• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Қараша, 2021

Көрші елдің көлігін мінгендердің мұңы

181 рет
көрсетілді

Тәуір көлік алғысы келген қазақтардың Ресейге қарай құйысқаны көтерілгені қашан. Алайын десе қазақстандық тіркеудегі көліктер бағасы ыршып тұр. Амалсыз тәуекелге басып, көрші елден тасуға көшкен-ді. «Әр кемелге – бір зауал» дегендей, енді міне жол полициясы Ресей нөмірін таққан көліктерді жаппай тексеруге көшкен. Полиция тарапынан қысымның күшеюі елордада көлік жүргізушілерін көшеге алып шықты.

Көлік жүргізушілерінің айтуынша, соңғы уақытта Ресей нөмірін таққан көліктерді тоқтатып, иесіне айыппұл салып, көліктің өзін айып тұрағына алып кету оқиғалары жиілей түскен. Осыған дейін әлеуметтік желідегі өңір­лік жаңалық парақшалары Батыс Қазақ­стан және Қостанай облыстарында еш жерде (Ресейде де, Қазақстанда да) тір­кеуде жоқ ресейлік нөмір таққан көлік­терді жаппай айып тұрағына алып кетіп жатқаны туралы ақпарат таратқан болатын.

8 қараша күні Нұр-Сұлтан қала­сын­дағы халыққа қызмет көрсету орталығы жанына Ресейден сатып әкелген көлік­терді мініп жүрген жүз­ден астам жүр­гізуші жиналып, нара­зылықтарын біл­дірді. Жүргізу­шілердің дені «егер ар­зан­датса баж салығын, басқа да алымдарды төлеуге дайынбыз және алып келген кө­ліктерімізді қазақстандық тіркеуге ауыс­тырып берсін» дейді. «Көліктің қоз­ғалт­қыш көлеміне, жылына байланыс­ты 400 мыңнан бастап 6 млн теңгеге дейінгі аралықта утилизация алымын төлейміз. Мысалы, мен алып келген Toyota Alphard көлігі 3 млн теңге тұра­ды. Оның Қазақстандағы бағасы – 6-7 млн ша­масында. Егер сондай ақшам бол­са са­лоннан барып жаңа көлік алушы едім ғой» дейді жүргізушілердің бірі.

Олар Армения мысалын алға тартып, көліктерімізді тіркеуге қойсын, сөйтіп сары нөмір берсін деген талаптарын айтады.

«Көліктің қожайыны көлікті сат­­қан­нан кейін оны тіркеуден шы­ғарып тастайды. Демек ол транспорт ресейлік болып саналмайды. Сон­да оны бізге тіркеуге қоя салуға не ке­дергі? Қазақстанда қанша ай жүрді, со­ған орай салығын есептеп бізге жібер­сін. Оны төлейік. Әрі қарай да са­лық­тан жалтармаймыз. Менің көлігі­ме утиль алымның өзі 3 млн-ға жуық­тайды. Оған кеден салығын қоссақ құны көліктің бағасынан да асып түседі» деп базыналарын айтады олар.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция депар­таменті әкімшілік полиция басқар­масының басшысы Елжан Шүпековтің айтуынша, егер транспорт құралы өзге елдің есебінде тұрса, жол қозғалысы туралы заңға сәйкес ол халықаралық қозғалыста жүрген болып саналады.

«Техбақылау, техпаспорт және өзге де құжаттарымен бірге мемлекет аумағында бір жыл жүре алады. Міне, сондай көліктердің жүруіне құқық берілген. Әр жүргізушінің оқиғасы әртүрлі болғандықтан, оларды жеке қарастыру керек» дейді ол.

«Тиісті ақпарды білген соң барып шешім қабылдаймыз. Ешкім де көлігін келіп тартып алғанын қаламайды. Егер айыптауға негіз болса біз оны айып тұрағына қоя­мыз. Тиісті құжаттарды әкеліңіз де, көлікті алып кетіңіз» дейді Полиция департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Малыбаев.

Осыншама шу тудырып, полиция неліктен ресейлік нөмір таққан кө­лік­терді тексеріп жатыр? Ішкі істер ми­нистрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуын­ша, Қазақстан аумағына әкелінген ре­сей­лік көліктердің 80 мыңға жуығы не Ре­сей­де, не Қазақстанда тіркеуде жоқ.

«Өзге елден көлік сатып алған қазақ­стандық азамат оны 10 тәулік ішінде өз атына тіркеуге қоюға міндетті. Алайда көбі бұл талапты елемейді. Ресейлік тіркеудегі 210 мыңға жуық көлік Қазақстан территориясында жүр. 150 мыңы – заңды негізде, тиісті сенімхаты бар. 600 көлік – Ресей ІІМ криминалды по­лициясы жіберген тізім бойын­ша ұрланған көліктер қатарында. 200 көлік­тің қайда екенін анықтадық. Соны­мен қатар 80 мыңға жуығы не Ресей­де, не бізде тіркелмеген. Ол көлік­тер Қазақстанда техбайқаудан өтпе­ген. Техникалық жағдайының қан­дай күй­де екенін де ешкім білмейді. Сон­дық­тан қазір профилактикалық түсін­діру жұмыстары жүріп жатыр. Егер көлік қажетті тіркеу процедурасынан өтсе, ешқандай проблема болмайды. Бәрінің қолында көлікті Ресейден сатып алғанын растайтын құжат бар. Тек ХҚКО-ға барып, өз атына рәсімдеу керек. Бірақ көбі өз атына қойғысы келмейді» деді министр.

Көлік қымбаттауына елеулі әсер еткен фактор – утиль алымының қымбаттауы. Ол бізде 400 мыңнан бас­талып 6 млн-ға дейін созылады.

Утилизациялық төлемді есептеуде базалық мөлшерлеме ретінде 50 ай­лық есептік көрсеткіш қолданылады, оны кө­лік­тің түрі мен категориясына бай­ланысты коэффициентке көбей­теміз. Шыққан соманы машинаны ел аумағында бастапқы тіркеуге қой­май тұрып төлеу қажет. Мысалы, 2,5 литр­лік моторы бар Toyota Camry үшін 1 458 500 теңге талап етіледі. Ал 3,5 литр­лік қозғалтқышы бар Toyota Sienna әкелсеңіз, 3 354 550 теңге жұмсайсыз.

Сарапшылардың айтуынша, да­мыған елдерде утиль алымының баға­сы әрі кетсе 100 мың теңгеден аспай­ды. Осыған орай әлеуметтік желіде #НетУтильсбору хэштегімен қар­сы­лық петициясы жарияланып, оған 30 мыңнан астам адам қол қойған еді. Алайда кейін петиция жарияланған сайт бұғатталған, тиісінше қарсылық ұсынысы қолдау табудың өзін былай қойғанда, билік тарапынан бұған еш реакция да болған жоқ.

«Ресейлік көлік сатып алған кезде үш құжат аласыз. Оның екеуі маңызды емес. Бастысы – көліктің техпаспорты. Де-факто – бұл құжат кімнің қолында болса, машинаның иесі де сол болады. Де-юре – көліктің иесі – Сергей Иванов. Сақ­тандыру бағасы – 22 мың теңге. Әри­не, азаматтар арзан көлік алып, со­ны­мен жан баққысы келеді. Алайда бұл кө­ліктердің көбі дерлік Ресейде тір­кеу­ден шығарылып тасталған. Ер­тең ол жол апатына себеп болса, біреу­дің мүлкін зақымдаса кінәсін дәлел­деу қиынға соғады. Сондықтан мемлекет па­йызы өте арзан автонесие бағдарла­ма­сын іске қосуы керек» деген ұсыныс айтады белгілі автоблогер Олжас Оқас.

Оның айтуынша, Ресей нөмірін таққан көліктер алу – өзіңе үлкен проблема артып алумен бірдей.

«Бұл – таза криминал. Схема былай жұмыс істейді. Көлік Жапонияда аукционнан сатып алынады. Моторы мен аспасы шешілген соң кеденнен Ресейге автобөлшек ретінде кіргізіледі. Қайта құрастырылған соң автобус­пен Қазақстанға жіберіледі. Жылпос жігіттер Ресейдің ашық базасынан тура осындай көлікті тауып, өтірік техпас­порт жасайды. Артынша сол өтірік техпаспорт негізінде нөмірдің дубликатына тапсырыс береді. Қазақстанда көлікке орнатылған соң сата беруге болады» дейді автоблогер егіз нөмірлі көліктер түйткілін қозғай отырып.

«Тым асқынып бара жатқан мәселені шешудің екі жолы бар: билік заң­ның жұмыс істеуін қатаң қадағалау керек немесе сол заңды өзгертіп ре­сей­лік көлікпен еркін, алаңсыз жүру­ге мүм­кіндік беруі қажет» дейді блогер.

Айтпақшы, елордада ХҚКО маңына жиналып, талап-арыздарын айтқан кө­лік жүргізушілері қажет болса күн са­­йын жиналуға дайын екендерін жеткізді.