• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Медицина 27 Қазан, 2021

Әр бесінші науқас дәрігерге дерті асқынғанда келеді

231 рет
көрсетілді

Бүгінде Алматының онкологиялық орталығында 27 мыңнан астам науқас есепте тұр. Бірақ бұл көрсеткіштің жыл сайын өсіп жатқанынан шошынудың қажеті жоқ. Яғни қатерлі ісікпен сырқаттанғандарды дер кезінде анықтау ісі жақсарып келеді және уақтылы тағайындалған ем-дом пациенттердің өмірін ұзарта алады.

Ал Алматы қаласына еліміздің басқа өңірлерінен келіп тіркелген 560 онкологиялық науқас бар. Бұл былтырғы көрсеткіштен екі есе көп. Өкінішке қарай, дер кезінде дәрі­герге жүгіне алмаған немесе қа­рау­­сыз қалған әрбір бесінші пациент дерті асқынғанда мегаполис маман­­дарына келген. Былтырдан бері күр­делі эпидемиялық ахуалға тап бол­ға­ны­мызға қарамастан, жыл басынан бері әрбір пациентті емдеу барлық ереже бойынша жүргізіліп жатыр.

«Алматыда жылына обырға шал­дық­қан 4 мыңнан астам пациент анық­талады. Қатерлі ісік ауруының даму қаупі салмағы артық, созылмалы кеселдері бар, иммунитеті төмен адамдарда жоғары болады. Сонымен қатар темекі шегу, ішімдікке салыну, фаст-фуд, газдалған сусындар, артық салмақ, тотығуды теріс пайда­лану, сондай-ақ газдану, радиация және тұқым қуалайтын факторлар онкологияның дамуына үлкен әсер етеді», дейді Алматы онкологиялық орталығының директоры Нұрсұлтан Ізбағамбетов.

Онколог-маман аталған орталық­тың жұмысы туралы айта келе, жыл басынан бері мегаполисте онкологияның 3 317 жаңа жағдайы анықталғанын атады. Бұл ретте ауру құрылымында бірінші орында сүт безі обыры, екінші орында – тоқ ішек, үшінші орында – өкпе обыры, төртінші орында – асқазан обыры, бесінші орында аналық без обыры тұр.

«Егер онкологиялық науқас коро­на­ви­рус инфекциясын жұқтырса, онда алдымен осы дертке емдеу жүр­гізіледі. Науқас емделіп шыққан соң онкологиялық орталықта ем алады», дейді орталық директоры.

Онколог дәрігерлер науқастардағы COVID-19 салдарынан иммунитеттің төмендеуі емдеуді қиындататынын жасырмайды. Сондықтан олар пациенттерге денсаулықтарына байла­нысты вакцина түрлерін ұсынып отыр. Вакцинаның бірінші және екін­ші дозаларын енгізу кезінде онко­логиялық ­ауруды емдеудің басталу мерзіміне әсер етпеуі үшін вакциналау мерзімдері есептеледі.

Онкологиялық орталық заманауи медициналық құрылғылармен жаб­дықталған, жылына 2,5 мыңнан ас­там операция жасауға қабілетті. Соны­мен қатар операциялардың 50%-дан астамы лапароскопиялық әдістер­мен жүзеге асады, яғни пациенттің ағза­сына ота барысында зақым өте аз бо­лады.

«Биыл емделген пациенттердің саны – 13 256 адам, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 мыңға көп. 2 мыңнан астам күрделі ота жасалды. Скринингтің және онкологиялық нау­қастарды ерте диагностикалаудың, сондай-ақ емдеумен 100 пайыз қам­тудың нәтижесінде қатерлі ісіктен бола­тын өлім-жітім көрсеткіші 10,6 па­йызға төмендеді», дейді орталық директоры.

Мамандар жүргізіліп жатқан скринингтердің өте маңызды рөл атқа­ратынын ұдайы айтып келеді. Бірақ бұл қалың бұқараға қандай жолдармен жеткізіледі, насихаты мен тиімділігі қандай десек те, осы тексерулердің нәтижесінде 148 адамның аталған дертпен жүргені және 9 304 обыр алды жағдайы анықталды.

«Бұл жерде қатерлі ісік ауруының 90%-ы аурудың 1-2 сатысында скрининг арқылы анықталғанын атап өткім келеді. Әрине, мұндай жағдайларда емдеу тиімдірек және толық емдеуге қол жеткізуге болады. Сондықтан скринингтен өту маңызды. Қатерлі ісіктің соңғы сатыларында емдеу қиынға түсіп, болжам нашарлайды», дейді орталық басшысы.

Сонымен қатар онколог-дәрігер­лер пациенттердің үйіне келіп, көмек көрсетеді, биыл 3 436 мобильді бригада шұғыл шақыруларға шыққан. Бірақ қалайда дертті асқынды­рып алмау үшін онкологтар қала мен ел тұр­ғындарын емханаларда тегін скринингтен өтуде белсенділік таны­туға, жыл сайын флюорография каби­нетіне және қарайтын бөлмеге баруға, өздерінің жеке денсаулық жағдай­ларын бақылауға шақырады.

«Егер қаны аздық, көкжөтел және қан араласқан қақырық, нәжіс, зәр, сүт бездерінің, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, шаршау әрі салмақ жоғалту, денедегі қалдардың өзгеруі сияқты басқа да белгілер байқалса, уақытты оздырмай, бірден онкологқа жүгіру керек. Бұрынға қарағанда, онкологиядан болатын өлім-жітім 10 пайызға төмендегенімен, жыл са­йын әлемде 18 млн-нан астам адамнан қатерлі ісік табылады», дейді Н.Ізмағамбетов.