• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Желтоқсан, 2021

Тұрғындарға берілген баспана

182 рет
көрсетілді

Былтыр Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен аймақта «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынған болатын. Нәтижесінде, аталған бастама өңір тұрғын­дары тарапынан да қызу қолдау тауып, көптеген мұқтаж отбасы баспаналы болып жатыр.

Мұндай шаралар Тараз қаласы мен аудандарда да жалғасуда. Аталған жоба аясында Тараз қаласындағы бірқатар жомарт азамат та «Шалғай Қарасу» тұр­ғын алабынан қаралған жер те­лімінен 15 үйдің құрылысын бастаған болатын. Жуырда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, жеті үй пайдалануға бе­рілді. Қалған сегіз үйдің де құ­рылысы жыл соңына дейін аяқ­­талады деп жоспарланған. Облыс әкімі Б.Сапарбаев тараз­дықтардың қуанышына ортақ­тасып, қоныстой иелерін арнайы келіп құттықтады.

«Ежелден бері елдік мұрат­ты, ұлттық құндылықтарды ерекше дәріптеген халқымызда ғасырлар бойы кісіліктің көркем үлгілері қалыптасқан. «Жұмы­ла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қолда барын бір-бірімен бө­лісіп, біріне-бірі қамқор, тілеу­лес болған ұлттың ұлылығы да осында. Қазақ топырағында қа­лып­тасқан «Асар» игі дәстүрі со­ның бір айғағы. Бүгінде ұлттың болмысындағы осы бір ерекше қасиет облысымызда жаңғырып, жалғасын тауып, туған-туыстар мен ауылдастар жиылып мұқтаж жандарға көмек қолын созуда. Оған жергілікті билік те атсалысуда. Біз сонау ашаршылық және соғыстан кейінгі қиын жылдары да бір-бірімізге қол­ғабыс білдіріп, бірлігімізден айырыл­маған елміз. Өзге ұлт өкіл­дерін де бауырымызға басып, мейірімділік танытқанбыз. «Асарлатып үй салу» жобасының мақсаты мұқтаж жандарға үй салып беру ғана емес, өзара бір­лігіміз мен ынтымағымызды, қоғам­дағы өзара келісімді, қам­қорлықты арттыруға негіз­дел­ген», деді Б.Сапарбаев.

Сондай-ақ облыс әкімі қоныс­той иелеріне баспана кілттерін тапсырып, үйлердің құрылысы­на атсалысқан барша азаматтар­ға, жеке кәсіпкерлер мен қала басшылығына ризашылығын біл­дірді. Б.Сапарбаев өз сөзінде «Жомарт түлек», «Таразға тар­ту» секілді жобалары аясын­да демеушілер есебінен атқа­ры­лып жатқан жұмыстардың нәти­желеріне де тоқталды.

Баспаналы болған тұрғындар атынан Аида Абдезова сөз алып, өзі секілді талай жыл пәтер жалдап келген отбасылар, көпбалалы аналар үшін бұл үлкен көмек, тамаша тарту екенін айтып, облыс басшылығына және бұл іске атсалысқан барша жандарға алғыс айтты. Бүгінде аталған тұр­ғынжай алабында инженерлік-инфрақұрылымдық мәселелері де оңынан шешілуде. Ең басты­сы, жарық пен газ тартылған. ­Ке­лесі жылы таза ауыз су мен жол мә­се­лесі түбегейлі шешілетін бо­ла­ды. Жақын маңнан жаңа мектеп те салынуда. Пайдалану­­ға бе­рілген үш бөлмелі әр үйдің аумағында сегіз сотық жері бар. Ал үйлердің аулаларына тақ­­­­татастар төселіп, қоршау да орна­­тылған. Сонымен қатар әр бөл­ме қажетті жиһаздармен жаб­дықталып, тұрмыстық заттар­мен де қамтылған.

Жалпы, облыс бойынша «Асар­латып үй салу» жобасы аясын­да былтыр 99 үй салын­са, биыл 133 үй тұрғызу жос­пар­ланған. Ал бүгінге дейін 75 үй­дің құрылысы аяқталған. Қал­ған үйлер жыл соңына дейін пай­да­лануға беріледі. Бұдан ке­йін облыс әкімі Б.Сапарбаев атал­ған тұрғын алапта салынып жат­қан 600 орынды жаңа мек­тептің құрылысын барып көрді. Мердігер – «Темір Строй сервис и Ко» ЖШС. Бүгінде құрылыс жұ­мыстарының басым бөлігі аяқ­талған. Аталған нысан келесі жыл­дың басында пайдалануға бе­рілмек. Өз сөзінде Б.Сапарбаев жұмысты сапалы әрі жеделдетіп жүргізуді тапсырды. Сонымен қа­тар білім ошағының ішкі және сырт­қы әрлеу жұмыстарына айрықша ден қою керектігін баса айтып, жауаптыларға нақты тапсыр­ма берді.