• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Қараша, 2021

Шаруалар айтты базына...

463 рет
көрсетілді

Елордада алғаш рет шаруалар құрылтайы өтті. Shopan ata ұлттық мал өсірушілер қауымдастығы ұйымдастырған шараға еліміздің түкпір-түкпірінен мал шаруашылығын кәсіп еткен азаматтар қатысты. Әрқайсысының соңында аманат айтқан ел, соған орай құшақ-құшақ шағымы бар.

Құрылтайда айтылған алғашқы пікірлерден-ақ «біз қазақ деген мал баққан елміз» деген мақтан сөздің қазіргі заманға жүрмейтінін түсіндік.  Құрылтайға Ауыл шаруашы­лы­ғы министрлігінен не ми­нистр­дің өзі, не бірде-бір өкіл қа­тыспады. Жиында жем-шөптің жетіспеуі, жер мен су тапшылығы, субсидияның әділ бөлінбеуі сөз болды. Бұл мәселелер арагідік ай­тылғанымен, қатысушылар Маң­ғыстаудағы қуаңшылық жағ­дайына көбірек тоқталды. Маң­ғыстаулық шаруалардың айтуынша, қуаңшылық салдарынан 1 мыңнан астам мал қырылды деген ақпар түбегейлі қате. Әрі «Маңғыстау – мал жаюға қолайсыз өлке» деген сыңар жақ пікірден де арылатын кез жетті дейді олар.

– Бізде Маңғыстау өңірі тек мұнаймен өмір сүреді деген түсінік бар. Бұл қате пікір. Маң­ғыстаудың 50 пайызға жуық халқы мал ұстайды. Биылдан бастап далада мал жейтін шөп жоқ. Осы уақытқа дейін малымызды қораға жемшөп жинап бағып келдік. Енді жем шөп сатып алатын да қаражатымыз жоқ. Сатайық десек, арық малды ешкім алмайды. Далаға жібере салайық десек обалынан қорқамыз. Сәуір келмей Маңғыстау даласы көгер­мейді. Соған дейінгі төрт айда малымызды қалай аман алып шығарымыз уайым бо­лып тұр. Осы орайдағы талабы­мыз – Маңғыстауда төтенше жағ­­дай жариялау керек. Сол ар­қы­лы үлкен көлемде көмек беріп қана малымызды аман сақтап қалуға болады. Жақында ғана БАҚ-тан Маңғыстаудағы өлген малдың саны туралы ресми деректі оқып қалдым және оның жалған екенін айтқым келеді. Онда 1 207 мал қырылды деп келтірген. Маңғыстаулық шаруалар отыратын чаттарда, топтарда сұрау жүргізіп көрдім. Солардан келіп түскен ақпарат бойынша биыл өңірде 3 414 мал басы қырылған. Оның ішінде 1 427 бас жылқы, 141 бас сиыр, 1 705 бас қой бар және қалғаны түйе. Бұл маңғыстаулық шаруалардың 10 пайызынан ғана келіп түскен дерек. Сонда шын мәнінде Маңғыстауда қанша мал қырылғанын шамалай беріңіз, – деп ашынған пікірін білдірді маңғыстаулық малшы Әділбек Сағындықов.

Тағы бір маңғыстаулық шаруа Дәуренбек Ғалымжанов та тезірек төтенше жағдай жариялап, көмек берілуі керек дейді. «Көктем, жаз, күз күттік. Енді міне, қылышын сүйретіп қыста кел­ді. Біз күткенмен, мал күт­пей­ді. Биліктің біздің шағымы­мыз­ға құлақ асуын сұраймыз» дейді ол.

Жалпы, ортаға шығып пікірін айтқан шаруалардың барлығы дерлік Маңғыстауда төтенше жағдай жариялануы керек деген талапты қостады.

Жаңаөзеннен келген «Көркем әлем» компаниясының басшысы Темір Лесовтің айтуынша, мал шаруашылығына бөлінген қара­жаттың жер-жерге дұрыс жет­кізілмеуінің себебі заңнамада жатыр.

– Біз қателікті содан көріп отырмыз. Өйткені субсидияның көбі ірі қараға беріледі. Ал Маңғыстауда сиыр бағумүмкін емес. Өңірде 16 мың бас қана аналық бар, өйткені біз сиыр баға алмаймыз. Маңғыстау жері негізінен жылқы мен түйе өсір­генге өте қолайлы. Біз субси­дияны мал деп бөлмей, жал­пы етке беру керек деп есептей­міз. Осы­ған бай­ланысты ұсыны­сы­мыз да бар. Оны үкіметке жіберуге дайынбыз, – дейді Т.Лесов.

Ал Мадияр Аймырзаұлының сөзіне қарағанда, қуаңшылыққа тек адай жылқысы ғана шыдап берді. Басқа тұқым болса баяғы­да қырылып қалар еді деген ол, адай жылқысын асыл тұқымды мал қатарына қосу керек деген ұсыныс айтады. Ақтөбеден кел­ген Марлен Баймағамбетов ауыл шаруашылығына қатыс­ты мәсе­лелердің шаруаларсыз тал­қы­ланып, олардың ұсы­ныс-пікі­рін ескермей шешім қабыл­дана­ты­нына қынжылыс білдірді.

– Шаруалардың заңнамасын қабылдауға шаруалар қатысуы керек. Ешқашан шаруашылық жүр­гізіп көрмеген адам заң қа­был­дамасын. Шаруалар ұсы­ныс­тарын беріп жатыр. Әр өңір өз бағдарламасын өзі дайындау керек деген мәселені де был­тырдан бері айтып жүр­мін. Ауыл шаруашылығы министр­лігі оны өзі бекітуі керек. Олар болса бүкіл өңірді бес бет қағазға біріктіре салғысы келеді. Міне, осыдан қаншама қателік туындайды. Себебі олар жергілік­ті табиғатты, халықтың ментали­тетін, облыс­тың мүмкіндігін ескер­мейді. Ірі қараға ақшаны төгіп жатыр, ал жылқы мен қойға кел­генде тарылып қалады, – деген базынасын айтады М.Баймағамбетов.Құрылтайға арнайы келіп қатыс­қан Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев шаруалардың Маңғыстауда төтенше жағдай жариялау керек деген ұсынысын қолдайтынын жеткізді.

– Мамыр айында сол кездегі министр Сапархан Омаров комиссия құрып, бұйрық шығарып, біз Маңғыстау облысына 9 адамнан тұратын делегацияны алып барып, сол комиссияның шешімімен Маңғыстау облысында төтенше жағдай жариялансын деген хаттама толтырылған. Одан бері алты ай өтті. Келген соң әріптесім Еділ Жаңбыршин екеуміз хаттаманы Үкімет басшысына жолдадық. Содан кейін 3-4 айдан соң резервтен 1,9 млрд теңге қаржы бөлінді. Қазір тек 1 млрд 200 млн-ы ғана халыққа таратылды. Қалған 700 млн-ы пайдаланылмай тұр. Теңге әлсіресе мемлекеттен көмек береді, мұнай бағасы құлдыраса соны өндіруші компанияларға көмек береді, міне енді мал қырылып, елді жұт жайлағанда неге мемлекет қол қусырып отыруы керек? Сосын әркім өз малына өзі ие болсын, өзі бақсын деген түсініктен де арылу қажет. Бұл бәрімізге ортақ проблема, – дейді Мәжіліс депутаты.

Депутат Еділ Жаңбыр­шин болса «Осы құрылтайда айтылған мәселелер бойынша жұмыс істейміз. Тиісті, жа­уапты мекемелерге жеткіземіз. Шаруалардың атынан ұсыныс беріңіздер. Ұсыныстарды қажет болса, комиссия құрып дәлелдеп, жұмыс істейміз» деді.

Өз кезегінде Атырау облысынан келген шаруалар облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовке бұ­ған дейін айтылған ауыл ша­руа­шылық мәселелерін шешіп беруін сұрайтынын жеткізді. Оның ішінде ауыз су мәселесі өте күрделі екенін баса айтты. Түркістан облысынан келген Ержан Журкабаев облыстағы субсидия дауы туралы айтып, министр бекіткен құжаттардың облыс аумағында тиісті деңгейде жүзеге аспайтынын жеткізді. Е.Жур­кабаев мырзаның айтуын­ша, Жетісай, Мақтаарал сынды аудан­дарда жайылым жерлері жоқ. Олар Шардара орман шаруа­шы­лығы аумағындағы жерді жалға алып, мал бағуға мәжбүр екен.

«Бұл – қазақ шаруаларының алғашқы құрылтайы. Тәуелсіздік алғалы бері алғаш рет өтіп жатыр. Мал қайырып, егін егіп жүрген нағыз шаруалардың өздері айтып, өзара талқылап, бір ортаға жиналуының өзі – үлкен іс. Қазір шаруаларға бірлік керек. Ауыл шаруашылық мәселесін шешуге ат салыса алады деген ел азаматтарына, Үкіметке, тиісті мемлекеттік мекемелерге осы құрылтайда айтылған әр мәселені жеткізіп, құжат түрінде береміз» дейді Shopan ata ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев.

Іс-шараның түстен кейінгі сессиясында майлы дақылдарды өңдеу, жүн өңдеу және астық өңдеу мәселесі талқыланды. Одан бөлек ауыл шаруашылығын қаржыландыру және несие пролонгациясы бойынша да ұсыныстар айтылды. Құрылтай бұдан былай жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілмек.