Мәжілісте «Азаматтық қорғау жүйесін дамыту туралы» атты тақырыпта Үкімет сағаты өтті. Отырысты ашқан Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева тақырыптың өзектілігін айта отырып, азаматтық қорғау жүйесін одан әрі дамыту халықтың қауіпсіздігін және елдің экономикалық әлеуетін қамтамасыз етудің аса маңызды шарты екенін атап өтті.
Депутат келтірген деректерге сүйенсек, кейінгі 4 жылда (2018-2021 жылдары) республика аумағында 56 783 төтенше жағдай мен табиғи және техногендік сипаттағы оқиға тіркелген. Соның салдарынан 9 047 адам зардап шекті, оның ішінде 2 875 адам қаза тапты. Материалдық залал 19,4 млрд теңгені құрады. «Аталған жағдайларда азаматтарымыз өз қайғы-қасіретімен жалғыз қалған жоқ. Мемлекет зардап шеккен халыққа қолдау көрсету және төтенше жағдайлардың салдарын жою мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Бұл үшін Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың резервтерінде жыл сайын қаржылай қаражат көзделіп, мемлекеттік материалдық резервтің ресурстары пайдаланылады. Жалпы, төтенше жағдайларды болғызбау мүмкін емес, бірақ алдын алу шараларын қолданып, олардың санын, ауқымын едәуір азайтып, салдарын жұмсарта аламыз», деді Б.Кесебаева.
Осы орайда, Мәжіліс Төрағасының орынбасары төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жөніндегі тиімді қызметті қиындататын бірқатар мәселеге тоқталды. «Елдің сейсмикалық қауіпті аудандарында өнеркәсіптік әлеуеттің 40 пайыздан астамы шоғырланған, ел халқының жартысына жуығы тұрады. Бұл ретте сейсмикалық қауіпті аудандардағы өнеркәсіптік және азаматтық ғимараттардың, инженерлік құрылыстардың едәуір бөлігі сейсмикалық тұрақтылық талаптарына сай келмейді. Республикада су тасқынының әсеріне ұшырауы ықтимал 925 қауіпті учаске бар, оның ішінде 189 елді мекенге еріген қар суы қауіп төндіреді. Аймақтарда қажетті алдын алу инженерлік іс-шараларын жүргізу бойынша мақсатты жұмыстардың болмауы су басудан келетін залалды азайтуға кедергі келтіреді. Осының салдарынан шұғыл шаралар қабылдауға және су тасқыны мен су басудың салдарын жоюға, зардап шеккен халыққа келтірілген материалдық залалды өтеуге олардың алдын алуға қарағанда әлдеқайда көп қаражат жұмсалады. Республика аумағында сел, шөгу және көшкін қаупі бар учаскелер саны артып отыр», деді Б.Кесебаева.
Сондай-ақ аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары ауданының ауқымды болуы айтарлықтай проблема болып отыр. Жыл сайын көктемгі-жазғы кезеңде эпидемиялық ахуал шиеленісе түседі. Бұдан бөлек, ел экономикасындағы өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйі едәуір алаңдаушылық туғызып отыр. Өнеркәсіптің неғұрлым қауіпті салаларындағы және көліктегі апаттық деңгей жоғары. Техногендік төтенше жағдайлар көбінесе жабдықтардың пайдалану мерзімінің асып кетуіне, қызмет көрсету мен жөндеудің сапасыз жүргізілуіне немесе уақтылы жүргізілмеуіне байланысты болатыны анық. Б.Кесебаеваның айтуынша, гидротехникалық құрылыс жайлардың қауіпсіздігі, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайы күрделі күйінде қалып отыр.
Бұдан кейін Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау органдарын дамыту мәселелері бойынша баяндама жасады.
Ведомство басшысының айтуынша, зілзалалар қаупін азайту, адам шығынын барынша азайту үшін министрлік маусымдық және ықтимал қауіп-қатерлерге уақтылы ден қою бойынша мақсатты шараларды тұрақты негізде қабылдайды. Осыған байланысты, климаттың өзгеруіне және оның салдарына қарсы күрес бойынша шұғыл шаралар қабылдауды талап ететін орнықты дамуға қол жеткізу үшін 2015-2030 жылдарға арналған зілзалалар қаупін азайту жөніндегі Сендай негіздемелік бағдарламасына сәйкес зілзалалар қаупін азайтудың ұлттық стратегиясын іске асыру жүргізілуде.
Сонымен қатар цифрландыру аясында алдағы перспективада министрлік аналогтық байланыс құралдарынан цифрлық байланыс құралдарына біртіндеп көшуді және спутниктік терминалдармен жарақтандыруды көздеп отыр. Осы орайда, халықты хабардар ету және құлақтандыру ету үшін SMS-таратудың балама шешімі шеңберінде төтенше жағдай туралы жедел ақпаратты қамтитын «Дәрмен» мобильді қосымшасы пайдаланылады.
Министрдің айтуынша, қабылданған шараларға және соңғы жылдары олардың төмендеу үрдісіне қарамастан, өрттердің саны әлі де елеулі болып қалуда. Төтенше жағдайдар мен оқиғалардың басым көпшілігі – адамдардың өміріне және ел экономикасының дамуына қауіп төндіретін және болып жатқан барлық ТЖ-ның 89%-ын құрайтын өрттер (тұрмыстық, өндірістік, орман-дала). Өрттің негізгі себептері: қарапайым талаптар мен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын сақтамау, ақаулы электр аспаптарын пайдалану, қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларының болмауы. Өрт қауіпті кезеңде жағдайдың үздіксіз мониторингі және орман-дала өрттерін болжау ұйымдастырылады. Бұл мақсатта барлық өңірде ғарыштық мониторинг қызметтері пайдаланылып жатыр және арнайы геопорталдар әзірленген.
Үкімет сағаты барысында депутаттар әскери бөлімдер мен жақын елді мекендердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, алдын алу шаралары және білім деңгейін арттыруға, өнеркәсіптік қауіпсіздікке, азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты мәселелерді көтеріп, жауапты мемлекеттік орган басшысына сұрақтар қойып, пікір алмасты. Талқылау қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар қабылданады.