Жамбыл облысында бүгінде атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Мұндай жүйелі жұмыстар легі келесі жылы да жалғасын табатын болады. Nur Otan партиясының облыс мәслихатындағы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысында көптеген мәселе талқыланып, тиісті шешімдер шығарылды. Жиында партияның 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол карталарының орындалу барысы қаралды.
Жиынға облыс әкімі, партия облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков қатысты. Сессияны фракция жетекшісі Мұқаш Ескендіров жүргізіп отырды. Сондай-ақ жиын барысында облыс әкімінің орынбасарлары Талғат Мамаев, Рүстем Дәулет және Дәулет Кәрібек атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндаса, фракция мүшелері Айгүл Ақшалова мен Керімқұл Бегалиев сайлауалды бағдарламаларының орындалу барысы мен депутаттық міндеттерін атқаруы туралы есеп берді. Қатысушылар Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Саяси кеңестің кеңейтілген отырысындағы «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидатынан туындайтын міндеттер және депутаттардың рейтингісін қалыптастыру мәселелері туралы талқылады. «Кешегі арнайы мәжілісте Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: баршаға лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жол картасын» орындау шаралары талқыланды. Әрбір көрсеткіштердің орындалуына бақылау жүргізуге барлық фракция мүшелері бекітілген. Жауапты мекемелер өзара бірлесе отырып шешу жолдарын қарастыру керек. Алдағы жылдардағы көрсеткіштер осы бастан пысықталуы тиіс», деді Б.Сапарбаев.
Сонымен қатар облыс әкімі «Жол картасы» аясында 2022 жылы 119 елді мекенге газ, таза ауыз су тарту, көшелерді жарықтандыру, 54 әлеуметтік нысанның және 500 шақырымнан асатын жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары жоспарланып отырғанын айтты. «Жол картасы» көрсеткіштерінің орындалу сапасы да партиялық депутаттардың жұмысын бағалаудың басты өлшемі болып табылатынын жеткізді.
Депутаттарды бағалау әдістемесіне де айтарлықтай өзгерістер енгізілген. Биылғы жылдың тамыз айынан бастап қанатқақты режімде ақпараттық жүйеде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының рейтингі қалыптастырылуда. Өзгерістерге сәйкес, бұдан былай мәслихат хатшылары мен фракция жетекшілерінің бағалауына «Жол картасындағы» барлық индикаторлардың орындалуы, оларды қаржыландыру мәселесі, Қоғамдық кеңестердің жұмыс тиімділігі секілді арнайы тармақтар енгізілген. Яғни оларды бағалау жүйесі күшейтіліп отыр.
«Партияның кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік жылдарындағы атқарылған шаруаларды саралай келе, жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттарын ұсынды. Олар: Тәуелсіздік – кез келген азамат үшін ең қастерлі құндылық, Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры, Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы, Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі, Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі, Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті, Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі. Бұл қағидаттардың халқымыз үшін, әсіресе, жас ұрпақ үшін маңызы зор. Біз үшін оның орындалуы аманат, міндет. Елдіктің жеті тұғыры – болашағы жарқын, еңсесі тік, рухы асқақ ұрпақтың ұраны. Біздің алдымызда аталған қағидаттан туындайтын үлкен міндеттер тұр. Бұл тұрғыда облыс тұрғындары арасында кең ауқымды түсіндіру шараларын қолға алуымыз керек», деді әкім.
Сондай-ақ Б.Сапарбаев филиал басшыларына бірқатар міндет жүктеп, «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығы мен кеңейтілген Саяси кеңес отырысының қорытындыларын талқылау үшін ірі бастауыш партия ұйымдары, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, беделді қоғам қайраткерлері, сондай-ақ сарапшылардан құралған спикерлер пулын жасақтау, ақпараттық-түсіндіру топтарын құрып, топтың жыл соңына дейін атқаратын жұмысының кестесін әзірлеуді тапсырды.