Ақмола облысының Шортанды кентінде газ баллоны жарылысынан зардап шеккен 10 жасар қыз ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Өкінішке орай, Шортанды ауылындағы жарылыс салдарынан зардап шеккен 2011 жылы туған бала кеше, 22 қараша күні кешке көз жұмды. Қыз бала елордалық ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген. Ол дереу жансақтау бөлімшесіне жатқызылды, өйткені жағдайы өте ауыр болды. Дененің термиялық күйігі 60 пайыз, бала комада болды», деді Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіндегілер.
Ведомстводан атап өткендей, барлық жүргізілген емдеу шараларына қарамастан, жансақтау бөлімшесінде науқасты құтқару мүмкін болмады.
Айта кетейік, 16 қараша күні Ақмола облысының Шортанды кентінде газ баллоны жарылып, 3 адам көз жұмды, тағы он адам ауруханаға түсті. Оқыс оқиға түнгі сағат 22:00 шамасында Шортанды кентінде орналасқан үш пәтерлі тұрғын үйде болды.
Газ баллонының жарылуы салдарынан 3 пәтерлі жеке үй өртеніп, оның бір бөлігі құлады. Ауруханаға түскендердің арасында денесінің 70 пайызы термиялық күйік шалған 12 жастағы ер бала 20 қарашада көз жұмды.