Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауы анықталған Лебяжье елді мекенінен ветеринариялық іс-шаралар кешенінің аяқталуына байланысты карантин алынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ашық нормативтік құқықтық актілер сайтында карантинді тоқтату туралы құжаттың жобасы жарияланды. Мағжан Жұмабаев ауданының бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының 3 қарашадағы ұсынысы негізінде Лебяжье ауылдық округінің әкімі шешім қабылдап, карантинді алды. Оған құс тұмауы ауруының алдын алу және оқшаулауға қатысты атқарылған ветеринариялық жұмыстардың аяқталуы себеп болған.
«Аса қауіпті ауру ошағы – жоғары патогенді құс тұмауын оқшаулау және жою бойынша ветеринариялық іс-шаралар кешені өткізілді. 3 қарашадағы зертханалық зерттеулердің нәтижесі бойынша 20 сынама көрсеткіші – теріс. Осының негізінде шектеулерді алу туралы шешім қабылданды», делінген түсіндірме жазбада.
Естеріңізге салайық, 27 қыркүйек күні Лебяжье елді мекені құс тұмауы ошағының анықталуына байланысты карантинге жабылған еді. Бір аптаның ішінде ауыл тұрғындарының мыңнан астам құсы қырылып қалды.
Ветеринария басқармасындағылар құс тұмауымен күресте атқарылған жұмыс жайында есеп беріп, зардап шеккен тұрғындарға өтемақы төленетінін айтты.