Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Алматыда әлемдік деңгейдегі білім беру мен технологиялар саласындағы EdCrunch Glocal конференциясы өтті. Заманауи жетістіктерді білім жүйесінде қолданудың үздік тәжірибелерін дүние жүзінің 20-дан аса елінен жиналған сарапшылар талқылады.
Негізі қаланғаннан бергі 8 жыл аралығында EdCrunch Glocal алаңында кәсіби мамандар, бизнес саласының өкілдері білім саласындағы трендтер бойынша тәжірибе алмасып келеді. Іс-шараға Мәскеу, Тель-Авив және Сингапурдағы жергілікті студиялардың спикерлері арнайы интерактивті edcrunch.online алаңы арқылы қосылып, білім кеңістігіндегі жаңалықтарды талқылады.
Конференцияда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов заманауи технологиялардың әлеуметтік институттарға ықпалы туралы айтып өтті. Сарапшылардың пікірінше, Edtech нарығы қазіргі кезде 227 млрд долларды құраса, таяу келешекте бұл көрсеткіш бірнеше есе өседі.
«Біздің қазақстандық сегмент кейінгі жылы қарқынды өсіп келеді. Соңғы 2 жылда көп нәрсені қайта қарастыруға тура келді. Білім беру платформалары, Zoom, Teams онлайн-сабақтары әрбір қазақстандық оқытушының тәжірибесіне жылдам еніп кетті. Қазақ тіліндегі контент ұлғайып келеді. Жергілікті EdTech компаниялары контентті өз бетінше әзірлеп, үздік халықаралық ақпаратты да нарыққа бейімдей бастады. Цифрлы кеңістіктегі қолданыс, меңгеру дағдыларының төмендігіне қарамастан, қиын жағдайда заманауи мүмкіндіктерді тез меңгере алдық. Ең бастысы, пандемияға дейінгі кезеңге кері жол жоқ. Білім саласы дами отырып, жаһандық трендтерді тез меңгере алады», деп атап өтті министр.
«Балалардың ерте дамуы», «XXI ғасыр мектебі және дағдылары», «Цифрлы университет, корпоративтік оқыту», «EdCrunch Stage, EdTech нарық және инвестициялар», EdCrunch Night – edutainment event (білім беру шоуы) сияқты тақырыптарды арқау еткен конференцияда Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың білім жүйесіндегі технологиялық мүмкіндіктерге тоқталды. Бүгінде Алматыда мыңнан астам білім беру мекемесі жұмыс істейді. Осы орайда мектептерді заманауи қондырғылармен қамтамасыз ете отырып, цифрлы сервистерді дамыту, мұғалімдерге жағдай жасау талантты балаларды қолдау жалғасын таба береді.
«Жаңа білім беру тәжірибесін жобалау» тақырыбын талқылауға әлемнің көптеген елінен жиналған 400-ден аса спикер 100-ден астам пікірталас алаңында кездесіп, педагогикалық дизайн саласындағы озық тәжірибелер, білім беру саласына жаңа технологиялардың әсері, ғылыми жетістіктер тақырыбын қамтыды.
Онлайн және офлайн форматтағы конференцияға Сколково басқару мектебінің практика профессоры П.Лукша, Fincraft Group холдингінің президенті К.Рақышев, режиссер-сценарист, Bazelevs кинокомпаниясының негізін қалаушы Т.Бекмамбетов, Tan Media Group иесі А.Байтасов, «Сәби» қайырымдылық қорының президенті Ә.Тасмағамбетова, «Яндекс» білім беру жобаларының продюсері А.Чуковская, Lancaster Group директорлар кеңесінің акционері және төрағасы Б.Каниев, Altyn Qyran Foundation Қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы И.Салжанов, Aitas KZ холдингінің басшысы С.Толықпаев және басқа да бизнес өкілдері мен білім сарапшылары қатысып, әлемдік білім кеңістігіндегі жаңа технологиялардың жетістігі туралы пікірлерімен бөлісті.
АЛМАТЫ