Манаш Қозыбаев – қазақтың біртуар тұлғаларының бірі. Ол – тәуелсіздік жылдарында қазақтың азат ойлы, дербес тарихнамасын қалыптастырған ең ірі тарихшы ғалымдарымыздың бірі, Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуы жылдарында бойындағы барлық күш-жігері мен білімін туған елінің туының берік орнығуына өлшеусіз үлес қосқан аса белсенді қоғам қайраткері.
1990-1993 жылдары Қазақ КСР Жоғары Кеңесіне депутат болғанда атақты академиктер Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Жабайхан Әбділдин, Өмірбек Жолдасбеков және т.б. бірге Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясының, Қазақстанның Тәуелсіздігі туралы заңы сияқты тәуелсіздіктің іргетасын қалаған құжаттардың қабылдануына белсенді араласқан тұлға. Олар – қазақ ұлтының мүддесін қорғау жолында өздерінің энциклопедиялық білімдерімен қарсыласқандардың аузын аштырмаған ерен қайраткерлер.
1970 жылы Манаш Қозыбаев Ш.Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік, 1995 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарын, ал 1997 жылы Тұңғыш Президенттің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығын алған. Сегіз жыл бойы Қазақ энциклопедиясының бас редакторы болып, Тарих және этнология институтын 1988 жылдан 2002 жылы өмірден өткенінше 14 жылдай басқарған. 71 жасында өмірден өткен ғалымның туған халқына берері әлі де көп еді, бірақ тағдыр оның маңдайына ұзақ ғұмырды жазбапты. Қазір жас ұрпақ ғалымның артында қалған мол мұрасымен сусындауда. Ал есімі Алматы қаласында бір көшеге, Қостанай қаласында бір мектепке және Солтүстік Қазақстан университетіне берілген.
Жуырда осы университетте ғалымның 90 жылдығына арналған «М.Қозыбаев оқулары – 2021: Білім мен ғылымды дамытудың жаңа бағыттары және заманауи көзқарастар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференцияға қатысушылар алдымен университеттің алдындағы ғалымның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Одан кейін «Манаш Қозыбаев – Тәуелсіздік жаршысы» ғалым өмірінің деректерінен құрастырылған бай көрмені тамашалады.
Конференцияны ашқан университеттің ректоры Ерлан Шұланов құттықтау сөздерін айту үшін облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметовке сөз берді. Ол облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың құттықтауын оқып берді. Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің сөзінде ғалымның ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысты «Қазақстан – арсенал фронта» атты докторлық диссертациясына қатысты классикалық монографиясын тілге тиек етті. «Аспанда, жерде, теңізде жер жүзінің 70-тен артық мемлекетін қамтыған адамзат тарихындағы ең үлкен соғысты зерттеуге қосқан үлесін ескеретін болсақ, ол – ең алдымен әскери-тарихшы ғалым. Жауға атылған 10 оқтың тоғызы Қазақстанда жасалғандығын және бүкіл Шығыс майдандарда қолданылған қару-жарақ пен шикізатты шығарған ең үлкен арсенал Қазақстан болғандығын да тұңғыш дәлелдеген Манаш Қабашұлы», деді ол.
Сонымен бірге М.Қозыбаевтың Қазақ КСР энциклопедиясының қалыптасып, дамуына қосқан зор еңбегі мен ұстаздық қырлары туралы да айтып өтті. Ол 90-ға жуық ғылым докторлары мен кандидаттарын дайындаған. Соның ішінде Өзбекәлі Жәнібеков, Абай Тасболатов сияқты көрнекті тұлғаларға да ғылыми жетекші болғанын атап өтті.
Өзінің құттықтау сөзінде Тайыр Мансұров тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің құрылуы кезеңінде Манаш Қабашұлының фундаменталды ғылыми еңбектері отандық тарихи және саяси көзқарастың қалыптасуына айрықша реңк бергенін атап өтті. Сонымен бірге өзінің М.Қозыбаевпен ғылым мен баспагерлік еңбектер жолында болған әріптестігін жоғары бағалайтынын, оның адамгершілік жоғары қырларына көзі жеткенін атап айтты.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов өзінің құттықтауында Манаш Қабашұлының Тарих және этнология институтының өрісін кеңейтіп, ғылыми бәсекелік ортаға айналдырғанын, тарихшылардың жаңа көзқарасын қалыптастырғанын, Қазақстанда тұлғатанудың жаңашыл бағдарын өмірге әкелгенін, қазақ тарихын алыс-жақын шетелдерге танымал еткенін, Ұлттық ғылым академиясының отандық беделін көтергенін, ұлт тарихын зерделеудің жаңа ғылыми-теориялық негіздемесін жасағанын атап көрсетті.
Генерал-лейтенант Абай Тасболатов өзінің сөзін әскери қызметте жүргенде ғылыммен айналысып, тарихшы болуына Манаш Қозыбаевтың әсер еткенін, сол үшін оған шексіз риза екенін айтудан бастады. «Қазақстанның әскери тарихының негізін қалаған да Манаш Қозыбаев болатын. Ол Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанында айтылған деректердің өмір шындығына сәйкестігін алғашқы болып дәлелдеді. Халық арасында «тарихтың маршалы» атанған Манаш Қабашұлын жерлегенде де әскери дәстүр қолданылған еді», деді ол.
900-дей ғылыми еңбек жазған ғалымның өз өмірінің 14 жылдай мерзімін Тарих және этнология институтының директоры болуға арнағанын еске алған институттың қазіргі директоры Зиябек Қабылдинов Манаш Қозыбаевтың экономикалық дағдарыс қыспаққа алып тұрған жылдардың өзінде ғылыми зерттеулерді жалғастыра бергенін айтты. «Өте күрделі, экономикалық дағдарыс жылдарының өзінде ол қазақ тарихының академиялық басылымын жарыққа шығара алды», деді ол.
Өзінің «Қазақ тарихшыларының атасы» атты баяндамасында Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зарқын Тайшыбай М.Қозыбаевтың отандық тарих ғылымының жаңа бағытының әдістемелік негізін жасап бергенін айтты. «Тоталитарлық-коммунистік тәртіптің тар шеңберінде кептеліп қалған тарихи сананың өзгеруіне М.Қозыбаев бас болды. Ол тарихшыларға еліміздің территориялық тұтастығын қызбалыққа салынбай, ұлт мүддесіне сай ғылыми тұрғыдан негіздеу қажеттігіне бағдар жасап берді», деді.
«Тәуелсіздік және ұлттық тарихи жады» атты баяндамасында белгілі тарихшы, академик Хангелді Әбжанов Манаш Қозыбаевтың тарихшылар арасында «жаңашыл ғалым», «сергек ғалым» болғанын айтты. «Ғылым дегеніміздің өзі белгісіздің құпия сырын ашу, ал білім баяғыдан белгіліні білмейтінге үйрету. Манаш Қозыбаев халқымыздың ақтаңдақтарының сырын ашып, қазақты өзінің төл тарихымен қауыштырды, құпия сырларын ашты. Кешегі коммунистік идеологиялық өктемдік біздің тарихымызды бұрмалады, өтірік жазылған жерлері де көп болды. Ақтаңдақтар қаптап кетті. Осының бәрінің астарын ашып, халықты өз тарихына жақындатқан Манаш Қабашұлы», деді ғалым.
Бұдан әрі Түркиядан Әбдіуақап Қара «Академик М.Қозыбаев еңбектеріндегі Отан тарихының зәру мәселелері», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті тарих факультетінің деканы Тілеген Садықов «Академик Манаш Қозыбаевтың тұлғалық феномені», Қостанай университетінің профессоры Аманжол Күзембайұлы «Алғашқы қазақ сібіртанушысы» деген тақырыптарда баяндамалар жасады. Бұдан да басқа бірнеше баяндама тыңдалды. Конференция барысында ғалымның ұлы Ілияс Қозыбаевтың жетекшілігімен дайындалған «Тарихшы және оның заманы» және Солтүстік Қазақстан университетінің ғалымның 90 жылдығына арнаған «Академик Манаш Қозыбаев және тәуелсіздік белестері» атты жинақтарының тұсауы кесілді. Осынау маңызды конференцияны дайындауға Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушы-профессорлық құрамы, соның ішінде ректордың кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбыраеваның еңбегі айрықша болды.