ИТАКА. Глазгодағы Біріккен Ұлттар Ұйымы ұйымдастырған Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы (COP26) қарсаңында алаңдаушылық та, үміт те басым. Алаңдаудың себебі қасақана «соқырларды» қоспағанда, бәріміз планетаға тигізіп жатқан зиянымызды көріп отырмыз. Өрт, су тасқыны және теңіз деңгейінің көтерілуі бүкіл әлемді елегізетеді. Қоршаған ортаның бұзылуы, соның салдарынан туындаған қақтығыстар босқындар санын жаппай көбейтеді.
Бірақ үміт те бар. Себебі адамзат тап келген қиындықтың ауқымын аңғаратындар жетерлік. Солардың бірі – талайдан бері әрекет етуге шақырып жүрген экологиялық белсенді Грета Тунберг. Содан шабыт алған Еуропалық одақ 2050 жылға қарай қарт құрлықты көмірқышқыл газын шығармайтындай етуді көздейтін «Еуропалық жасыл келісім» қабылдады.
АҚШ та осы ғасырдың ортасына қарай парникті газдар шығарылымын жоюды мақсат етіп отыр. Таяуда ел билігі дамушы елдерге климаттық дағдарыспен күресуіне бөлетін қаржысын жылына 11,4 миллиард долларға дейін ұлғайтатынын мәлімдеді. Кейбір АҚШ заң шығарушылары, атап айтқанда, Өкілдер палатасының депутаты Александрия Окасио-Кортес пен сенатор Эд Марки «Жасыл жаңа келісім» қабылдауды ұсынады. Бұл құжат ел экономикасын қайта құруға жол ашып, АҚШ-тың көмірқышқыл газы шығарылымын төмендетуге мүмкіндік бермек.
Дегенмен осындай күш-жігерге қарамастан, климаттың өзгеруімен күресті кеш бастадық. Егер адамзат динозаврлардың күйін кешпесін десек, іс-қимылдарымызды жеделдетуіміз керек. Климаттық дағдарыс – жаһандық мәселе, әлемнің бүкіл елінің бірлесе әрекет етуін талап етеді. Бірақ көптеген дамушы мемлекет, соның ішінде климаттың өзгеруінен қатты зардап шегетіндерінің аталған дағдарыспен күресуге қаржылай мүмкіндігі жетіспейді. Кейбір дамып келе жатқан елдер, соның ішінде Оңтүстік Африка және Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияның көп бөлігі көмірге тәуелді. Олар жасыл энергетикаға жедел ауысуы керек.
Сондықтан барлық елдің мәселені оңтайлы шешуге өз үлесін қосуына жәрдемдесу үшін қаржылық және ғылыми қолдау жүйелерін қамтамасыз ететін ұжымдық міндеттеме қажет. 200-ге жуық елден қолдау тапқан 2015 жылғы Париж климат келісімі – дипломатиялық жетістік. Бірақ Парижде келісілген жаһандық жылынуды өнеркәсіптік индустрияға дейінгі деңгеймен салыстырғанда 1,5º цельсий көлемінде сақтауға қол жеткізу өте қиын.
Глазгодағы жиын шынайы әрекетке бастай ала ма? Жақында Тунберг «басшылар ананы істейміз және мынаны істейміз деп айтады... Содан кейін олар ештеңе істемейді» деп ескертті. Көшбасшылардың климаттың өзгеруіне қарсы күресуіне көңілі толмайтындар тек жастар ғана емес. Ұлыбритания патшайымы Елизавета II де осындай пікір білдіріп, «олар сөйлегенде ашуыңды келтіреді, бірақ олар түк бітірмейді» деді.
Мұндай үмітсіздік табиғи нәрсе. Климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл әлі де сөз күйінде қалып отырғанын көргенде айтылғанның бәрі екіжүзділік пе деп еріксіз таңғаламыз.
Бірақ олай болмауы тиіс. Егер өмір сүруге жарамды планетаны болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдырғымыз келсе, әр адамның әрекеті мен топтың іс-қимылының арасында неліктен алшақтық болатынын түсіну өте маңызды. «Тұтқын дилеммасы» секілді ойжұмбақтар өзімшіл шешім қабылдаудың зиянын көрсетеді. Климаттық дағдарысты жоюға қажетті шешім мен міндеттемені орындау саясаткерлермен бірге әлеуметтік сала ғылымдары мен моральдық философтар үшін де басты мәселе.
Неоклассикалық экономика түсінігіне қарамастан, заманауи экономика жеке тұлғалардың әрекетімен ғана басқарылатын жеке емес нарық ретінде жұмыс істемейді. Керісінше, Мариана Мацзукато өзінің «Экономика миссиясы: Капитализмді өзгертуге арналған кезең» кітабында атап өткендей, нарықтар «ұйымдық мінез-құлыққа, өзара әрекеттесуге және институционалды қалыптастыруға әсер ететін ережелерге, нормаларға және келісімшарттарға негізделген».
Сондықтан ұжымдық әрекетті жеке ниеттердің жиынтығымен теңестіру қате. Адамдар климаттық апаттың алдын алу үшін бәрін жасағысы келетінін айтып, бірақ аз жұмыс істесе, бұл екіжүзділік болмауы мүмкін. Олар «Грета дилеммасына» тап келуі ықтимал.
Мұндайда бір топ адам іс-әрекеттерінен келетін экологиялық залал болашақ ұрпаққа қалай зиян тигізетінін ойламай, бастапқыда өз мүдделерін көздейді. Адамдардың қоршаған орта жөніндегі түсінігі кеңейіп, түзету шараларын қабылдаса, дәстүрлі экономикалық модельдер болашақ ұрпақтың әл-ауқатының жақсаруына әкеледі.
Бірақ қазіргідей күрделі, бір-біріне стратегиялық тұрғыда байланған әлемде нәтиже басқаша болуы мүмкін. «Грета дилеммасына» сүйенсек, парадокс болса да, қоршаған ортаның қамын ойлайтын саналы адамдар ұжымдық түрде экологияға көбірек зиян келтіруі ықтимал. Осы секілді М.Эшер мұндай топты өздері іздемеген мақсатқа жетуге талпынған жеке қадамдардың тоғысуы деп сипаттайды. Осылайша, ізгі ниет болашақ ұрпаққа көмектесудің орнына оларға зиян тигізеді.
Рас, бұл дилемма парадоксты көрсету үшін әдейі ұйымдастырылған. Бірақ бұл адамдардың өзара әрекеттесуінің стратегиялық негіздеріне көбірек көңіл бөлу керек екенін көрсетеді. Сол арқылы қазіргі күрделі жаһандық экономикада климаттық апаттың шегінен шығуға көмектесетін саясатты әзірлей аламыз.
Бұл шектеулі академиялық дәлел сияқты көрінуі мүмкін, бірақ олай емес. Егер Тунбергтің ниетін жүзеге асырғымыз келсе, баршамыз, соның ішінде көшбасшылар қажетті саясат қалыптастырып, институттар құру үшін «Грета дилеммасын» негіз ретінде пайдалануымыз керек.
Каушик БАСУ,
Дүниежүзілік банктің бұрынғы бас экономисі және Үндістан үкіметінің бас экономикалық кеңесшісі, Корнелл университетінің экономика профессоры және Брукингс институтының ғылыми қызметкері
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org