Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің Орталық мемлекеттік архивінің құрылғанына 100 жыл толды. Бұл айтулы мерейтой ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Өткенге үңілсек, құжатсыз архив, архивсіз тарих, тарихсыз мемлекет болмайды. Бұл – аксиома. Сол себептен де егемендігіміздің құжаттық негізі болып саналатын қасиетті қара шаңырақтың ғасырлық мерейтойы – ел тарихындағы айтулы оқиға. Осы орайда Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебаймен әңгімелесуді жөн көрдік.
– Сәбит Қамытбекұлы, биыл Орталық мемлекеттік архивтің құрылғанына 100 жыл толып отыр. Бізде архивтің құрылған уақытын нақты айғақтайтын деректер бар ма?
– Өкінішке қарай, бүгінге дейін Қазақстан архивистері Орталық өлкелік архивті құру туралы қаулының немесе бұйрықтың көшірмесін таба алған жоқ. Бұл құжаттың бізге жетпеуіне 1921 жылдың жазында басталған алапат ашаршылық пен тырысқақ індеті дендеген өлкенің билік органдарында құжат рәсімдеудің дәл сол кезеңде бір қалыпқа келе қоймағаны бір себеп болса, кейіннен мақсатты түрде жойылып кетуі де ықтимал. Бірақ архивтің құрылған күніне қатысты бірнеше тарихи құжатта нақты мәлімет кездеседі.
1918 жылы 1 маусымда РКФСР ХКК төрағасы В.И.Ленин бастап қол қойған «Архив ісін қайта құру және орталықтандыру туралы декрет» қабылданды. Декрет бойынша біртұтас мемлекеттік архив қоры құрылып, қорды басқару Архив ісінің бас басқармасына (одан ары – Главархив) жүктелді. Главархив – РКФСР Ағарту халкоматының ерекше бөлімі болып құрылды. Міне, осы уақыттан бастап, 1921 жылдың 16 сәуірінде Қазақ АКСР Ағарту халкоматы Ғылыми бөлімінің қарамағында болған Бас архив басқармасы өз қызметін бастағанға дейін Қазақ АКСР аумағындағы барлық архив істері РКФСР Главархивінің өкілетті өкілі А.П.Михайловтың тарапынан басқарылды. А.П. Михайлов 1919 жылы 16 қыркүйекте РКФСР Главархивінің Орынбор қаласы және Орынбор губерниясы бойынша уақытша губерниялық өкілетті өкілі қызметіне тағайындалып, 1919-1920 жылдары Орынбор-Торғай губерниялық архив бюросын, 1921 жылдың 16 сәуірінен бастап ҚАКСР Ағарту халкоматының Академиялық орталығына қарасты Бас архив басқармасын басқарды. Яғни осы күннен бастап Қазақстанда орталықтандырылған архив қызметі басталды.
Қазақ АКСР Ағарту халық комиссары А.Кенжин 1922 жылы 15 наурызда қол қойған «Қырағарту халкоматының 1921 жылғы қызметі туралы есебінде»: «Орталық өлкелік архивті ұйымдастыру Орынбор қаласында болған губерниялық архивтің (1919 жылдың аяғынан бастап) арқасында жүзеге асты, онда едәуір көлемде шоғырланған архив материалдары мен арнайы үй-жайы болғандықтан, ол 1921 жылы 1 қыркүйекте Орталық өлкелік архив болып қайта құрылды», деп жазылып, Орталық өлкелік архивтің құрылған күні нақты көрсетілген. Сондай-ақ ҚАКСР Ағарту халкоматының Академиялық орталығы қызметкерлерінің 1921 жылдың 1 қазаны қарсаңында жасалған тізімінде Орталық өлкелік архивтің меңгерушісі А.П.Граның және басқа да архив қызметкерлерінің 1921 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қызмет ететіндігі жазылған. Сондықтан Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің 1921 жылдың 1 қыркүйегінде құрылғаны дау туғызбас тарихи дерек болып табылады.
– Архив құрылған күннен бастап жұмысы қарқынды жүріп, бірден қалыптасып кете алды ма? Сол кезеңде архивте қанша маман жұмыс істеді?
– Жұт пен індет жайлап, халық ашаршылықтан босып кеткен уақытта құрылған архивтің өз алдына ғимараты да болмады. 1921 жылдың 9 тамызында бекітілген «Ағарту халық комиссариаты туралы ереже» бойынша құрылған Академиялық орталыққа қарасты Бас архив басқармасының аты ғана бар еді. Тіпті, Академиялық орталықтың өзі қызметін 1921 жылы қазан айының соңында бастағанын архив құжаттары айғақтап отыр. Ал осы орталыққа қарасты Орталық өлкелік архивті құру туралы шешім 1921 жылдың 1 қыркүйегінде қабылданғанымен, бұл архив Орынбор губархивінің ғимаратында отырды. Архив құжаттарына қарасақ, Орталық өлкелік архивке тек 1922 жылдың басында ғана жеке ғимарат бөлінген.
Ал 1922 жылдың 24 қаңтарында Қазақ АКСР Ағарту халық комиссариатының Коллегиясы «Орталық өлкелік архив туралы ережені» бекітіп, тарихи маңызы бар құжаттарды жинау мен сақтау жүйесі жолға қойылды. Шын мәнінде, осы уақыттан бастап Қазақстандағы архив қызметі назарға алынып, Орталық өлкелік архив жұмысы жүре бастады.
– Қазір Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмыс істеп жатқаны белгілі. Осы комиссия жұмысына қажетті, бірақ осы уақытқа дейін құпиялық таңбасы алынбаған құжаттар көп пе?
– Алдағы 20 желтоқсанда аталған комиссияның құрылғанына бір жыл толады. Қазіргі уақытқа дейін біздің архивте республикалық және бірқатар өңірлік комиссиялардың мүшелері ізденіс жұмыстарын жүргізді. Архив басшылығы комиссия жұмысына жан-жақты қолдау көрсетіп, барынша ыңғайлы жағдай жасап отыр. Әрине, құпиялылық таңбасы алынбаған, мемлекеттік құпияға жататын құжаттар әлі де баршылық. Бүгінгі таңда, шамамен архив қорының 3 пайызы «құпия» белгісімен жабық тұр. Заң бойынша, 30 жылдан асқан соң «құпия» белгісі алынуы тиіс. Құжаттарды құпиясыздандыру мәселесі сол қорлардың заңды иесі немесе мұрагері болып табылатын министрліктер мен ведомстволардың шешіміне байланысты. Себебі, заңда олардың құжаттарды дер кезінде құпиясыздандырмағаны үшін жауапкершілік шаралары көзделмеген. Сондықтан көбінесе құпиясыздандыру жұмыстары эпизодтық сипатқа ие болып отыр.
Бірақ бұл жағдай дәл сол «құпия» құжаттардың арасында саяси қуғын-сүргінге қатысты құжаттар жатыр дегенді де білдірмейді. Бірқатар құжаттарда нақты адам аттары кездесетін болғандықтан, әдеп тұрғысынан ашуға болмайды. Мысалы, 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа қатысты архив құжаттарының жинағын даярлау барысында ашық қордың өзінен аштан өлген өз анасының етін жеп жан сақтаған бір үйдің төрт баласы туралы мәліметті кездестірдік. Олардың аты-жөні толық келтірілген. Қазір сол адамдардың тікелей ұрпақтары болуы мүмкін. Сондықтан мұндай құжаттар көп кездессе де жинаққа қоспауды жөн санадық.
– Цифрландыру жұмыстары қалай жүріп жатыр? Кез келген зерттеуші архивке кіріп жұмыс істей ала ма?
– Цифрланған құжаттарды сақтау бойынша жүргізілетін жұмыстар үлкен шығынды талап етеді. Біріншіден, құжаттарды цифрландыру үшін қажетті қаржы мәселесі шешілуі тиіс; екіншіден, цифрландырылған құжаттарды сақтау мәселесі мен оны сақтандыруды шешу қажет; үшіншіден, цифрланған құжаттар базасының киберқауіпсіздігі мемлекеттік тұрғыдан шешілуі тиіс.
Әрине, мемлекеттік архивке кез келген зерттеуші өзі қызмет істейтін мекеменің тиісті хатымен келіп, ізденіс жұмыстарын жүргізе алады. Қазіргі уақытта генеалогиялық зерттеу жұмыстарын жүргізетін жеке және заңды тұлғалар көбейіп кетті. Олардың көбейгені соншалық, архивтің оқу залының басым бөлігін солар иеленіп, карантиндік шектеу кезінде ғалымдар архивке кіре алмай қалған кездер көп болды. Архивтің өзі де ақылы түрде бұл жұмысты атқара алатындықтан, алдағы уақытта архивтің оқу залына тек қана ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін ғалымдарды ғана кіргіземіз деген жоспар бар.
– Демек, генеалогиялық зерттеу жүргізетін тұлғаларға шектеу қою керек пе?
– Иә, себебі, генеалогиялық зерттеу дегенді сылтауратып, архив деректерін өзге тұлғалар үшін жинап сату үрдісінің бар екені рас. Одан бөлек бұл қызметті атқаруға архив қызметкерлерінің де күші жетеді.
– Бұдан бөлек тағы қандай қосымша ақылы қызмет түрлері бар?
– Архив қорына тиесілі құжаттардың көшірмесін және архивтік анықтама беру, қор құрушы мекемелердің архив құжаттарын өңдеу сияқты ақылы қызмет түрлері бар. Біраз жылдар бойы Орталық мемлекеттік архив құжаттарының көшірмесін беру шектеулі әрі ақысыз түрде болып келді. Осы жылдың ортасынан бастап, архив қызметтерінің арнайы прейскуранты бекітіліп, құжаттардың көшірмесін алу ақылы болды. Бүгінгі таңдағы зерттеу жұмыстарының басым көпшілігі гранттардың негізінде екені белгілі. Олай болса, гранттық қаржыландырудың бір бөлігі архив құжаттарының көшірмелерін алуға жоспарлануы тиіс. Ал мемлекеттік тапсырыспен жазылатын ғылыми зерттеулерге қатысты арнайы шешім қабылданғаны жөн. Архив құжаттарын қолмен көшіру тегін және көлемі шектелмейді. Сондықтан біз архивтің қосымша қаржы табу мүмкіндігін барынша пайдаланып, кем-кетігімізді толтыруға тырысуымыз керек.
Қазіргі кезде, қор құрушы мекемелердің архив құжаттарын өңдеу жұмысы тендерлік конкурс арқылы жүргізіледі және оған барлық жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Бұл өз кезегінде архив құжаттарын өңдеу сапасына кері әсерін тигізуде. Өйткені мұндай қызмет түрімен кездейсоқ адамдардың айналыспайтыны белгілі. Негізінен, архив саласында қызмет етіп жүрген тұлғалардың «жеке кәсіпкері» айналысады және ол құжаттарды сараптамадан өткізу кезінде лоббидің жүзеге асатыны түсінікті болып отыр. Сондықтан бұл қызмет түрін архивтерге толық қайтару мәселесін қарастыру қажет сияқты.
– Алдағы уақытта архив қандай жоспарларды жүзеге асырмақ?
– Барлық архив өз қызметін үш бағытта жүргізеді. Архив құжаттарды жинайды, оны сақтайды және ол құжаттарды пайдаланады немесе ғылыми жариялайды. Қазақстан архивтерінде архивистер тарапынан алдыңғы екі жұмыс атқарылып, ғылыми жариялау жұмысы артта қалып келеді. Оның да өзіндік себептері бар.
Біріншіден, Тәуелсіздік жылдарында Орталық мемлекеттік архивтің штаты 2 есеге жуық қысқарып, архивтің ішкі ғылыми-анықтамалық аппаратын жасайтын маман күші жеткіліксіз болды. 1992 жылы Орталық мемлекеттік архивте 102 адам жұмыс істесе, бүгінгі таңда 58 ғана штаттық қызметкер бар. Сондықтан архив қорларына қатысты жөнсілтемелерді жасау 20 жылға созылып кетсе, оның анықтамалық реестрін даярлау, тақырыптық каталогтар жасау сияқты жұмыстар 1995 жылдан кейін мүлдем тоқтады десе де болады.
Архив қорларының толық ғылыми-анықтамалық аппараты жасалмай, оның қорларының жалпы сипаты мен мазмұны туралы білу мүмкін емес. Архивке келген зерттеушілердің жұмысының жемісті болуы – ғылыми-анықтамалық аппараттың жасалу деңгейіне байланысты. Мысалы, бүгінгі таңда жұмыс істеп жатқан Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысының алға баспай жатуының негізгі себебі де осында. Қазақстанның ұлттық архив қоры туралы біртұтас ғылыми анықтамалық болмаған соң комиссия мүшелері қай құжатты қайсы архивтен іздерін білмейді. Архивке келген зерттеушілерді де алаңдататын осы сауал. Кеңестік кезең қорларының толық реестрі жасалмағандықтан, архивистердің өзі бұл сұраққа толық жауап бере алмайды. Себебі, архив қорындағы 1,5 миллионға жуық сақтау бірлігінің 1 млн-нан астамын кеңестік кезең құжаттары құрайды. Қорыта айтқанда, әрбір архив қорларына қатысты толық аннотацияланған ғылыми-анықтамалық аппарат жасалмай, ол архивтен қажетті құжаттарды іздеп табу мүмкін емес. Сондықтан штатты өсіру кезек күттірмейтін мәселе болып отыр.
Алдағы жоспарларға келсек, архивті ғылыми аккредитациядан өткізу, оның жанынан ғылыми жобаларды жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу орталығын құру, «Архив – 2025» кешенді жоспары аясында 10-нан астам ғылыми басылымдарды шығару сияқты жұмыстарды атқарамыз деп отырмыз.
Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында халықтың тарихи санасын одан әрі жаңғырту жұмысына үлес қосатын тың құжаттарды БАҚ беттерінде жариялау жұмысын күшейту, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау комиссиясына қажетті ғылыми-іздестіру және архивтік анықтама беру жұмысының мобильділігін арттыру, 1979-1992 жылдардың аралығында шыққан 2 томдық (әрбір том 3 кітаптан тұрады) «Қазақ КСР мемлекеттік мекемелерінің тарихы» (1920-1977 жж.) атты архив анықтамалығын қайта толықтырып, баспаға даярлау және 1977 жылдан бастап 1991 жылдың 16 желтоқсанына дейінгі аралықтағы «Қазақ КСР мемлекеттік мекемелерінің тарихы» атты анықтамалықтың 3-томын баспаға даярлау жұмыстарын жасап жатырмыз. Жоғарыда аталған анықтамалықтар мен Президент архиві әзірлеген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдары» атты анықтамалықтың негізінде ЖОО-дағы «Тарих» мамандығының студенттері мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Архивтану, құжаттар жүргізу және құжаттамалық қамтамасыз ету» мамандығының студенттеріне арналған «Қазақстанның мемлекеттік билік органдары мен мекемелерінің тарихы» атты оқулық жазып, баспаға даярлау да жоспарда тұр. Бұдан бөлек ҚАКСР ОАК-і мен ХКК-і хаттамаларының, Жоғарғы Кеңес пен Министрлер кабинетінің күн тәртібін (толық түсінік берілген және ғылыми анықтама аппаратымен) жылдар бойынша кітап қылып шығару жұмысын бастап, жолға қою, ҚазОАК және ҚКСР Жоғарғы Кеңесінің сессияларының ғылыми анықтамалығын даярлау, Халық Комиссарлар Кеңесі мен Министрлер Кеңесінің жеке құрамы мен құрылымы бойынша ғылыми анықтамалықтар құрастыру, әрбір халкомат пен министрліктің тарихы және олардың құрылымдық даму тарихы бойынша жеке анықтамалықтар даярлау сынды, т.б. жұмыстарды атқару қажет.
Мұндай анықтамалықтар тарихшылардың ғылыми-зерттеу жұмысын ғана емес, барлық мемлекеттік билік органдарының жұмысын жеңілдетуге септігін тигізеді.
– «Архив – 2025» кешенді жоспары қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Бұл жобаның барысы пандемияға тап келіп, көп дүние жоспар күйінде қалды. Қазіргі кезде вице-премьер Ералы Тоғжановтың басшылығымен арнайы жұмыс тобы құрылып, жобаны жүзеге асырудың кешенді жоспарын күшейту бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.
– Ғасырлық мерейтой қарсаңында басқа да тың жобалар қолға алынған болар?
– Архивтің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында архив қызметкерлері даярлаған 7-8 кітап басылып жатыр. Атап айтсам, «Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіне 100 жыл» атты мерейтойлық жинақ-альбом; «Қазақстандағы ашаршылық. Голод в Казахстане. 1921-1923» атты 2 томдық құжаттар мен материалдар жинағы; «Бауыржан Момышұлы – Кеңес Одағының Батыры, Ұлы Отан соғысының ардагері, даңқты панфиловшы, жазушы» атты фотоальбом; «Хәкімжан Есмаханұлы Наурызбаев – қазақтың тұңғыш кәсіпқой мүсіншісі, Қазақстандағы ұлттық өнердің негізін салушы» атты фотоальбом; «Орталық мемлекеттік архив қорлары бойынша жөнсілтеме. Кеңеске дейінгі кезең» анықтамалығы; «Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің жеке тектік қорлары бойынша жөнсілтемесі» атты анықтамалық; «1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс» атты құжаттар жинағы; «Тәуелсіз Қазақстандағы архив ісінің өзекті мәселелері және Марат Хасанаевтың мұрасы» атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы материалдарының жинағы.
Бұлардың ішіндегі ең сүбелісі – 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа қатысты құжаттар мен материалдар жинағы. Бұл еңбек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы: «...Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді», деген сөзіне Орталық мемлекеттік архив ұжымы тарапынан жауап ретінде дайындалды. 2 томдық құжаттар мен материалдар жинағы – тікелей осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталып отыр.
– Архивтің ғасырлық мерейтойы қашан атап өтіледі?
– Негізі, архивтің 100 жылдық мерейтойын тойлау жыл басынан бері жалғасып келеді. Осы мерейтой аясында бірнеше іс-шара өткізілді. Біздің ұжым үшін ең үлкен қуаныш – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйек қарсаңындағы құттықтау хаты болды.
Алдағы 19 қарашада ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Орталық мемлекеттік архивінің 100 жылдық мерейтойы салтанатты түрде атап өтіледі деп жоспарлануда. Салтанатты іс-шара аясында Орталық мемлекеттік архивінің ғимаратына орнатылған «Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіне 100 жыл. 1921-2021» атты мемориалды ескерткіш-тақтаның және «Жауһар жәдігерлер-2021» атты көрменің ашылу салтанаты өтеді. Мерекелік іс-шараға Мемлекеттік хатшы, Мәдениет және спорт министрі, шетелдік және отандық архив саласының мамандары мен ардагерлері және т.б. қоғам және мемлекет қайраткерлері, меценаттар қатысады деп жоспарлап отырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет.