• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Желтоқсан, 2021

Газ тасымалының сапасы артты

404 рет
көрсетілді

«ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы қарсаңында Түркістан облысында «Жетісай» және «Шар­дара» жаңа газ өлшеу стансаларын (ГӨС) іске қосты. Заманауи құрыл­ғылармен жабдықталған бірегей кешен газ сапасын жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік беріп, тұтынушыларды жылдың төрт мезгілінде газбен қамтамасыз етуге қауқарлы.

Қос нысан да көгілдір отын сапасын саралаудың жаңа моделіне сай жарақ­талған. Мұнда маман­дар сұйық отынды сүзгіден өткі­зіп, халықаралық стандарттар шең­берінде қабылдайды. Газ құ­рамындағы қысым мен өзгерістер­ді анық­тауға цифрлы форматтағы жаңа техно­логиялардың көме­гі пайдаланыл­мақ. Жаңа станса­лар­дың шалғай аймақ­тар­да орна­ласқанына қарамастан, қажетті инфрақұрылымдық жағдай жасалып су, жарық, кәріз жүйесімен толықтай қамтылған.

Бұған дейін елімізде дәл мұн­дай газ есептеу стансалары бол­маған еді. Яғни бізге газ жөнел­терде өзбек тарапы көгілдір отын мөлшерін өздері өл­шеп жіберетін-ді. Енді «ҚазТрансГаз» ұлт­тық компаниясының бірегей жобасы Өзбекстан мен Қазақстан ара­сындағы көгілдір отынға қа­тысты алыс-берісте күрделі мәсе­лелердің туындауына жол бер­мейді. Құрылысы екі жылға со­зылған алып стансалар нақты мәлімет алып, газбен қамту ісіне серпін беруге қолай тудырмақ. Бұл өз кезегінде сала мамандарын қуантып отыр.

«Шардара» ГӨС «Газли-Шым­кент» магистралды газ құ­­бы­рының 314 шақы­рымында орна­ласқан, жобалық газ қы­сымы 7,5 МПа (75 кгс/см2) және өнім­ділігі сағатына 834 мың текше метрді құрай­ды. «Шардара» ГӨС елді мекендерден ең шалғай және өз аналогы бойынша іс жүзінде бі­регей объект екенін атап өткен жөн. Ондағы өндірістік процесс электр энергиясының және сумен жабдықтаудың сыртқы көздеріне қарамастан, дербес жүзеге асырылады.

Ал «Жетісай» ГӨС «Бұқара газ­ды ауданы – Ташкент – Бішкек – Алматы» магистралды газ құбы­рының 372 шақы­ры­мында орна­ласқан, жобалық газ қы­сымы 5,4 МПа (55 кгс/см2) және өнімділігі сағатына 834 мың текше метр. Екі стансасы да заманауи және дәлдігі жоғары құрылғылармен жабдықталғандықтан газ шығы­нын өлшеу нақтылығы арта түскен. Сонымен бірге газ компонентінде құбыр металына агрессивті әсер ететін химиялық элементтердің болуын уақтылы анықтауға мүм­кіндік береді.

«Интергаз Орталық Азия» АҚ Техникалық дирек­торы Серікхан Байза­қовтың айтуынша, соңғы үлгідегі заманауи стансаларды пайдалануға берудің нәтижесін­де Өзбекстан аумағынан қазақ­стан­дық ма­гистралды газ құбыры жүйесіне түсе­тін газды есепке алу­ды өл­шеу дәлдігі артат­ын болады. Сондай-ақ бұл газ тасымал­дау жүйесіне газ құбырының өт­кізу қабі­летінің төмендеуіне, қыз­мет ету мерзімінің азаюына, гидраттардың пайда болуы үшін қолайлы жағдай туды­руға, газ құбырын жөндеу бойынша шығыс­тардың ұлғаюына жол ашпақ. Оған қоса кондициялық емес газды беруді бақылау және алдын алу үшін газдың сапалы көр­сет­­кіштерін арттыруға да мүмкіндік мо­лай­мақ.

 – Ел игілігі үшін ашылып отыр­ған қос нысанның маңызы ерекше. Бұл – қуатты газ есептегіш. «Жетісай» және «Шар­да­ра» жаңа стансаларын пайдалануға беру Өзбекстаннан Қазақстанға келетін газды есепке алуды өлшеу дәлді­гін арт­тыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар стансаның заманауи жабдығы газдың сапалық құрамын бақылауға және құбыр металына кері әсер ететін химия­лық эле­менттерді уақтылы анықтау­ға септеседі. «ҚазТрансГаз» ұлт­тық компаниясының басты мін­деттерінің бірі – отандық газ тасымалдау жүйесінің сенімділігі мен қуатын арттыру. Бүгінгі таң­­да Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай газшылар еліміздің тәуелсіздігін нығай­туға, оның энергетикалық қа­уіп­­сіздігін қам­­тамасыз етуге өз үлес­терін қосуда. Алай­да жаб­дықтар қаншалықты зама­науи болса да, «ҚазТрансГаз» компа­ния­сы­ның ең құнды ресурсы – адамдар. Сондық­тан газ өлшеу стансаларының маңында вахта­лық қалашықтар салынды, онда қызметкерлер үшін барынша қо­лайлы еңбек және тұрмыс жағ­дайлары жасал­ған. Ауысымнан кейін жұмысшылар ты­­ныш, жайлы ортада демала алады, – дейді «Интергаз Орталық Азия» АҚ Тех­никалық директоры Серікхан Байзақов.

Ел аймақтарын көгілдір отынмен қамту мемлекет үшін маңызды мәселенің бірі. Бұрын газ сапасы аптасына бір мәрте сараптамадан өтетін болса, қазір Германияда шығарылған тың қондырғының көмегімен мұны дер кезінде анық­тау мүмкін болып отыр. Стансалар қоршаған ортаны ластамайды әрі үнемді. Екі станса да елі­міздің газ саласындағы энергетикалық қауіп­сіздігін арттыруға септігін тигіз­бек. Отандық өндірістің дамуына да оң ықпал етіп, өңір эконо­микасының ілгерілеуіне де жол ашады деп есептейді мамандар.

Елдің экономикалық ахуалы жақсарған сайын көгілдір отын­ға деген сұраныс арта бермек. Бұл, әсіресе, аумағы ұлғайып, ха­лық саны еселеп өсіп жатқан аймақ­тарға тән құбылыс.

Қазақстанның тарихындағы іргелі инфрақұрылымды жоба – «Бейнеу – Бо­зой – Шымкент» газ құбы­рының салынуы арқылы оң­түс­тіктегі жүздеген елді ме­кен­дер және ең бастысы, ел астанасы Нұр-Сұл­тан мен Қарағанды облысы газ­дандырылып жатыр. Бұл да Тәуелсіздік жылдарындағы ең игілікті шаралардың бірі екенін уақыт көрсетіп отыр.