Автокөліктер ағыны артып, экологиялық ахуал күрделене түскен қазіргі кезеңде мотор отыны ретінде табиғи газға көшу мәселесінің маңызы артты. Әлем елдері мұның үнемді әрі тиімді тәсіл екенін әлдеқашан мойындаған. Қазақстан үшін де табиғи газға көшу үдерісін үдету өзекті мәселе болып отыр. Осыған орай Алматыда БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссия аясында «Қазақстанда көлікті декарбонизациялауды қолдау» атты семинар өтіп, екі күнге созылған шарада бензин мен дизель отынын пайдаланудың орнына табиғи газға көшу жайы жан-жақты талқыланды.
Әлем елдерінің сақа сарапшылары мен отандық білікті мамандар бас қосқан семинарды Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС, «Жасыл Даму» АҚ және «Қазақстанның газмоторлы қауымдастығы» ЗТБ бірлесе ұйымдастырған.
Ел Үкіметі Париж және Глазго саммиттерінде қойылған мақсат-міндеттерді, сондай-ақ БҰҰ-ның 2060 жылға қарай Парниктік газдар шығарындыларын дәйекті азайтуды және көміртегі бейтараптылығына қол жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі жаһандық үндеуін толық қолдаған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экология проблемасын еңсеру үшін бұл жұмыстар елімізде жүйелі жалғасын табуы тиістігін тапсырған еді.
Сарапшылардың сөзіне қарағанда, Қазақстанда мотор отыны ретінде табиғи газды пайдалануға көшудің негізгі алғышарты деп соңғы онжылдық ішінде мұнай өнімдерін өнеркәсіптік тұтынудың күрт өсуін атауға болады. Бұл көлік құралдарының еселеп өсуі мен тозуына тікелей байланысты. Болашақта дәстүрлі отын түрлерінің ықтимал тапшылығын болдырмау және ел экологиясын зиянды қалдықтармен ластамау, сондай-ақ Қазақстанда жаңа мұнай өңдеу зауытын салуды неғұрлым кеш мерзімге ауыстыру үшін табиғи газға мотор отыны нарығын әртараптандыру бойынша шешім қабылданды.
2018 жылы Үкімет табиғи газды мотор отыны ретінде пайдалануды кеңейту жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіткенімен, жоба толық көлемде іске асырылмаған. Оған коронавирус пандемиясы, мұнай бағасының құлдырауы салдарынан орын алған әлемдік дағдарыс себеп болды. Десе де бұдан бөлек экономиканың газ және көлік салалары мен жергілікті атқарушы орындар арасындағы іс-қимыл үйлестірілуінің дұрыс жолға қойылмауы да салаға салқынын тигізген.
Екі күн бойы жалғасқан семинарда сығылған және сұйытылған газға көшу арқылы еліміздің көлік секторын декарбонизациялау жайы кеңінен талқыланды. Бұл тұрғыда жолаушылар автобус паркін, темір жол локомотивтерін газдандыру бағдарламаларын іске асыруды қолдау, әсіресе, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік бағытында мамандандырылған жанармай құю бекеттері құрылысын жандандыру жайы назарға алынды.
«Қазақстанның газмоторлы қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Талғат Арыстанбаевтың пікіріне қарағанда, бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бұдан бұрын Үкімет қаулысымен бекітілген «Табиғи газды мотор отыны ретінде пайдалануды өрістету жөніндегі 2019-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының» қолданылу мерзімін 2030 жылға дейін ұзарту қажет.
– Табиғи газды тұтыну – адамдар үшін де, қоршаған орта үшін де тиімді тәсіл. Бұл әсіресе экология жайы ушығып тұрған Алматы секілді мегаполис үшін ауадай қажет. Экономикалық тұрғыдан қарағанда да үнемдеуге жол ашады. Шамалап айтсақ, бүгінгі таңда Алматыда 1600-ден астам қоғамдық көлік болса, оның 550-дейі ғана көгілдір отынмен жүреді. Бұл табиғи газ үлесінің 30 пайызын құрап отыр. Таяу жылдары ең болмағанда осыны 50 пайызға жеткізу жоспарымызда бар. Экология жанашырлары мен қоғам белсенділері бізді қолдайды. Жедел жәрдем мен полиция көліктері, қала тазалығын қамтамасыз ететін техникалар табиғи газға көшсе ауа қабаты едәуір тазарып қалар еді. Бүгінгі семинар барысында осы мәселе де талқыланды. Бұл бағытта тиісті жоспарларымыз бар, – дейді «АвтоГаз Алматы» ЖШС бас директоры Асылбек Батталханов.
Бұрынғы ТМД елдері ішінде табиғи газға көшу тұрғысынан Ресей мен Өзбекстан көш бастап тұр. Тәжікстан, Қырғызстан секілді көгілдір отын пайдалану ісінде кешеуілдеп қалған мемлекеттер де бар. Бір ғана Алматының өзінде көліктер жылына 15 млн текше метр табиғи газ пайдаланады. Ал газға көшкен көліктер саны артқан жағдайда бұл көрсеткіш 50-60 млн-нан асып жығылуы мүмкін.
Межелеген мақсатқа жету үшін халықаралық әріптестермен тығыз байланыс орнатудың маңызы зор. Бұл тұрғыда көгілдір отын тұтыну ісін ертерек еңсерген елдердің тәжірибесіне жүгінудің артықтығы жоқ. Семинар барысында бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы жоспары белгіленіп, қиындықтар мен кедергілерді тойтарудың тың тәсілдері сараланды.
АЛМАТЫ