Облыстың он екі ауданы мен Ембі қаласында Ақтөбе облысы кәсіпкерлері палатасының филиалдары ашылып, өз жұмыстарын бастады. Филиал директорларының тиімді жұмыс істеуі үшін таныстыру семинары ұйымдастырылып, онда олар палатаның негізгі қызмет бағыттарымен таныстырылды. Бұдан басқа сарапшылар семинарға қатысушыларға блоктар бойынша тұсаукесерлер өткізді. Облыстық кәсіпкерлер палатасы әкімшілік бөлімінің бастығы Әира Әбубәкірова жаңадан тағайындалған филиал директорларын жаңа қызметтерімен құттықтап, ортақ істе табыс тіледі.
Біздің басты міндетіміз орталықтан шалғайда жұмыс істейтін бизнес құрылымдарының мүддесін қолдау, құқығын қорғау болып табылады. Біздің құрылымды кәсіпкерлік ортамен және мемлекеттік органдар арасындағы келісім алаңы десе болады. Сіздерге алыс ауылдық жерде кәсіпкерліктің кедергісіз дамуы үшін үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр, деп атап өтті ол.
Филиалдар басшыларына жұмысты ойдағыдай ұйымдастыру тапсырылды. Оларға филиалдарды тіркеу құжаттары және жұмыста басшылыққа алатын материалдар үлестірілді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.