Солтүстік Қазақстан облысында өткен тәулікте 161 адам коронавирусты жұқтырды. Өңір қауіпті инфекцияның таралуы бойынша елімізде көш бастаған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО-да коронавирустық инфекцияның таралуы және вакцинация барысы бойынша ағымдағы жағдай туралы брифинг өтті. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, өткен тәулікте КВИ жұқтырудың 161 жағдайы тіркелді, оның ішінде 154-і, 95 %-ында ауру белгілері болған.
Соның ішінде Петропавлдың – 76, Қызылжарда – 22, М.Жұмабаевта – 14, Тайыншада – 11, Жамбылда – 10, Есілде – 7, Аққайыңда – 6, Мамлютте – 5, Уәлихановта – 4, Тимирязев ауданында – 3, Ақжар ауданында – 2, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда 1 адам коронавирус жұқтырған.
«Соңғы 2 аптада облыста 2143 жағдай тіркелді. Аурушаңдық алдындағы екі аптамен салыстырғанда 2071-ден 2143-ке артқан. Соның ішінде Петропавлда ауыру 1,4 есеге, 666-дан 953-ке дейін өсті», дейді Әсет Жұматаев.
Жақында өңірде 12 және одан жоғары жастағы жасөспірімдерге, жүктіліктің 16-дан 37 аптасына дейінгі аралықтағы жүкті әйелдерге, бала емізетін әйелдерге екпе егу басталады. Pfizer компаниясының «Комирнати» вакцинасы жасөспірімдерді коронавирусқа қарсы иммундау үшін қолданылады. Вакцина құрамында иммундық қорғанысты дамытатын вирус жоқ және КВИ инфекциясын тудырмайды.
«Бастапқы кезеңде КВИ-ға қарсы профилактикалық егулер 16 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерден басталады. Одан кейін кезекпен басқа жас топтарындағы жасөспірімдер - 15, 14, 13 және 12 жас - кезекпен егіледі. Қазақстанда жасөспірімдерді егу ерікті түрде және олардың ата-аналары мен заңды өкілдерінің келісімімен ғана жүргізіледі», дейді облыстың бас санитар дәрігері.
СҚО 2 қазаннан бері «қызыл» аймақта. Бүгінде коронавирусты жұқтырудан елімізде бірінші орында келеді. Екінші орында 146 жағдаймен Алматы қаласы, үшінші орында 135 көрсеткішпен Қарағанды облысы тұр. Жалпы пандемия басталғалы СҚО-да 30,5 мың адам қауіпті инфекцияны жұқтырды.