Елордада қоғам қауіпсіздігін одан әрі қамти түсу мақсатында учаскелік полицейлердің саны көбейтілді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті басшының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қала бойынша 37 учаскелік полиция бекеті бар. Бүгінде оның екеуі жөнделіп жатыр. Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес, әрбір 14 800 адамға бір учаскелік полиция бекетінен келуі тиіс.
Бүгінде елорда халқының саны 1 млн-нан асты, астаналықтардың қауіпсіздігін қамту үшін қала бойынша 76 учаскелік полиция бекеті болуы керек. Биыл елордада учаскелік полициялардың саны 108-ге артты. Жалпы саны қала бойынша 417 учаскелік полиция еңбек етіп жатыр. Енді тағы 150-дей учаскелік полиция қабылданса елорда бойынша Президенттің қолжетімді полиция тапсырмасы толықтай орындалады. Өздеріңіз білесіздер, елорда халқының саны күн санап артып келеді, тиісінше қауіпсіздікті қамтудың жауапкершілігі де арта түседі», деді Бақытжан Малыбаев.