Жыл соңында спортшыларды тағы бір дүбірлі дода күтіп тұр. Ол – 11-21 желтоқсан аралығында Швейцарияның Люцерн қаласында жалауы желбірейтін Дүниежүзілік қысқы универсиада. 30-мәрте ұйымдастырылғалы отырған байрақты бәсекеде тек қана студенттерден жасақталған әлемнің ең үздік командалары өнер көрсетеді. Бақ сынауға бел буғандар арасында Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында атой салған саңлақтар да бар.
Қысқы универсиада 1960 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Алғашқы жарыс Францияның Шамони шаһарында өтті. Содан кейінгі бәсекелерді Швейцарияның Виллар (1962 жылы), Чехословакияның Шпиндлерув-Млин (1964, 1978) мен Штрбске-Плесо (1987), Италияның Сестриере (1966), Ливиньо (1975), Беллуно (1985), Аустрияның Инсбрук (1968), Финляндияның Рованиеми (1970), АҚШ-тың Лейк-Плэсид (1972), Испанияның Хака (1981), Болгарияның София (1983, 1989) және Жапонияның Саппоро (1991) қалалары қабылдады.
Қазақстанның студенттер құрамасы аталған жарыста 1993 жылдан бері өнер көрсетуде. Алғаш рет отандастарымыз Польшаның Закопанесінде бой көрсетті. Сол жарыста шайбалы хоккейшілеріміз екінші орынды иеленді. Күміспен күптелген команданың сапында Александр Корешков, Андрей Трощинский, Виталий Трегубов, Максим Комиссаров, Андрей Пчеляков және тағы басқа танымал ойыншылар айшықты өнерлерімен көзге түсті.
1995 жылы Испанияның Хака қаласында шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасына тең келер команда табылмады. Мәнерлеп сырғанаушылардың жұптық сайысында Марина Халтурина мен Андрей Крюков алтын алса, Елизавета Стрельникова мен Дмитрий Казарлыга қола медальді иеленді. Осы нәтиже арқылы жерлестеріміз жалпы есепте 8-орынға көтерілді. Одан кейінгі үш Универсиадада жолымыз болмады. Атап айтсақ, 1997 жылы Оңтүстік Кореяның Муджу, 1999 жылы Словакияның Попрад және 2001 жылы Польшаның Закопенесінен құрқол қайттық.
2003 жылы Италияның солтүстік-шығысында орналасқан Тарвизио деп аталатын шағын қалада отандастарымыз Қазақ елінің әнұранын қайта шырқатып, байрағымызды биікте желбіретті. Апеннин түбегінде бізге бұйырған алты жүлденің барлығын да шаңғышылар олжалады. Николай Чеботько мен Светлана Малахова теңдессіз деп танылса, Андрей Головко – екі және Оксана Яцкая бір күміске қол жеткізді. Дария Старостина қола алса, 4х10 шақырымдық эстафеталық сайыста дәл сол межеден көрінді.
2005 жылғы Дүниежүзілік универсиаданы Аустрияның Инсбрук қаласы қабылдады. Жерлестеріміз бұл жолы жеті рет жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл жүлделердің барлығы да шаңғышыларға тиесілі. Жекелеген сайыста Евгений Кошевой мен Светлана Малахова алдына жан салмады. Ерлердің 4х10 және әйелдердің 3х5 шақырымдық эстафетасында қазақстандықтардың қарқынына ешкім шыдай алмады. Николай Чеботько екінші орынға тұрақтаса, Елена Коломина мен Максим Однодворцев үшінші сатыға жайғасты.
2007 жылы Италияның Туринінде қоржынға түскен алты жүлденің бесеуін шаңғышылар олжалады. Николай Чеботько және 4х10 шақырымдық эстафетада бақ сынаған студенттеріміз алтын алды. Елена Коломина күміспен күптелсе, Сергей Черепанов пен хоккейшілер қолаға қол жеткізді. 2009 жылы Қытайдың Харбинінен еңсеміз түскен күйі оралдық. 2011 жылы Түркияның Эрзурум қаласында жерлестеріміз алты мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Анадолы елінде фристайлшы Дарья Рыбалова алтыннан алқа тақса, Денис Моисеев күміс медальді мойнына ілді. Геннадий Матвиенко, Александр Осипов, Денис Волотка және эстафеталық сайыста шаңғышылар қола жүлдені иемденді. 2013 жылы Италияның Трентиносында бес жүлденің төртеуі шаңғышылар құрамасына тиесілі. Алтын алғандар – Татьяна Осипова мен ерлер эстафетасы. Күмісті еншілегендер – Марк Старостин мен шайбалы хоккейшілер. Қолаға қол созған – эстафетадан әйелдер командасы.
2015 жылғы жарыстың жалауы Испанияның Гранада және Словакияның Штрбске-Плесо мен Осрблье қалаларында желбіреді. Бұл жарыста қазақстандық спортшылардың жұлдызы жарқырай жанды. Жерлестеріміз 5 алтын және 6 күмісті иеленіп, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға көтерілді. Топ жарғандар қатарында шаңғышы Анастасия Слонова (екі рет), фристайлшы Юлия Галышева мен Петр Колмаков және биатлоншы Алина Райкова сынды студенттер болды. Екі алтыннан бөлек, Слонова тағы бір күмісті еншіледі. Сол секілді Виктория Ланчакова (шаңғы) мен Дмитрий Рейхерд (фристайл) және шаңғы, биатлон мен шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы үздік үштікті қорытындылады.
2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы универсиаданың алауы әсем қала – Алматыда тұтанды. Алатау баурайында ұйымдастырылған дүбірлі додада 56 мемлекеттен келген 2 мыңға жуық үміткер бақ сынады. Олар спорттың 12 түрі бойынша сайысқа түсіп, 85 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Бәсекелер «Алматы Арена», «Медеу», «Шымбұлақ», «Алатау», «Халық Арена», «Табаған», «Сұңқар» кешендері мен Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Өз елімізде өткен жарыста Қазақстанның спортшылары толағай табысқа қол жеткізіп, жалпы есепте екінші орынды олжалады. Қоржынымыз 36 жүлдемен толықты. Оның 11-і – алтын, 8-і – күміс және 17-сі – қола. Командалық сайыста жерлестеріміз Ресейден ғана қалып қойды.
Алматыда жалауы желбіреген жарыста биатлоншы Галина Вишневская, фристайлшы Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд екі реттен алтын тұғырға көтерілсе, Алина Райкова (биатлон), Иван Люфт, Анна Шевченко мен Олжас Климин дуэті (шаңғы), Денис Тен (мәнерлеп сырғанау) және Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек дуэті (фристайл) дәл сондай құрметке бөленді. Галина Вишневская, Роман Еремин, аралас эстафета (биатлон), ерлердің 4х7,5 және әйелдердің 3х5 шақырымдық эстафетасы, Жібек Арапбаева (фристайл), Абзал Әжіғалиев (шорт-трек), шайбалы хоккейден ерлер құрамасы күміс медальді мойындарында жарқыратты. Шаңғышы Анна Шевченко үш мәрте және шорт-трекші Денис Никиша мен фристайлшы Павел Колмаков екі реттен қолаға қол созды. Сондай-ақ Роман Еремин мен Антон Пантов (биатлон), Анна Стоян мен Сергей М?????? (?????алышев (шаңғы), Жанбота Алдабергенова (фристайл), Екатерина Айдова (коньки), Нұрберген Жұмағазиев және шорт-тректен еліміздің ерлер мен әйелдер құрама командалары сол межеден көрінді.
2019 жылғы Универсиаданы Ресейдің Красноярск қаласы қабылдады. Сібірдің қақаған аязында Қазақстаның спортшыларына бас жүлде бұйырмады. Бұл жолы шаңғышы Әсет Дүйсенов, мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева және фристайлшы Павел Колмаков екінші орын алса, Жанбота Алдабергенова үшінші сатыға табан тіреді. Сондай-ақ шаңғышылардың эстафетасында күміс және шорт-тректің командалық сайысында қос қоланы қанжығаға байладық.