• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Желтоқсан, 2021

Маңызды белес

231 рет
көрсетілді

2021 жыл Қазақстанды да, әлемді де сынаған ауыр, күрделі жыл болды. Мұның бәрі коронавирус пандемиясы мен әлемдік экономикалық қиындықтарға байланысты екені түсінікті.

Естеріңізде болса, сонау 90-жыл­дардың басында даралығы мен даналығы тең Нұрсұлтан Әбіш­ұлы: «Біз қиын-қыстау сындарда да өзіміздің жауынгерлік даң­қы­мызға дақ түсірмеген халық­­пыз» деген еді. Жалпы, «жауын­герлік» деген ұғымды кең мағына­да түсінуіміз керек. Егер азаттық деген талап болмаса, елдің бақыты жолында маңдай тер төгілмесе, биылғы 30 жылдық торқалы тойы аталып өтіп жатқан Тәуелсіздік болар ма еді?

Жауапты жылдарда Елбасы: «Тәуелсіздік туын тігуге қанша­лықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап алуға соншалықты қажыр-қайрат керек» деп жазған еді. Бұл сөз бүгін де көкейкесті.

Жақында Нұрсұлтан Әбішұлы «Ел­діктің жеті тұғыры» атты та­ма­ша тұжырымдама жариялап, жас ұрпақты серпілтті. Мұ­ның ең негізгі идеясы – жаңа Қазақ­­стан­ның адаспас бағытын айқындау.

Елбасы билік сабақ­тастығына айрықша мән беріп, таяуда Nur Otan партиясы тіз­гінін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыратынын мәлімдеді.

Халықаралық деңгейдегі дип­ломат, Қазақстан мен әлемнің жауапты да лауазымды қызметтері мектебінен өткен Президентіміз халық үмітін ақтап келеді. Бұған заманауи бастамалары, пандемия­дан кейінгі экономиканы жан­дандыруға билік пен барша әлеу­метті сауатты жұмылдыруы дәлел болады.

Елімізде мұғалім, медицина қызметкерлерінің беделі көтеріліп келеді. Қоғамның әлеуметтік аз қор­ғалған мүшелеріне көмек қо­лын созу, зейнетақы қорын халық­тың жеке әлеуметтік сұраны­сын қана­ғаттандыруға мүмкін­дік ту­ғызу, өңірлік қауіпсіздік мәселе­сін жүйелеу, т.б. қадау-қадау жұмыс­тар атқарылды. Халық Қасым-Жомарт Кемелұлының «Қазір той емес, ой жарыстыратын заман» деген ұсынысын жақсы қабылдады.

Былтырғы Әл-Фараби мен Абай мерейтойы, биылғы Жамбыл, Әлихан, Қажымұқан мерейтойлары осы ұстанымды басшылыққа алды.

Ал ғылымға келсек, ол – қоғам­ның темірқазығы. Инновация мен технологиялық жаңғырулар тек қана ғылымның арқасында жү­зеге асады. Бұл ретте отандық ғы­­лым­ға мемлекеттік қамқорлық пен мемлекетшіл жауапкершілік ке­зең-кезеңмен жүзеге асып келеді. Білім және ғылым министрлігінің ғылыми грант санын көбейтіп, қо­мақты қаржысы бар «Үздік ғы­лыми қызметкер» байқауын жария­лауы, іргелі ғылым саласы қыз­меткерлеріне базалық жалақы таға­йындауы – маңызды бастамалар.

Президент Қ.К.Тоқаевтың «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» атты ұстанымы қоғамда оң бағ­аланып отыр. Қоғамдық қабыл­даулар, түрлі бағыттағы БАҚ – осы пікірлердің айнасы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп, мем­ле­кеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқық­тары мен бостандықтарын қор­ғау, халықтың тұрмыс сапа­сын жақ­сарту мәселелеріне қатыс­ты ел­дік бастама көтерді. Қазір­гі әлеу­мет­тік-экономикалық жағ­дайға жан-жақты, терең талдау жасау, оның шешу жолдарын көрсету – Үкі­мет­тің мойнындағы жауапты міндет.

Бүгінде жаңарған қоғам сот пен құқық қорғау жүйесін жетіл­діруді, бизнесті орайлы дамытуды, қаржы ресурстарын дұрыс бөлуді, халықты әлеуметтік қолдауды ба­рынша жетілдіруді, өңірлер ара­сын­дағы теңсіздікті жоюды талап етсе, қабылданған мемлекет­тік бағ­дар­ламалар бұл сұраныс­ты ке­­зең-ке­зеңі­мен шешетініне сенімдіміз.

Президент білім мен ғылым саласына мемлекет дамуындағы стратегиялық маңызға ие сала ретінде қарап отырғаны да орынды. Әсіресе білім жүйесіне кәсіптік бағдарлау саясатын енгізу, сол арқылы еңбек нарығы сұранысына бейімдеу – қазіргі уақыт талабы. Сондай-ақ Президент жас мамандар­ды ауылға жіберудің тетіктерін ой­­ластыруды Үкіметке жүктеді. Жо­­­ғары оқу орындары жұмыс сапа­­сы мен нәтижелілігі осымен өл­ше­нетін кез де алыс емес деп ойлаймыз.

Осы жылы Қасым-Жомарт Кемел­ұлы ұсынған 10 Ұлттық жоба­дан келелі нәтиже күтеміз. Соның ішінде «Білімді ел – сапалы білім» мен «Ұлттық рухани жаң­ғыру» ұлттың деңгейін көтеруге себепші болады деп үміттенемін.

Мысалы, географ-эколог ретін­де бұл мамандықтың мәні дәл бү­гін бұрынғыдан да өзекті деп санай­мын. Ел мен жер тұтастығына, Қазақ­станның төрт тарапының да нығаюына, ше­карасының шегенделе түсуіне гео­графия ғылымы жа­уапты еке­нін жақсы түсінеміз. Осы ба­ғыт­та шәкірттерімді жұ­­мыл­­ды­­рып та жатырмын. Ал эколо­­гия­­ға келсек, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының төбесінен түнер­ген бұлт, лас ауа бәрімізді қат­ты толғандырады. Әкімдіктер, тәр­тіп пен құқық қорғау органдары көліктен шығатын улы газдарды реттейтін қатаң ереже бекіт­пей болмайды. Оның орнына эколо­гиялық таза көліктерді енгізу – қай жағынан да арзан және қайтарымы мол жоба. Сонымен бірге биылғы батыс өңірлеріндегі құрғақшылық мәселесі де қатты ойландырады.

Биылғы тәуелсіздіктің жөні бөлек. Отыз жыл – ордалы елдің айтарлықтай маңызды белесі. Аға буын жастардың тілегін тілеп, ақ батасын беріп отыруы – заңды құбылыс. Өмірде жақсылық пен қиындық қатар жүреді. Биыл қазан айының соңында жетпіс екі жыл қол ұстасып, білім саласы мамандарын тәрбиелеген, отандық әдебиеттану саласына өлшеусіз үлес қосқан жұбайым, академик Серік Қирабаев бақиға озды. Ол кісі әрдайым: «Білімді де білікті жастарға сену керек. Тәуелсіздікті баянды ететін – солар» деп, ізгі ниетін жеткізетін. Жаратқан 95 жыл ғұмыр бұйыртқан Серағаңның Қазақстанның келешегіне деген тілегі орындалатынына сенемін.

Тәуелсіздігіміз жемісті, ауыл-қаламыз келісті, ұрпағымыз өрісті болғай.

 

Әлия БЕЙСЕНОВА,

ҰҒА академигі,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері