Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстан Азаматтық альянсының ұйымдастыруымен өткен «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты даму мүддесіндегі әріптестікке 30 жыл» Х Азаматтық форумы Алматы қаласында қорытындыланды. Отыздан астам пікірталас алаңында үкіметтік емес ұйым өкілдері, халықаралық сарапшылар адамзат дамуының түйткілді мәселелерін талқылады.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында коммерциялық емес ұйымдардың жұмысы өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастау алады. Демократиялық үрдістерді жүзеге асыруда азаматтық қоғамның маңызды бөлігі ретінде үшінші сектордың рөлін арттыру мәселесі мемлекет тарапынан қолдауға ие.
Ауыл-аймақтардағы азаматтық бастамаларды дамыту, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, инклюзия және экология тақырыбын қозғаған пленарлық отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды. «Азаматтық қоғам құру – біз үшін негізгі басымдықтардың бірі. Соның жарқын мысалы – Елбасының бастамасымен 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Форум. Диалогтің бұл моделі көптеген мәселені талқылау және ұсыныстар әзірлеу үшін тиімді пікірталас алаңына айналды. Форум азаматтық бастамаларды қолдау үшін жүйелі шаралар қабылдауға ықпал етеді. Сондай-ақ стратегиялық және заңнамалық құжаттарды дайындауға жәрдемдеседі. Өткен жылы менің Жарлығыммен «Азаматтық қоғамды дамыту» тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжат билік органдары мен қоғамдық ұйымдардың әріптестігін күшейтуді көздейді», делінген Президент құттықтауында.
Мемлекет басшысының құттықтауын оқыған Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев отыз жыл ішінде үкіметтік емес ұйымдармен конструктивті диалог және тәуелсіздікке жетудегі азаматтық қоғамның үлесіне тоқталды. «Бұл игі істің басы Семей полигонын жабудан басталып, еліміздің Ата Заңын қабылдаумен жалғасын тапты. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың саны 14 есеге дейін өсіп, бүгінде елімізде 22 мыңнан астам ұйым жұмыс істеп келеді», деді Дәурен Абаев. Азаматтық сектордың қарқынды дамуын мемлекет тарапынан үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру мәселесі жолға қойылғандығымен байланыстыра келіп, Дәурен Абаев осы жылдарда бұл салаға 140 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгенін жеткізді. Өткен жылы Президент Жарлығымен азаматтық қоғамды дамытудың 2030 жылға дейінгі он жылдық тұжырымдамасы қабылданды. Құжаттың басты мақсаты үкіметтік емес ұйымдар жұмысын дамытуға қолайлы жағдайлар жасау, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимыл жолдарын қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен бірге халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайту, донорлық және қайырымдылық қызметке қатысатын бизнес құрылымдары мен азаматтар үшін әлеуметтік-экономикалық шараларды ынталандыру мәселелері де қамтылған.
Жиынның модераторы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Форум аясындағы диалог – елдегі азаматтық бастамаларды қолдаудың жаңа кезеңі. Биылғы жылдың маусым айында ел Президенті азаматтардың құқығы мен бостандығын әрі қарай қамтамасыз ету шаралары туралы қаулы етті. Осыдан отыз жыл бұрын Тұңғыш Президент – Елбасы бастап, Президент жалғастырып отырған бұл үрдіс алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Үкіметттік емес ұйымдар арасындағы диалог бір ғана форуммен шектеліп қалмай, өңірлерде мемлекеттік органдар және азаматтық қоғам арасындағы он күндік шаралармен бастау алды. Осы орайда аталған Форум еліміздің азаматтық қоғам белсенділігінің маңызын аша білді», деп атап өтті. Аида Балаеваның айтуынша, еліміздің дамуына бағытталған қоғамның алғышарттары Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен алғаш І форумда талқыланған болатын. Сол кезеңнен бергі аралықта әлеуметтік мәселелерге қоғамның назарын аудару үшін жұмыс істеп жатқан ұйымдар қатары артып келеді. Әсіресе үкіметтік емес ұйымдардың пандемия кезіндегі белсенділігін ерекше атап өтеміз. Бүгінде тұжырымдаманы дамытудың бірінші кезеңі жүзеге асуда. Осы бағытта ұйымдастырушылық жұмыстармен қатар қоғамдық кеңестер, волонтерлік, қайырымдылық қызметтер туралы заңнамаға толықтырулар енгізілетін болады. Қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететін үшінші сектордың белсенділігін арттыру мақсатындағы жұмыстар алдағы уақытта жалғаса береді.
Азаматтық қоғам өкілдері кездесуінің маңыздылығына тоқталған Азаматтық альянс президенті Бану Нұрғазиеваның айтуынша, Қазақстанның азаматтық қоғамы мемлекеттік саясаттың, сонымен бірге барлық халықаралық ұйымның қолдау көрсетуімен аяғынан нық тұрды. Олардың қатарында саяси партиялар, діни бірлестіктер, кәсіподақтар, бұқаралық ақпарат құралдары бар. Ал азаматтық қоғамның бастамашысы қоғамның тұрақтылығына, дамуына үлес қосуды мақсат ететін ҮЕҰ болып табылады.
Үкіметтік емес ұйымдардың өңірлердегі белсенділігі туралы «Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы тұрақты даму» ҚҚ директоры Серік Жүнісов айтып өтті. Оның айтуынша, ауылдық аймақтарды дамыту мәселесі өзекті. Өйткені бұл мәселе қазақстандықтардың 40 пайыздан астамының мүддесін көздейді. Адам құқығын қорғауға қатысты ойларын ортаға салған «Сана-Сезім» әйелдер құқығын қорғау орталығының жетекшісі Шахноз Хасанова ана мен бала құқығын қорғау, қарттарға қамқорлық, адам саудасы құрбандарының құқығы мәселесінің өзекті екендігін жеткізді. Азаматтық бастамаларды дамыту мен халықаралық ұйымдардың миссиясына қатысты Азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығының атқарушы директоры Жәмила Асанова сөз қозғады. Еліміздегі инклюзивті ортаға мемлекеттің қамқорлығы жайында «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығы» ҚҚ жетекшісі Ләззат Қалтаева айтып өтіп, қоғамның мүгедек жандарға қарым-қатынасына, олардың өзін-өзі дамыту ерекшеліктеріне назар аудару қажеттігіне тоқталды.
Форумда ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында жолға қойылған ынтымақтастық мәселесінің маңыздылығы халықаралық сарапшылардың пікірлеріне арқау болды. Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуына қолдау білдірген БҰҰ Бас хатшысының кеңесшісі Мирьяны Сполярич Эггер халықаралық ықпалдастықтың өзектілігі, бүгінде ұйымның Орталық Азия аймағындағы елдердегі демократия, адам құқығын қорғауға бағытталған жобалары туралы сөз етті. Бұл – кезең өңірді тұрақты дамытудың кепілі.
Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ықпалдастық тәуелсіздік жылдарындағы іскерлік қадамдармен тығыз байланысты. БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі ашылған кезеңде алғашқы жұмыстар гуманитарлық көмектен басталған болса, халықаралық байланыстар бұл күнде қоғам дамуы бағытындағы әріптестікке ұласып отыр. Қазақстанның дамуы Орталық Азия елдеріне серпін берді. Халықаралық ұйыммен ықпалдастық Орталық Азиямен қатар Ауғанстан және аймақ елдерінен тыс аумақтардың тұрақты дамуына, адамзат өмірінің барлық саласына оң ықпал етеді.
Ресей Федерациясы Президент әкімшілігінің өкілі Алексей Власов алдағы уақытта байланыстар жанданады деп сенім білдірді. Бүгінде көрші ел тарапынан Қазақстандағы азаматтық қоғам институттарының тәжірибесі қызығушылық туғызады. Әсіресе пандемия кезінде Қазақстан тарапы өзге шетелдерден жинаған тәжірибесімен бөлісіп, ұлттық жобалармен шектелмей, шекаралық аумақтарда еріктілердің белсенді жұмыс істеуіне ықпал етті. Осы бағытта азаматтық қоғам белсенділерінің қайырымдылық, экологиялық, патриоттық мақсаттағы 40-тан астам жобасы Астраханнан – Атырауға, Орынбордан – Оралға дейінгі географиялық аумақта жалғасты.
Еуропалық одақ елшісінің орынбасары Мачей Адам Мадалински Қазақстандағы ықпалдастықтың осыдан отыз жыл бұрын гуманитарлық бағытта басталғандығын жеткізді. Алдағы уақытта әріптестікті нығайту үшін жергілікті жерлерде адам құқығын қорғауға байланысты бірлескен жұмыстардың жалғасатынын атап өтті. Сонымен бірге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельдегі кездесулерінде де Еуроодақпен ықпалдастық мәселелеріне көңіл бөлінетіндігін жеткізді. Бұл өз кезегінде адам құқығын қорғаудағы мемлекетаралық байланыстардың нығаюына ықпал етеді.
Жаһандық тегеуріндермен бетпе-бет келіп отырған елдерде қауіпсіздік, ішкі тұрақтылық мәселесі өзекті. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының бағдарламалар жəне жобалар директоры Исмаил Абделхани аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін қозғаса, USAID-тың Демократия және денсаулық жөніндегі бөлімі аймақтық директоры Кристиан Фанг Америка-Қазақстан ынтымақтастығы туралы айта келіп, жарты ғасырдан астам тарихы бар ұйымның осы отыз жыл ішіндегі жобалары туралы айтып өтті. USAID өкілінің айтуынша, Америка – алғашқылардың бірі болып Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған елдердің бірі. USAID бағдарламалары азаматтардың қауіпсіз, алаңсыз өмір сүруіне, құқығы тапталмай, инновацияларды пайдалана отырып білім алуына, азаматтық қоғамның белсенділігіне бағытталады.
Екі күн қатарынан өткен Форумның үшінші сектор өкілдерінің тиімді тәжірибе алаңына айналғанына, оның алдағы уақыттағы даму барысына, кедергілермен күрес мәселесіне назар аударылды. Форумның тағы бір ерекшелігі еліміздің ең таңдаулы үкіметтік емес ұйымдарына «Таңдау» сыйлығы берілді. Аталған сыйлық он жылдан астам тәжірибесі бар азаматтық сектордың өкілдеріне он бес аталым бойынша табыс етілді.
Қазақстандықтардың өмір сүру сапасын өзгерте алатын азаматтық бастамаларға атсалысу – әр азаматтың парызы. Өңірлердің дамуы, мемлекеттің алға басуы демократиялық қоғамның басты талабы дейтін болсақ, алдағы уақытта форум аясында көтерілген мәселелер аймақтарға тың серпін беретініне сенім мол.
АЛМАТЫ