• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 25 Қазан, 2021

Банк секторын қандай қауіп-қатер күтіп тұр?

793 рет
көрсетілді

Қазақстанның банк секторын күтіп тұрған қатерлер мен тәуекелдер бар. Бұл туралы «Финансовые институты» S&P Global Ratings тобының директоры Ирина Велиева экономика, ұжымдық және банк секторының өзекті даму тенденцияларына арналған конференция­да айтты.  

Сарапшының айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан экономикасындағы банк секторының рөлі біршама азай­ған. Қазіргі кезде ішкі жалпы өнімдегі несиелердің пайыздық қатынасы 23-25 пайыз деңгейінде екен.

«Банк жүйесінде ерте ме, кеш пе әйтеуір несие белсенділігінің өсетінін түсінеміз. Қазірдің өзінде бөлшек сегмент пен шағын және орта бизнесте портфель өсімі болып жатыр. Тиісінше біз секілді рейтинг агенттігі үшін бұл өсімнің берік болуы, активтер сапасына қатысты проблемаға әкеліп соқтыра ма, жоқ па, соны түсіну өте маңызды. Сондықтан несие тәуекелі жақын уақытта рейтинг агенттігінің басты назарында болады. Екінші тәуекелге банк жүйесі ғана емес, бүкіл Қазақстан тап болды. Бұл – COVID-19 пандемиясы. Макроэкономикалық және пандемияға қатысты ахуал әлі де белгісіз болып отыр. Коронавирус жаңа штамдарының шығуына байланысты сценарий теріс әсермен өрбуі де мүмкін», дейді сарапшы.

И.Велиева назар аударған үшінші жағдай – банк секторының цифрлы трансформациясы.

«Қазақстан әлемдік үдерістер бағы­тында келеді. Бұл бір жағынан банк­терге бәсекелестік қысым тудырады – дәстүрлі банк бизнесімен ай­на­лыспаған технологиялық компания­лар түріндегі жаңа ойыншылар шығады. Цифрландыру кезінде туындайтын тағы бір тәуекел – кибершабуылдар алдындағы дәрменсіздік. Бұл – өте жаңа тәуекел, оның табиғаты әлі де түсі­ніксіз. Кибершабуылдар қаржы инс­­титуттарының тұрақты операция­лық қызметін оңай бұза алады», дейді агенттік басшысы.

Оның айтуынша, төртінші тәуекел – әлем бойынша инвесторлар үшін өзекті саналатын ESG (Environmental, Social, and Corporate Governance) факторымен байланысты. Бұл – корпоративті басқару факторы деп түсіндіреді сарапшы.

«Несие тәуекелдеріне байланыс­ты тәуе­келдер көп жағдайда қарыз алу­шы­ның нашар қаржылық жағдайы­на байланысты емес, банктің өзінің ұжымдық басқару, ұжымдық конфликт және қарапайым ғана қарызға қызмет көрсетуінің төмен деңгейімен байланысты», дейді И.Велиева.

Сондай-ақ ол алдағы бір-екі жылда Қазақстанның тәуекелі төмен топқа ауысуы мүмкін екенін де мәлімдейді. S&P өз анализі аясында барлық елде банк жүйесін 1-10 аралығында шкаламен бағалайды. 1 – банк жүйесінің аз тәуекеліне тап болғанын растаса, 10 – тәуекелдің әлдеқайда жоғары дең­гейіндегі елдер. «Қазақстан тәуекел­дің жоғары деңгейін көрсетіп, 9-топта тұр. Дегенмен біз жақсару үрдісін байқап отырмыз және алдағы бірер жылда тәуекел деңгейі төмендейді деген үміт бар» дейді.

Ол елдегі проблемалық несие үлесі біраз азайғанын, қазақстандық банк­тер пандемия қиындықтарынан сабақ алғанын және тығырықтан сәтті шыға білгенін жеткізді.

«Бұл ретте банктердің қабілетімен қатар Үкіметтің экономика мен секторды қолдауға бағытталған шаралары маңызды рөл атқарды. Сонымен қатар пандемия алдында несие динамикасы онша белсенді болмады. Соның нәтижесінде тәуекел саны да аз болды. Осыдан бірер жыл бұрын біз қазақстандық банк секторында жұтылу мен қосылу жағдайлары көбейеді деп болжаған едік, ал қазір ол болжамның орындала қоймасына көз жете бастады. Алдағы 12-18 ай көлемінде банктерден лицензия қайтарып алу әрекетінің де бола қоймайтынын атап өткім келеді», деген ой айтады сарапшы.

Конференция кезінде И.Велиева қазақ­стан­дық банктердің табыс табу тұр­ғысынан кейбір еуропалық нарық­тар­дан да көш ілгері екенін жеткізді.

«Қазақстанда банктердің опера­циялық тиімділігі ЕО елдерінен де жоғары. Дегенмен елдегі барлық банк бір деңгейде емес. 2-3 ірі банк табыс­тың 60-70 пайызын тауып отыр. Соған қарамастан жалпы операция­лық тиімділікті оң бағалауға болады», дейді.

2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі дерек бойынша қазір елімізде 23 екінші деңгейлі банк жұмыс істеп жатыр.