Осы жылдың қараша айының аяғында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік» халықаралық акциясы бастау алған болатын. Қоғамды қатыгездікке бейжай қарамауға шақыру, саламатты қарым-қатынас мәдениетін насихаттау, әділет жүйесінің мүмкіндіктеріне сенім артуға мүмкіндік беру, зорлық-зомбылық құрбандарына нақты көмек көрсетуді мақсат ететін акция барысында белсенділік шаралары іске асып келеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының деректері бойынша жыл сайын дүние жүзінде 50 мыңнан астам әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмады. Зорлық-зомбылықтың салдарынын әйелдер өз-өзін қорғау мақсатында шектен шығып кеткені ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылып, ауыр психикалық және физикалық жарақаттармен ауруханаларға түседі. Балалары зорлық-зомбылық көріністеріне куә болып, қатты күйзеліске ұшырайды. Ал салдарынан энурез, кекештік, псориаз және т.б. психосоматикалық ауруларға шалдығады.
Өкінішке қарай, бүгінде Қазақстан осы статистикаға барынша әсерін тигізіп отырған елдердің бірі. Карантин кезінде еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың деңгейі 41 пайызға өскен. Осының алдын алу мақсатында «Дағдарыс орталықтары одағына» мүше ұйымдар 25 мыңнан астам әйелге құқықтық және психологиялық көмек пен әлеуметтік қолдау көрсетсе, балалар мен жастарға арналған №150 сенім телефонына 17 000 адам жүгінген. Ал 7000-ға жуық балалы әйел әлеуметтік баспаналарды паналауға мәжбүр болуда.
Елімізде белең алып отырған осы келеңсіз жайтпен күресті жетілдіріп, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында «Дағдарыс орталықтарының одағы» ЗТБ «Жан-Сая» орталығы Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасымен бірлесе отырып «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізіп, бірқатар шараны жүзеге асыруды қолға алды. Оның барысында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету» жобасы әзірленіп, балалар құқықтарының бұзылуына байланысты мәселелерді барынша ашып көрсетуді мақсат етті. Осы орайда балалар құқықтарын қорғауға көмектесу мақсатында «Әрқашан таңдауға құқығың бар» кітабы көпшілікке таныстырылып, «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы миссиясы» қайырымдылық қызметі аясында «Әйел жиһаздың бір бөлшегі емес» және М.Тұрсынбайұлының «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» фотокөрмесі ұйымдастырылды.
«Жан-Сая» Дағдарыс Орталығы соңғы төрт жыл ішінде 1245 адамды қабылдаған. Олардың қатарында әйелдер мен балалар басым. Қауіпсіз баспанамен қамтылуымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зарап шеккен жандар тегін арнайы әлеуметтік қызметтерді пайдалана алады. Орталық қарамағында жеке кеңес беруге арналған психолог және заңгер мамандарының арнайы кабинеттері жұмыс істейді. Сондай-ақ орталық жұмысы «№150 Балалар мен жастарға арналған Ұлттық сенім телефоны» арқылы да жүзеге асырылады. Дағдарыс орталығының талдауы көрсеткендей, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу уақыт талабы. Мамандардың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық агрессорларын жауапқа тарту, жәбірлеушіні агрессия деңгейін төмендетуге бағытталған психокоррекциялық бағдарламадан өтуге міндеттеу, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін ұйымдардың қызметін регламенттеу бүгінде саладағы түйткілді мәселелердің шешілуіне ықпал ететін шаралар болып табылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған акция алдағы күндерде де жалғасын табады.
АЛМАТЫ