• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
28 Ақпан, 2014

Мүгедек жандар мүддесі үшін

643 рет
көрсетілді

Шыны керек, 18 жасқа толған соң мүгедек жандар қайда барарларын білмей дағдарады. Олардың көбі әлеуметтік жәрдемақы ала алмайды, жұмысқа тұрайын десе жағдайлары келмейді, денсаулықтарына орай на­рықта қай мамандықты иге­руді бағдарлай алмайды, айта берсе, күнделікті тірлікте де мүгедектер кезігер проблемалар жетіп артылады. Жақында Қазақстандағы Швейцария елшілігі БҰҰ-ның Даму бағдарламасы аясында Семей қаласындағы көп салалы технологиялық колледж­ге тігін машиналарын тарту етті. «Отбасы орталығы» меке­месінің атқарушы дирек­торы Людмила Асташки­наның айтуынша, бұл тігін жабдықтары аса қажет дү­ниелер. Бұл колледжде дені сау балалармен бірге мүм­кіндігі шектеулі жас­тар да оқып, білім алуда. Қазақстан инклюзивті қоғамға бет бұрғандықтан, ерекше жағдайдағы балаларға барлық мүмкіндіктер жасалуда. Сондықтан да осында жеткізілген 10 тігін машинасы, 2 оверлог, үтіктеуге, киім пішуге арналған үстел­дер Швейцария елінің тартуы болып табылады. Ал­да­ғы уақытта колледж «От­басы орталығының» дөң­ге­лек үстел, семинар-тренинг өткізетін, заңгерлер мен әлеуметтік қызметшілер жұмыс істейтін қауымдас орнына айналмақ. Колледждегі еріктілер осылайша орталық жұмысына көмек жасайтын болады. Бұл колледжде электр-газбен дәнекерлеуші, ағаш шебері, электр монтаждаушы деген нарықта өте үлкен сұранысқа ие ма­ман­дықтар қамтылған. Өткен жылдан бастап мүге­дек жандарға арналған инклю­зивті бағдарлама бойынша үш топ ашылған, бүгінде оның саны алтыға жеткен. Оқу орнына тірек-қимыл қозғалысы бұзылған, өздігінен жүре алмайтын балаларды сабаққа әкелу үшін арнайы автокөлік бөлінген. Үйде отырған балалар енді осында келіп оқуларына әбден болады. Тек мемлекеттен бөлінетін қаражатқа қарап қана отыруға болмайды, дейді қала әкімінің орынбасары Зәуреш Исабаева, сондықтан да осы бағдарламаларды үйлестіруші БҰҰ Даму бағдарламасына үлкен рахмет. «Отбасы ор­талығына» үлкен рахмет. Олар міне, ізденіп, жазып, зерттеп осындай нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Басқа да колледждер осылардан үлгі алу керек. Айта кету керек, Семейде 13 мың мүгедек жан бар екен. Тең жартысы балалар. Бұл колледжде тек мүгедек жандар ғана емес, ересектер де келіп қайта мамандық алып, оқи алады. Бүгінде осынау көп салалы колледжде 90 мүгедек-бала білім алып жатыр. Олар есептеу машиналары операторлары, аспаз, сылақшы мамандықтарын игеруде. Барлығына стипендия мен тегін ас-ауқат беріледі. Колледж директоры Болатжан Құдайбергеновтің айтуынша, алдағы уақытта мүгедектігі бар ересектерді де өздеріне тартып, олардың еңбекке араласулары үшін оқуларына мүмкіндік жасамақ. Оларға заң тұрғысынан және психологиялық көмектер ұсынылады. Жалпы, Семейде мүгедек жандарды қоғамға, еңбекке бейімдеу жақсы жолға қойы­лып келеді. Оның бір айғағы қалада мүгедек жандарға көмек көрсету үйі ашылды. Мұнда мүгедек жандар компьютерде жұмыс істеуді, аяқ киім тігуді, іс тігуді үйренеді. «Көмек» деп аталатын мүгедектер қоғамы сонау 1980-інші жылдардан бастап тыңғылықты жұмыс істеп келеді. Олар мүмкіндігі шектеулі жандарға әртүрлі көмектерін жасайды. Бүгінде «Көмек» есебінде 1800 адам тұр. Енді міне, мүгедектер үйінің ашылуы олардың еңбекке араласуына оң ықпал етпек. Қала әкімінің орынбасары Зәуреш Исабаева айтқандай, жергілікті атқарушы билік оларға барлық мүмкіндік жасауда. Мүгедектер үйінде 30 адам жұмыспен қамтылып отыр. Сондай-ақ, осындай инвотакси шақыртуға болатын диспетчерлік қызмет бар. Мүгедек жандар осында арбалары сынып қалса, келіп жөндетіп алуларына болады. Дегенмен, басты проб­лема, мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбекке етене араласуы болып тұр. – Ең бастысы, жұмысқа жастарды тартамыз, оларды қолөнерге, тігінге үйретеміз, – дейді мүгедек жан Роза Шабатбаева, – өзіміз нені білеміз соны барлығына үй­ретіп, нандарын тауып жеуге мүмкіндік береміз. Осынау әлеуметтік үйді қалпына келтіріп, жабдықтармен көмек көрсеткен әкімдікке, жергілікті кәсіпкерлерге көп рахмет. Бұл жерде мүгедек жандарға барлық көмек тегін. Сондай-ақ, Шәкәрім атын­дағы мемлекеттік университет пен Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының «Әлеу­меттік және эконо­ми­калық қызмет көрсету­дегі жеңілдіктер» атты жоба­сының негізінде мүмкін­дік­тері шектеулі және егде адамдардың құқықтарын қорғау туралы бірлескен облыстық семинар да өткі­зілді. Осы бағдарламаның аясында әлеуметтік жағдайы төмен жандарға жан-жақты көмек көрсетілетін жұмыстар мен зерттеулерге жоба тарапынан қолдау көрсетілендігі нақты айтылды. Мұндай адамдарға жақсы өмір, жайлы жағдайға қол жеткізуі үшін өздерінің құқықтарын жан-жақты білуі қажет. Семинарда егде адамдардың және мүмкіндіктері шек­теулі жандардың заңды құқықтарын қорғау, сондай-ақ мемлекеттік кепілдіктер мен олардың алдындағы міндеттер туралы жан-жақты қарастырылды. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА. СЕМЕЙ.