалған жерге қурай өсіп, тұз жиналады. Қазір Балқаш жағасындағы батпақтың құрғауынан бөлінген тозаң Алатауға жетіп, сіңіп жатыр. Бұған Аралдан ұшқан тұзды тозаңды қоссаңыз, түбінде Алматы маңында қар мен мұз қалмайтын болады. Бұл бәрімізді ойландыруы тиіс, – дейді ол.

 

Алматы облысы