Жетісуда ет өндірісі мен сүт өңдеу ісі жақсы қойылған. Нәтижесінде, табиғи өнімнің түрлері көбейіп, отандық нарық пен шетел тұтынушыларының сұранысын өтеу мүмкін болып отыр. Мәселен, қазір облыста 74,1 мың басқа арналған 116 мал бордақылау алаңы, 26,1 мың басқа лайықталған 84 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Осының есебінен аймақтағы ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 72 пайызға, ал барлық сүт зауытының жүктемесі 85 пайызға жетті.
«Сүттен бұлақ ағызған...» дегендей, жетісулық шаруалардың жемісті еңбегінің бір парасы сүт зауыттарының тоқтаусыз жұмыс істеп, өзімізді де, өзгелерді де дайын өніммен қамтып отырғанынан байқалады. Соның бірі – Текелі қаласындағы сүт зауыты. Жалпы, сүт өндірісімен айналысып, халықты табиғи өнімдермен қамтамасыз етіп отырған «Текелі» сүт зауытының 60 жылдық тарихы бар. Кәсіпорында «Текелі» брендімен сүт тағамдарының 23 түрі шығарылады, соның ішінде сүт, айран, май, қаймақ, сүзбе және басқа да көптеген түрі бар. Алдағы уақытта балмұздақ пен ірімшік шығару жоспарланып отыр. Өткен 9 айда Текелі қаласында құны 307,2 млн теңге болатын 1 100 тоннадан астам сүт, қаймақ, сары май, сүзбе және басқа да сүт тағамдары өндірілген. Кәсіпорын «Алтын сапа» байқауының жүлдегері, көптеген марапатқа ие болған.
«Текелі» сүт зауытының тарихы сонау 1953 жылдан басталады. Алғашында сүт жинайтын сауда нүктесі ретінде құрылды. 1987 жылы оған жеке кәсіпорын мәртебесі берілді. Ал қазіргі «Текелі сүт зауыты» деген атауы көпке кеңінен таныс. Ұжымның тынымсыз еңбегінің және басшылықтың ұйымдастыра білу шеберлігінің арқасында 1990 жылдардағы күрделі кезеңде де кәсіпорын жұмысы ақсаған жоқ. Ал тәуелсіздік жылдары зауыт қайта түлеп, жұмысы жаңаша қарқын алды. Бертінде облыс әкімдігінің қолдауымен «Өндіріс» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиеге ие болды. Өндіріс толықтай қайта жаңғыртылды. Заманауи технологиялармен жабдықталды. Бұдан соң зауыт тауарына деген сұраныс артып, кәсіпорын бүгінгі нарық талабына сай дами түсті.
Еңбек жолын осы кәсіпорында бастаған, үздіксіз 30 жыл бойы өндірісте жұмыс істеген Валентина Кубрак бүгінде «Текелі» сүт зауытының өндіріс жөніндегі директоры лауазымына дейін қол жеткізген жан екен.
– Алғаш зауытқа 1990 жылы өндіріс шебері ретінде қабылдандым. Бұл – еңбек жолымды алғаш бастаған жерім. Содан бері 30 жыл бойы осы зауыттың қабырғасында еңбек етіп келемін. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекет қолдауының нәтижесінде зауыттың шығаратын өнімінің көлемі едәуір артты, өндіріс іргесі кеңейді. Бүгінде тәулігіне 10 тоннадан 20 тоннаға дейін өнім шығарамыз. Зауытта тәжірибелі мамандар жеткілікті. Олардың алды кемінде 20 жылдан бері осында еңбек етіп жүр. Бұл ретте 45 қызметкердің 30 пайызын жастар құрап отыр. Бұл – қуантарлық жайт. Қызметкерлеріміздің әлеуметтік жағдайларына да көңіл бөліп, қолдап отырамыз. Кәсіпорын есебінен бір мезгіл ыстық тамақ және тегін жол жүру билеті беріледі, – дейді В.Кубрак.
Зауытқа қажетті шикізат қала маңындағы шаруа қожалықтарынан, жеке аулалардан жиналады. Зауытта сүттің сапасын тексеретін арнайы зертхана бар. Тек зертханалық тексеру қорытындысы шыққаннан кейін ғана сүт өндірісте қолданылады. Мәселен, зауыт облыстың ірі шаруашылықтарының бірі «Хильниченко және К» шаруа қожалығымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сүт зауытқа жеткізіліп, тиісті зерттеу жүргізілгеннен кейін сепаратордан өткізіледі. Сол арқылы сүт табиғилығын сақтайды. Мұнан кейінгі өнімнің стандартты майлылығына қол жеткізу үшін қалыптандыру, сүттің ұйып қалмауы үшін гомогенизация, сүттің максималды қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пастерлеу процестері жүргізіледі. Бұдан әрі дайын өнім қапталып, маркасы қойылып, сауда нүктелеріне жөнелтіледі.
– Біздің өнімнің басты ерекшелігі – оның ешқандай қоспасыз, өнімнің табиғи қалпын сақтауында. 1953 жылдан бастап біз таза мемлекеттік тапсырысқа жұмыс істедік. Біздің сүтімізді балабақшада, мектептер мен ауруханаларда пайдаланды. Өйткені біз өз өнімімізді таза табиғи сүттен дайындадық. Және әлі күнге сондай сапаны ұстанып келеміз, – дейді кәсіпорын директоры В.Кубрак.
Жалпы, сүтте табиғи дәрумендер сақталатындықтан, өнімді сақтау мерзімі шектеулі болады. Мәселен, зауыттың сүт өнімдері 5 күн, ал айран 7 күн ғана сақталады. Зауыт өнімдерін тұрақты тұтынатындар қатарында жеке сатып алушыларды айтпағанда, «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, «Текелі» санаториі, кондитерлік цехтар, ірі сауда дүкендерінің желісі бар. Талдықорған, Алматы қалаларында да зауыт өніміне сұраныс жоғары екен.
Былтыр «Текелі» сүт зауыты ребрендинг жасап, өзінің барлық өнімінің сыртқы қаптауын толықтай өзгертті. Соның нәтижесінде өнім қаптамасы бұрынғыдан гөрі айқын, танымал, қолайлы бола түскен. Қазір сүт зауытының тауарларын интернет желісі арқылы кеңінен жарнамалай бастапты. Кәсіпорын індет жағдайында үлкен сынақты бастан өткерді. Індетпен күрес жағдайында да зауыт жұмысын тоқтатқан жоқ. Қайта отандық тауарға деген сұраныс екі есеге артып, өнім шығару көлемі де ұлғайтылды. Кәсіпорын қызметкерлерінің бәрі коронавирусқа қарсы вакцина алды. «Осылайша өзіміздің, жақындарымыз бен айналамыздағы адамдардың да өмірін қауіптен қорғаймыз», дейді олар.
Айтпақшы, алдағы жылдан бастап зауыт балмұздақ пен ірімшік шығаруды бастамақ. Сонымен қатар жаңа технологияның көмегімен өндіріс көлемін тағы да ұлғайта түсіп, нарықтағы позицияларын нығайтып, тауардың жаңа түрлерін меңгеруге көшпек.
– Осы жыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Ал біздің кәсіпорнымыз үшін екі есе қуаныш. Осы жылдар ішінде Текелі қаласы да өсіп-өркендеді, жаңа арнаға бағыт алды. Кәсіпорындар көбейіп, жаңа үйлер, әлеуметтік нысандар салынды. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде, қызметкерлердің күнделікті тынымсыз еңбегі арқылы зауытымыздың да іргесі кеңейіп, жаңа мүмкіндіктерге талпынуда. Сапалы өнім шығарып, жас мамандарды оқытып-үйретіп, жаңа жұмыс орындарын құрдық. Біз отандық өндірісті дамытуға үлес қосып жүргенімізге қуаныштымыз. Осы 30 жылда мен қарапайым маманнан директорға дейінгі қызметтік баспалдақтардың бәрінен өттім, кәсібімді терең меңгеруге мүмкіндік алдым, өз-өзімді дамыттым, сөйтіп табысқа жеттім. Осындай даму жолдарының бәрі біздің береке-бірлігіміздің, бір-бірімізді қолдаудың, мемлекеттің жағдай жасағанының арқасы деп білемін, – дейді В.Кубрак.
Алматы облысы