Алпыс жылға жуық қоғам тынысын дөп басып, оқырман қауымға суреттері арқылы ой сала білген фототілші Нұрманбет Қизатұлының есімі шығармашыл ортаға етене таныс.
Күні бүгінге дейін фотоқаруын қолынан бір сәтке тастамайтын фототілшінің нысанына іліккен мыңнан астам сурет республикалық газет-журналдарда жарияланып, өзекті тақырыптарымен назар аударып келеді. Қазақстан журналистикасы мен фотоөнерінің қайраткері Нұрманбет Қизатұлы осы жылдар ішінде жеке мұрағатында жинақталған құнды дүниелерінің бір парасын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту ретінде «Жан шуақ» фотоальбомына топтастырып, Ұлттық кітапханада таныстырылымын өткізді. Бұл жинақ Абай атындағы ҚазҰПУ «Ұлағат» баспасының қолдауымен жарық көріп отыр.
Дала данышпандары, егістік алқабы, адамдардың жарқын істері мен көркем келбеті, табиғат ғажайыптары фототілшінің нысанында ерекше образда айшықталып, тұлғалардың тағылымды істері, бесіктегі бөбектің күлкісі, қырағы күзеттегі сарбаздар тақырыбы автор фотошежіресінің тарихын тарқата түседі.
Жауынгер ақын, жыршы, күйші Сүйінбай би туып-өскен өлкеден нәр алып, өлең сөздің дүлдүлі, жыршы жырау, бүгінде мұрасы түркі әлеміне тағылымды Жамбыл бабамыздың батасын алған фотоөнер шебері Нұрманбет Қизатұлының өзіне ғана тән рухани болмысы, айналасына адалдығы мен қамқорлығы жылдар өткен сайын кәсіпқойлық деңгейін шыңдап қана қоймай, заманауи қоғамның тынысын дөп тануға ықпал етіп келеді. Нұрманбет Қизатұлының есімі ұлттық фотоөнердің дамуына зор үлес қосқан Рысқали Дүйсенғалиев, Бекмұханбет Тілекметов, Қуандық Боқаев, Нұрғожа Жұбанов, Жүсіпбек Пайызов, Петр Редько, Қайрат Мұстафин, Сиез Бәсібеков, Сайлау Пернебаев, Дендербай Егізов, Алашыбай Есмағамбетов, Берсінбек Сәрсенов, Рахымбай Ханалы, Әскер Исақов, Зейнел Үйсінбаев сынды майталмандардың қатарын толықтырып тұр.
Бүгінде 80 жастың сеңгіріне шыққан маманның кәсіпқойлығына қатысты жүрекжарды пікірлер осылайша тарқатылып, ел тарихынан сыр шертетін мұрасының маңыздылығы туралы ойлар ортада тоғысты. Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Жамбыл қорының директоры Манарбек Ізбасар жүргізіп, әріптестері өткен күндерден естеліктер арнады.
Ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин жарты ғасырдан астам таныстық жылдарды еске ала отырып, «Өмірдің өзіндей бояуы қанық, айтары анық әрі шыншыл, әрі көркем фототуындыларыңыз екі ғасыр тоғысындағы қазақ өмірі мен бүгінгі қоғамның ақиқатын бедерлейтін рухани қазынамызға айналып отыр. Сіздің замана тынысын танытар ауыл, қала тіршілігі мен салқар сахараның алуан сұлу көріністерін қаз-қалпында елестетер сырлы, нұрлы суреттеріңізді толқымай көру мүмкін емес. Сүйінбай мен Жамбылдай тұлғалар жаралған топырақ сіздің бойыңызда кішілік пен кісіліктің ғажайып үлгісін тарту еткен. Мен сізді танығалы жарты ғасырдан асып барады. Ел мен жер өзгерді, адам өзгерді. Қоғам өзгерді. Бірақ сіз өзгерген жоқсыз. Тура сөз, табанды мінезбен тура тартып келесіз», деген жолдармен өрілген құттықтауын жолдапты.
Еңбек жолын Алматы облысы, Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетінде фототілші болып бастаған Нұрманбет Қизатұлы Алматы облыстық «Жетісу», республикалық «Заң газеті» басылымдарында еңбек етті. Қоғамның тыныс-тіршілігін туындыларына арқау ете жүріп, маңызды оқиғалардан сыр шертетін фоторепортаждары, фотоочерктері, портреттік туындылары республикалық «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінен орын алды.
Кәсібилігімен, газет талабын мүлтіксіз орындайтын іскерлігі хақында еліміздің Мәдениет қайраткері, публицист Марат Тоқашбаев «Нұрекеңнің фотоаппараты оқтаулы мылтық тәрізді кез келген сәтте түсіруге дайын тұрады. Суреттің композициялық шешіміне айрықша мән беретін маман» деп атап өтсе, Әл- Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің аға оқытушысы Асылхан Әбдірайым «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігіндегі бірлескен жобалар, еліміз өңірлеріне жасалған экспедициялар, шеберлік сағаттары туралы айтып өтті. Бүгінде оқу-әдістемелік базасы жұтаң салада Нұрманбет Қизатұлы сынды мамандардың тәжірибесі жастарға тағылымды білім беруде аса маңызды. Педагогика ғылымдарының докторы Берікжан Әлмұхамбетов фототілші Нұрманбет Қизатұлының ойлары анық, ойы қанық суреттеріне тәнтімін дей келіп, сайыпқыран техниканың тілін тауып, суреттерге жан бере білетін сөзі мәнді, жақсы қасиетке ие ізгі істеріне ерекше назар аударды. Ал суретшінің іскерлігі хақында Алматы облысы, Жамбыл ауданының мәслихат хатшысы Саят Жұрын ой қозғап, осы жылдарда жинаған мол мұрасының жастарға рухани азық болатынын жеткізді.
Жаны жайсаң, әзілге бейім, өз ісіне мығым маманның тәжірибесі туралы тебіреністі ойларды әрі қарай Келесхан Темірбекұлы, Доқтырхан Тұрлыбек, Талғат Айтбаев, Толымбек Әлімбекұлы, Болат Шарахымбай, Ермек Абақов, Өмірбек Ноғайбаев, Алмас Қабдікәрімов, Талғат Сүйінбай сынды жазушы, журналистер, қоғам қайраткерлері тарқатты. Сонымен бірге осы фотоальбомда Премьер-Министрдің жеке фотографы Шүкір Шахай фотоөнер майталмандары қатарында Қизатов мектебінің ерекшеліктері туралы айта келіп, ұлттық фотожурналистиканың даму жылдарымен байланыстыра отырып ой түйеді.
«Жан шуақ» фотоальбомында жай ғана суреттер емес, жаныма шуақ беретін суреттер топтастырылып отыр», дейді Нұрманбет Қизатұлы. Ең алғашқы суреттері «Қазақстан әйелдері» журналында жарияланған кездерді еске ала отырып, «Қыз баланы, ананы, әжелерімізді ардақтап өскен халықпыз. Сондықтан да әйел образы менің шығармашылығымның бір парасына айналды. Фототілші үшін суретке түсіру сәті бірнеше мамандықтың жиынтығын талап етеді. Шығарма көркем болуы үшін фототілші режиссер, оператор, драматург, зерттеуші, сыншы бола білуі керек. Жаныңды салып, толғану – басты талап. Сонда ғана нәтижелі, жанды сурет шығады. Кездескен дүниені көшіре беру – көркемдік емес», деген пікірімен бөлісті. Әрі қарай сурет тақырыбының қатаң іріктеуден, сұрыптаудан өтуі, газет-журналдарда суретті айдарлардың өткірлігі туралы ойларын ортаға салған Нұрманбет Қизатұлының тарихқа тұнған фотогалереясы, жеке архиві ел тарихынан сыр шертіп қана қоймай, ертеңгі күнге ой салар ауқымды тақырыптармен толыға беретіні анық.
АЛМАТЫ