• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 20 Желтоқсан, 2021

Бәрі де тәуелсіздіктің жемісі

205 рет
көрсетілді

Қылышынан қан тамған қызылдар империясы ыдырап, бұрынғы «бауырлас» 15 республика тәуелсіздікке қол жеткізген тұста да спорт саласындағы бұра тартушылық тоқтаған жоқ. Сол жылы өткен аса ірі халықаралық додаларға Қазақстанның санаулы ғана спортшылары күш сынасу құрметіне ие болды. Елішілік жарыстарда біраз жерлесіміз табыс­ты өнер көрсеткенімен, оларға Кеңес Одағы құрамасы сапынан орын табылмады. 70 жылдан астам уақыт бойы үстемдік жүргізіп үйреніп қалған Мәскеу билігі бұл жолы да әділдікті белден басып, өз өрендеріне арқа сүйеуді құп көрді.

1991 жылы көптеген спорт түрі­нен әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Бірақ сол жарыстарда бой көрсеткен жерлестеріміз тым сирек. Осы орайда, шаңғышы Владимир Смирновтың жолы болды. Италияның Валь-ди-Фьемме қаласында өткен жарысты ол қос жүлдемен қоры­тын­дылады. Классикалық әдіспен 30 ша­қырымдық қашықтыққа жүгірген Смирнов тек швециялық Гунде Сван­нан қалып қойып, күміс медальды мойнына ілді. 15 шақырымдық сайыс­та даңқты спортшымыз қола жүлдені иеленді. Бұл бәсекеде норвегиялық Бьерн Дели дараланса, екінші орынды Гунде Сван еншіледі.

Владимир Смирновтан бөлек, ко­мандалық спорт түрлері бойынша өткен байрақты бәсекелерде біраз отан­дасымыз өнер көрсетті. Мәселен, әйгілі волейболшы Елена Чебукина Италияда өткен Еуропа чемпионатында алтыннан алқа тақса, Жапонияда ұйымдастырылған Әлем кубогында қолаға қол созды.

Ең өкініштісі, Қазақстанда жеңіс­пен өрілген бай дәстүрі бар спорт түр­лері бойынша отандасымыздың дені әлем чемпионатына қатысқан жоқ. Ең бірінші кезекте, грек-рим күресі жайында айта кетейік. 1991 жыл­дың жазында Запорожьеде өткен КСРО халықтары спартакиадасында біздің балуандар 3 алтын мен 2 күміс медальды иеленді. Атап айтсақ, Ескенкелді Батырғарин (48 кило), Бисолт Дециев (74 кило) және Дәулет Тұрлыханов (82 кило) қарсылас шақ келтірмесе, Бақтияр Байсейітов (74 кило) пен Сергей Матвиенко (90 кило) финалда ғана ұтылды. Дәл сол күндері Запорожьеде КСРО чемпионаты да ұйымдастырылды. Бұл жарыста Дециев пен Тұрлыханов теңдессіз деп танылса, Батырғарин күміс және Сұлтан Малаев қола медальды иемденді. Осы саңлақтардың арасынан КСРО құрама командасы бапкерлерінің таңдауы тек Дәулетке түсті. Қалғандары өздерінің мықтылығын дәлелдесе де, жылдың басты жарысынан шет қалды. Өкінішке қарай, Варнадағы жарыстың дәл қарсаңында жарақат алған Тұрлыханов жеңіс тұғырына көтеріле алмады.

1991 жылдың басында Татар­станның Қазан қаласында бокстан КСРО чемпионатының шымылдығы түрілді. Бұл жарыста 51 кило салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Болат Теміровке тең келер ешкім табылмады. Бектас Әбубәкіров (48 кило), Мере­ке Жүсіпов (54 кило), Камиль Ха­бибрахманов (75 кило) және Игорь Шишкин (91 кило) күміс алса, Кә­рімжан Әбдірахманов (48 кило), Мұ­рат Шәйімов (51 кило), Мұхтар Жа­парқұлов (60 кило) және Николай Куль­пин (+91 кило) қолаға қол созды. Бар­лығы – 1 алтын, 4 күміс және 3 қола.

Арада бес айдан аса уақыт өткен соң 15 республиканың барлық мықты был­ғары қолғап шебері Минскіде бас қосып, КСРО халықтары спартакиадасының жүлделерін өзара сарапқа салды. Бұл жолы төрт өреніміз бас жүлдені қан­жығасына байлады. Олар – Болат Те­міров (51 кило), Қанатбек Шағатаев (71 кило), Игорь Шишкин (91 кило) және Николай Кульпин (+91 кило). Ме­реке Жүсіпов (54 кило), Нұржан Сма­нов (67 кило) және Анатолий Кушков (81 кило) екінші орынды ен­шілесе, Мұрат Қасенов (57 кило), Болат Ниязымбетов (60 кило) және Ми­хаил Юрченко (+91 кило) үшінші сатыға жайғасты. Барлығы – 4 алтын, 3 күміс және 3 қола. Осы көрсеткіштің ар­қасында Қазақстан құрамасы Спар­такиаданың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте жеке-дара көш бастады. Осы жарысты басынан аяғына дейін тамашалаған майталман мамандар мен білікті бапкерлерден бастап, қатардағы қарапайым көрермендерге дейін Қазақ елінің бокс мектебінің мықтылығын еріксіз мойындап, барлығы да тамсана таңдай қаққан еді.

Алайда жеме-жемге келгенде мәс­кеулік мамандар тағы да бұра тарт­ты. Одақ чемпионаты мен спартакиа­даны қоса алғанда 18 жүлде алған Қазақстан құрамасының бір ғана бокс­шысы әлем чемпионатына қатысты. Сол жылдың күзінде Аустралияның Сидней қаласында ұйымдастырылған жарыста Болат Теміров өнер көрсетті. Бірақ қазақ жігітіне жеребе жолдас болмады. Оның жолы бірден Хосе Рамоспен қиысып, бұл тартыста кубалық қабыланның мысы басым болды. Бәлкім, содан кейін КСРО құрамасының бапкерлері өкінген болар. Себебі Константин Копцевтің шә­кірттері жасыл құрлықта 1 алтын, 4 күміс 2 қола медальды қанағат тұ­тып, жалпыкомандалық есепте үздік үштік­тің қатарына да қосыла алмады.

Міне, осылай тізбектей берсек, КСРО-ның іргесі сөгіле бастаған тұс­­та да қазақстандық спортшылар әді­летсіздікке көп ұрынғанын бай­қай­мыз. 1992 жылы Барселонада алауы тұтанған Олимпия ойындары қарсаңында да талай отандасымыз қитұрқы ойынның құрбаны болды. Десек те сол дүбірлі до­да­ларға санау­лы ғана спортшымыз аттанғанына қарамастан, сын са­ғатта олар өз жан­күйерлерін жерге қаратқан жоқ. Пи­реней түбегінде баскетболшы Ир­ина Герлиц алтыннан алқа тақса, Елена Че­букина мен Татьяна Меньшова кү­міспен күп­телді. Ал грек-рим күре­сінің ше­бері Дәулет Тұрлыханов қола ме­дальды иеленді.

Келесі 1993 жылдан бастап Қазақ­стан дербес команда ретінде түрлі халықаралық додаларға қатыса бас­тады. Бұрындары қағажу көрген сақа спортшылар мен көлеңкеде қа­лып қойған дарынды жастарға үлкен аре­наларға даңғыл жол ашылды. Өз мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланған спорт­шыларымыз одан кейінгі жылдары жасындай жарқылдап, Қазақтың Әнұранын әлемнің әр қиырында шыр­қатып, туымызды биіктерде жел­біретті. Осының барлығы да Тә­уелсіз­діктің арқасы!