Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында елордада «ТеатрALL» халықаралық театр фестивалі өтті. 28 қазан мен 3 қараша аралығында астана халқы мен шаһар қонақтарына таңғажайып театр думанын сыйлаған өнер мерекесін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырды.
«Тамаша жоба жалғасын табады»
«Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тамаша бастамасының өзектілігі мен маңызы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында тіпті арта түскендей. Өйткені егеменді Қазақстанның уақыт ағзам алақанындағы сындарлы 30 жылдық тарихы тікелей мәдениет һәм ұлттық өнерімізбен де тікелей байланысты екендігіне ешкімнің таласы болмаса керек. Қайталанбас өнерімен төрткүл дүние назарын өзіне бұрғызып, шартарапты таңдай қаққызып жүрген небір дүлдүл дарындардың таланты бүгінде тәуелсіз мемлекетіміздің мерейін асырып, абыройын биіктетіп, сындарлы елдің сырттағы беделін асқақтатып келе жатқанына тарих куә. Тәуелсіздіктің 30 жылдығының құрметіне ұйымдастырылып отырған айтулы театр фестивалі де осы жемісті жобаның сәтті жалғасы болса керек.
Иә, бүгінде астанамызды шартарап мәдениеттің ордасы деп танып жатса, ол – мәртебелі өнердің арқасы. Пандемияға байланысты біраз уақыт тоқырап, тоқтап тұрған театр тынысы қайта ашылғандай. Оның айқын айғағы – бір апта бойы Арқа төрін думанға бөлеген «ТеатрAll» халықаралық театр фестивалі. Е.Брусиловскийдің әйгілі «Қыз Жібек» операсымен шымылдық түрген театр тойы шын мәнінде өнердегі үлкен жаңалық болғаны анық.
– Фестивальдың негізгі міндеті – әртістеріміздің, театрларымыздың шығармашылық әлеуетін біріктіру. Әу баста республиканың бүкіл 56 театрының басын елорда төрінде қосу, еліміздің барлық өңірінен ұжымдарды шақыру идеясы болды. Алайда шектеулерге байланысты бұл ойымызды орындай алмадық. Бірақ бір қуантарлығы – бұл фестивальды жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз. Келесі жылы әлем бойынша эпидемиялық ахуал тұрақтанып, жағдай жақсарған кезде еліміздің барлық өңірінің басын қосып, халықаралық деңгейде театр фестивалін өткізе аламыз деп үміттенемін. Біраз шетелдік театр әкімдік пен Мәдениет және спорт министрлігіне хат жазып, фестивальға қатысқысы келетін ниетте- рін білдіріп жатыр. Сондықтан ұсыныстарды ескеріп алда айтулы шараның ауқымын кеңейтіп, Арқа төрінде төрткүл дүние театрларының басын қосамыз деген мақсатымыз бар. Тамаша жоба жалғасын табады. Бұл – ұлттық өнеріміздің өркендеуі, дамуы үшін маңызды қадам, – деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов.
«Нұр-Сұлтан – Орталық Азия театр мәдениетінің орталығы»
Театр десе ішкен асын жерге қоятын талғампаз көрермен бір апта бойы астананың 12 театры мен Мәскеуден арнайы шықырылған театрлардың үздік қойылымдарын тамашалады. Атап айтсақ, «Астана Опера» мен «Астана Балет», Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, «Жастар», Astana Musical, Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрлары, Музыкалық жас көрермендер театры, «Наз» мемлекеттік би театры, «Қанаттылар» инклюзивті театры, сонымен қатар «А.И» театры мен «Современник» халықтық жастар театрлары ұжымы репертуарындағы үздік қойылымдарын көзіқарақты көрермен мен талапшыл театр сыншыларының талқысына ұсынып, кәсіби мамандардың бағасын алды. Биылғы фестиваль бағдарламасын сараптауға жиналған мамандар арасында Грузиядан арнайы шақырылған білікті театр сыншысы, өнертану докторы, профессор, Халықаралық театр сыншылары қауымдастығының президенті Лаша Чхартишвили де бар. Қазақ өнері жайлы шетелдік маман былай дейді:
– Қазақстанның театр өнерімен жақсы таныспын. Бұған дейін де бірнеше өнер додасына сарапшылық еткенмін. Нұр-Сұлтан тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азия театр мәдениетінің орталығы болып саналады. Қазақстанда көптеген фестиваль өтті. Мұндай өнер думаны актерлер мен режиссерлерге, жалпы сахнаның қай сала маманына болмасын шығармашылығын дамытуға, жаңаруға көмектеседі. Қазір пандемия кезеңінде театр процесі жаңарып, тың ізденістер байқалуда. Астаналарыңызда болу және қазақ өнерімен танысу мен үшін қашанда өте қызық. Фестиваль аясында тамаша жұмыстардың куәсі болдық. Сол үшін актерлер мен режиссерлерге, ұйымдастырушылар алқасына осындай мағыналы да мазмұнды шараға бастамашылық еткені үшін алғыс айтамын.
«Фестиваль – жастар үшін шеберлік мектебі»
Халықаралық театр фестиваліне құрметті қонақ ретінде қатысқан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, қазақтың Қыз Жібегі атанған актриса Меруерт Өтекешова да фестиваль ұйымдастырушыларынан алғысын аямады:
– Елордамызда үлкен мереке – керемет театр фестивалі өтті. Оны «Қыз Жібек» операсы ашқаны қуантады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған фестивальдың бұл тағылымды қадамы. Мұндай фестивальдардың халық үшін, шығармашылық адамдар үшін маңызы айрықша. Әсіресе студенттер мен жастар үшін бұл үлкен шеберлік сабағы болмақ. Өйткені олар өнерді өз көзімен көріп, естуі керек, деді актриса.
Ауқымды іс-шараға құрметті қонақ ретінде қатысқан Ресейдің Кіші Броннаядағы Мәскеу драма театры мен С.Образцов атындағы Мемлекеттік академиялық Орталық қуыршақ театрларының көрерменге тарту еткен «Человек Летучая Мышь против Леонида Ильича Брежнева» және «Турандот» қойылымдары фестиваль бағдарламасын байытып, өнер думанының ажарын аша түскендей.
– Біз Нұр-Сұлтан қаласына қонақ болғанымызға қуаныштымыз. Гастроль пандемияның қиын кезеңінде өтсе де, фестивальды ұйымдастырушылар да, көрермендер де мүмкіндік тапты. Өйткені актерлер мен көрермендер арасындағы қарым-қатынас театрдың маңызды бөлігі болып саналады. Онсыз театрдың ертеңі жоқ» деп Кіші Бронная театрының көркемдік жетекшісі Константин Богомолов өз ойымен бөлісті.
Мәскеулік театр ұсынған спектакль сюжеті КСРО кезіндегі тоқырау дәуірінде жүрген адамның әрекеті мен мінез-құлқын көрсетеді. Классика жанры бойынша комикстердің кейіпкері Кеңес Одағында өмір сүреді және қарапайым жазушы азамат – Дудчкин кейпінде жасырынады. Осылайша, бас кейіпкер түрлі әрекеттердің ортасынан табылып, оқиға желісін жандандырады. Режиссер Александр Денисовтің бұл қойылымы егде адамдардың жастық шағын еске түсірсе, жастарды кеңес кезеңінің өмір салтымен таныстырады. Қойылымнан соң спектакль жөнінде «Астана Балет» театрының директоры Александр Севостьянов мәскеулік режиссердің аталған қойылымы – ХХІ ғасыр адамының көзімен Брежнев дәуіріне деген ирониялық көзқарас екенін, спектакльде бізге таныс кеңестік ән, кино, тұрмыстық салт өте көп екенін және ол көрермендер көңілінен ерекше орын табатынын атап өтті.
30 жылдыққа – 30 жүлде
Рас, екі жылға жалғасқан пандемия театр әлеміндегі емен-жарқын шығармашылық талқылаулар мен естен кетпес жүздесулерге айтарлықтай тежеу қойып, өнер кеңістігіндегі келелі мәселелердің мәйегіне бойлауды біраз бәсеңсіткені анық. Бірақ соған қарамастан ізденістерін тоқтатпаған театр тарландары айтулы фестиваль аясында жаңа жұмыстарын көпшілік талқысына ұсынып, өздерінің әлі де шығармашылық бабында екендіктерін тағы бір мәрте паш етті.
Ал фестиваль шеңберінде театр сын- шылары, режиссерлерінің қатысуымен өткен «Қазақстандағы заманауи театр үрдісі: мәселелері мен шешу жолдары» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияда отандық театр өнерінің келелі мәселелері сөз болды. Еліміздегі театрлардың хал-ахуалы, театр сыншыларының қызметі, жас драматургтер шығармашылығын насихаттау жайлы пікірлер айтылды, «ТеатрAll» халықаралық театр фестивалінің жұмысы қорытындыланды. Құрамы театртану мамандары мен театр сыншыларынан жасақталған сарапшылар алқасының шешімімен үздік театр ұжымдары мен талантты актерлер жұмысы арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетерлігі, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрында өткен фестивальдың жабылу салтанатында «ТеатрALL» бірінші театр сыйлығы табысталды. Сараптамалық кеңестің шешімімен Нұр-Сұлтан қаласы театрлары арасында тағайындалған кәсіби сыйлық Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойының құрметіне 30 аталым бойынша берілді. Сонымен, фестиваль қорытындысы бойынша «Ең үздік спектакль» аталымындағы бас жүлде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Жастар театры» труппасы ұсынған У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясына (режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай) табысталса, Н.Мошинаның «Дүние-ғапыл» метафизикалық драмасын қойған режиссер, Музыкалық жас көрермендер театрының директоры Асхат Маемиров «Үздік режиссер» атанды. Ал үздік актерлер қатарын Айнұр Бермұхамбетова, Жандәулет Батай, Самал Еслямова бастаған талантты актерлер толықтырды.
Елордада өткен айтулы өнер думанының тағы бір ерекшелігі – қатысушылар тек фестиваль бағдарламасына енген қызықты қойылымдарды ғана көріп қойған жоқ, сонымен қатар театр апталығы алаңында Мемлекеттік академиялық неміс драма театрының көркемдік жетекшісі Наталья Дубстың бір апта бойы өткен шеберлік сабағына қатысу мен Byterekte заманауи өнер көрмелері, сондай-ақ суретші Ләйлә Махаттың бейнелеу өнері галереясын тамашалауға да керемет мүмкіндік алды.
Бас қала төрін думанға бөлеген өнер мерекесі осылайша өз мәресіне жетті. Саф өнерге сусап қалған көрерменнің көңілін көтерген театр тойы – шын мәнінде өнер оқиғасы. Бізді қуантқаны – тағылымды жобаның осымен аяқталып қалмай, жыл сайын жалғасын табатыны. Ал биылғы «ТеатрALL» театр апталығы – «қыздың мөлдір көз жасындай» саф өнер өкілдерінің ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тамаша тартуы.