Басқа-басқа, Сайрам халқы сауық-сайран сала бермей, бір мезгіл қолға кетпен-күрек ұстамаса, өмірдің мәні, сәні болмайтынын жақсы түсінеді. Әйтеуір, сансыз баптар елін мекендеген халық Оңтүстікке еңбекқор, іскер қасиеттерімен танымал. Содан болар бұл аудан тұрғындарының қолға алған кәсіптері де көп, соның есебінен ашылған жұмыс орындары да көп. Көп еңбек еткенге бақыт та басын иеді ғой. Сайрамдықтардың тұрмысы бақуатты.
Бүгінде Сайрам аудан бойынша белсенді кәсіпкерлік субъектілердің саны 17253 бірлікке жетіпті. Ал, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өндірген өнім көлемі 47,9 млрд. теңгені құрап, өсім 7,4 пайызға жетіп отыр. Бұл салада 26,0 мың адам жұмыспен қамтылған. Төленген салық төлемдері 2,7 млрд. теңге. «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы» ЖШС арқылы 113 жоба 1165,7 млн. теңгеге нақты қаржыландырылып, 222 жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында аудан бойынша 30 жоба қаржыландырылыпты.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында құны 1 млрд. 664 млн. теңгеге 4 жоба іске қосылып, 193 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұдан бөлек, Индустрияландыру картасына енбеген басқа да жобалар іске қосылып, 93 азамат жұмыспен қамтылды. Ал өнеркәсіп саласына аудан экономикасын дамытуға өткен жылы 10 024,0 млн. теңгеге инвестиция тартылып, 764 жаңа жұмыс орны ашылған. Өнеркәсіп саласында 2014 жылы 5 253,0 млн. теңгеге 3 инвестициялық жобалар іске асып, 220 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде.
«Сыбаға» бағдарламасы бойынша 382 бас ірі қара мал алынған. 1507 басқа арналған 4 ірі мал бордақылау алаңдары салынды. 1 ет өңдейтін, 1 сүт өңдейтін цехтар іске қосылса, 106 басқа арналған 1 сүт тауарлы фермасы жұмысын бастады. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласына өткен жылы 1 949,8 млн. теңгеге инвестиция тартылып, 340 жаңа жұмыс орындары ашылды.
Жалпы алғанда, Сайрам ауданы бойынша «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 2099 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, 3388 адам қамтылып, жоспар 161,4 пайызға орындалған. Адал еңбек еткеннің қашанда көңілі шат. «Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле» деген дана Абайдың айтқанын іс жүзінде дәлелдеп отырған сайрамдықтардың бүгінгі тірлігі әрбір қазақ баласына үлгі-өнеге болатыны сөзсіз.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Сайрам ауданы.