• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қараша, 2021

Ақмола алға ұмтылып келеді

200 рет
көрсетілді

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Президент Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауын жүзеге асыру аясында өңірде атқарылып жатқан ауқымды шаралар туралы айтып берді.

Ішкі және сыртқы инвес­тиция тартудың нәтижесінде өңірде 35 ірі және орта кә­сіп­орындар құрылды. Атап айтқанда, «Алтын­тау-Көкше­тау» АҚ, «Новопэк», «ЕНКИ» сияқты ірі ұжымдар мен ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникаларын құрастыратын «Қазақстандық агро инновациялық корпорациясы», «Көкше-цемент» және басқа да көптеген кәсіп­орын. Барлық жоба облыс экономикасы үшін со­ны серпін берері сөзсіз. Ай­­мақ­та құрылыс қар­қын­ды жүргізілуде. 62 мыңнан астам отбасы баспанамен қам­тамасыз етілді.

Облыс әкімі азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтамасыз ете­тін агроөнеркә­сіптік кешен өңір экономикасының ажырамас бөлігі болып қала беретінін атап өтті. Мәселен, бүгінге дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 11,5 млн теңгеден 682 млрд тең­ге­ге дейін өскен. Өңір дәс­түр­лі аграрлық бағыттан агро-индустриялық бағыт­қа біртіндеп көшуде, өң­деу өнеркәсібінің үлесі ұл­ғаюда. Экономикалық бел­се­н­­­­ді­лік­тің драйвері – инвести­ция­лардың өсуі. Биыл он айда экономикаға 403 млрд теңге қаражат бағытталды. Жыл соңына дейін жалпы құны 164 млрд теңге болатын 34 жоба жүзеге асырылмақ. Жаңадан 1 400 жұмыс орны ашылады.

– «КАИК» компаниясы  ауыл шаруашылығы техника­сының 20-ға жуық түрін құрас­тырады. Кәсіпорын жо­ға­ры өнімді «ТОРУМ» ком­байндарын шығаруды игерді, – деді облыс әкімі, – болашақта компания қуатын жылына 3,5 мың техника дайындауға дейін жеткізбек. Кәсіпорында жыл басынан бері жалпы құны 37 млрд теңге болатын 1 629 бірлік техника құрастырды. Сонымен қатар KazRost Engineering компаниясы өңір шаруаларына тиімді және қажетті жаңа жобаны жүзе­ге асырып, шағын трактор­лар өндірмек. Компанияның инвестиция көлемі – 1 млрд теңгеден астам, жыл басынан бері кәсіпорында 1,8 млрд теңгеге 82 трактор, 29,5 млрд теңгеге «Вектор» жә­­не Acros маркалы 589 да­на астық жинайтын комбайн құрастырылды. Өңірде «Ев­разия Групп Казахстан» серіктестігінің жаңа сервистік орталығы пайдалануға берілді. Бұл ТМД-дағы ірі және солтүс­тік аймақтағы «Джон Дир» ауыл шаруашылығы техникаларына қызмет көрсететін жалғыз компания. Инвестиция сомасы – 2,6 млрд теңге.

Облыс әкімі өңірдің құры­лыс индустриясында да жаңа жобалар жүзеге асырыла бастағанын баян етті. Мәселен, Бұланды ауданындағы «Ма­кинск жылу оқшаулау зауытында» минералды мақ­та плиталарын, Қосшы қаласын­дағы «Сапа су» ЖШС-де кең диаметрлі темірбетон құ­быр­ларды шығару жолға қойыл­ған. Соңғы он жылда кірпіш өндірісінің көлемі 10 есе өсті. ENKI серіктестігі ірі зауытты іске қосып, кірпіш өндірісін жылына 90 млн данаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Аршалы ауданында қуаттылығы 120 млн дана болатын SG Brick кірпіш зауытының құрылы­сы аяқталып, келесі жылы іс­ке қосылады деп күтілуде. Зе­рен­ді ау­данын­да қуаты жы­лы­­на 22 млн дана, құны 221 млн тең­ге бо­ла­тын тағы бір Ceramics кірпіш зауыты ашыла­ды. Бұл жобалар жүзеге асырылған соң екі жыл ішінде өңірдің қажеттілігін толық өтеуге мүм­кіндік бермек.

Тау-кен өнеркәсібінде де толымды табыс бар. Ағым­дағы және келесі жылы Степ­ногор қаласы мен Бу­ра­­бай ауданында алтын өңдей­тін фабрикалар пайда­лануға беріледі. Олар жылына 10 млн тонна кен өңдей алады. Жаңа өнер­­кәсіп орындарының іс­ке қосылуы еліміздегі осы бағыт­тағы өнімнің молаюына өзіндік үлес қоспақ. Ең бастысы, 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Индустрияландыру аясында жалпы құны 336 млрд теңге болатын 40 жоба іске қосылып, 4,1 мың адам жұмыспен қамтылмақ.

– Жоғарыда атап өткенім­дей, аймақ негізінен аграрлық өңір санатында, – деді одан әрі облыс басшысы, – биылғы құрғақшылық жылдың өзінде өңір диқандары әр гектардан 8,8 центнер өнім алып, шамамен 4 млн тонна астық жинады. Суармалы жер көлемін ұлғайтуға тырысудамыз. Қазір мұндай алқаптардың көлемі 30 мың гектарға жетті. Алдағы уақытта, суармалы жерлерді кеңейту Есіл және Жарқайың аудандарында Бұзылық су қоймасының құрылысымен байланысты болмақ. Осы маңызды жобаны іске асыру өңірді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді. Мал қыстату науқанына да тыңғылықты әзірлік жасалды. 1,3 млн тонна шөп, 245 мың тонна пішендеме, 190 мың тонна сүрлем, 650 мың тон­на астық қоспасы дайын­дал­­ды. Облыста жыл аяғына дейін 6 мың бас малға арналған 112 ет өндіру бағытындағы және 4 мың бас малға лайықталған 19 тауарлы сүт фермасы іске қосылмақ. Құс шаруашылығы да дамып келеді. Алдағы жылы Макинск құс фабрика­сының үшінші кезеңін іске қосу нәтижесінде құс етін өндіру­дің жылдық қуаты 75 мың тоннаға дейін жеткізіл­мек. Осы орайда, 2 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Тағы бір импорт алмастырушы бағыт – өсімдік майының өн­дірісі. Жуырда Бұланды ауда­нында тәулігіне 600 тонна шикізат өңдейтін «Бота-2015» серіктестігінің майлы-экстракциялы зауытын іске қосамыз. Жоба құны – 4,2 млрд теңге.

Өңірде автожолдардың жағ­дайын жақсартуға бағыт­тал­ған инвестициялық ау­қым­­ды жобалар қолға алын­ған. Биыл жергілікті маңызы бар автожолдар мен көше-жол желісін салуға және жөндеуге 38 млрд теңге бағытталды. Соңғы бес жыл ішінде қазіргі жолдарды қоса есептегенде 2 400 шақырымнан астам жергілікті жол салынды және жөнделді, оның ішінде шамамен 800 шақырымы – ауылдық жолдар.

Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бірінші кезектегі басымдықтардың қатарында. 2018-2020 жылдары орталықтандырылған сумен жабдықтау қалалар бо­йынша 13%, ауылдық жерлерде 6% өсті. Биыл 46 елді мекенде сумен жабдықтау жүйелерін жөндеуге және құрылысын жүзеге асыруға бағытталған 58 жобаға 10,7 млрд теңге бөлінді. Жыл аяғына дейін шамамен 6 мың ауыл тұрғыны орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі. 2025 жылға дейін 107 ауылда сумен жабдықтау желілерін салу, тағы 57 шағын ауылда блок-модульдерді орнату жос­парлануда. Бұл іс халықты сапалы сумен 100% қамтуға мүмкіндік беРеді. Биыл жылумен жабдықтау саласын дамытуға 14,6 млрд теңге көзделген.

Азаматтарды әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту әрқашан назарда болатыны анық. Еңбек нарығында 17 мыңнан астам жұмыс орындары пайда болды. Оның 10 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орны. Жыл басынан бері 38 мыңға жуық адам әлеуметтік төлем алды. Әлеу­меттік көмекке зәру 11,5 мың адамға 620 млн теңге төленді.

Қосшы, Раздольное, Мак­симовка, Төңкеріс ауылдарында 4 мектеп пайдалануға берілмек. Облыста 1 260 орындық 5 балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Сон­дай-ақ Көкшетау қаласында есту қабілеті төмен балалар үшін 280 орындық және қозғалысы нашар балалар үшін 166 орындық мектепке дейінгі екі мекеменің құры­лысы жүргізілуде.

Былтыр 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар балабақшамен толық қамтылды. Осылайша, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі мекемемен қамту көрсеткіші 83,5% жетті. 2025 жылға осы санаттағы балаларды 100% қамту міндеті тұр.

Денсаулық сақтау сала­сы­ның материалдық-тех­никалық базасын нығайту үшін 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл қаржыға 1 КТ, 2 рентген аппараты, ангиограф және тағы басқа қажетті жабдықтар алынды. Көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсарту және ауруды ерте анықтау мақсатында Көкшетау қала­сын­да онкологиялық емхана салынды. Жыл соңына дейін Қосшы қаласында 150 келушіге дейін қабылдай алатын емхана пайдалануға берілмек. Целиноград ауданы­ның Қараөткел және Қоянды ауылдарындағы бір ауысымда 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория ашылады. Сондай-ақ Көкшетау қаласында 630 орындық заманауи көпбейінді аурухана бой көтермек.

Жиын барысында өңір басшысы облыстың әкімшілік-аумақтық құрылымында об­лыстық маңызы бар Қосшы қаласының пайда болуын, елді мекен тұрғындарының саны 10 жыл ішінде 11 есеге өсіп, 50 мыңнан астам адамды құрап отырғанын айтты.

 

Ақмола облысы