«Екейде елу бақсы, сексен ақын, гулейді жын соққандай кешке жақын» деді Жамбыл жырау. Аузымен құс тістеген Алатаудың Жамбылы болған соң арқасы қозып осылай демегенде ше?! Сол сексен ақыннан қара үзіп шығып, жыр алыбына айналарын сезген соң да айтты, бәлкім.
Биыл қазақ даласында жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығы дүркіреп аталып өтіп жатқанда, Арқада Аманжол Әлтай аға елуге толып, дабысы Алаш жұртына қоса естілді. Мұны неге айтты дерсіз?
Осыдан жүз жыл, тіпті мың жыл бұрын «елу бақсы, сексен ақыны» екіленіп келсе, қазақ іші сол қасиетінен күні бүгінге дейін танбағанын осыдан-ақ аңдарға керек. Жүз, жүз елу жыл бұрынғы сарын мен мақам әр жердің топырағы мен табиғатына қарай түрленіп, Сүйінбайдан – Жамбылға, Жамбылдан – Оразалы Досбосын, Айбек Қали, Аманжол Әлтайға, Аманжол ағадан – Мақсат Ақанға көшіп жүрген бір құдірет. Көзге көрінбейтін, қолмен ұстап болмайтын сәулелі көш тек саңылауы барлардың арқасына аруақ болып қонса керек. Хан алдында тайсалмай сөйлеген Жиембет жыраулардан Көтеш ақындарға, Тезек төренің алдында тартынып қалмаған Сүйінбайдан Жамбылдар арқылы Аманжол Әлтайға жеткен қазақ өнерінің алтын тіні, алдаспан рухқа пара-пар дүние. «Абылай, Ботақанды сен өлтірдің, есіл ер жазығы жоқ, неге өлтірдің?» деп батылы жетіп Көтеш айтпағанда кім айтыпты, әйтпесе?! Арқасынан аруақ тіреп тұр ғой. Жаттап алған екі ауыз сөзді оқып жеткізе алмайтындарды да көргенбіз талай. Тура сол сияқты заманының заңғар жырауы Жамбыл да екейдегі елу ақынның дарасы екендігін білген соң сыртынан қызықтап тұрып айтқаны ма деп қаласың кейде.
Біз бұл жерде ол баста мақам туралы тегін айтпадық сөзіміздің ләмінде. Сірә, тәуелсіздік жылдарындағы қазақ айтыс өнерінде Аманжол Әлтайдың ақындығы өз алдына, мақамымен дараланғанына ешкім қарсы уәж айта қоймас деген ойдамыз. Кейіннен күмбездердей күңгірлеген, теңіздей толқытып, селеулі даладай тербелген мақамын қанша ақын салмады, қанша ақын қайталамады? Аужекең қолын қапаш-құпаш сермеп, домбыраны көміп-көміп жіберіп мақамына салғанда, дауыс ыңғайымен тыңдарман да тебіреніп отырғандай болатын. Халықтың құлағына жағып, жүрегіне орнығып, көңіліне қонғандығынан білем, өзінен кейінгі ақындардың көбі құмар болды бұл мақамға. Аманжол Әлтайдың мақамына салып топ жарып, сол мақам арқылы халықтың жүрегінен орын алған айтыскерлер қаншама. Сөзіне де, өзіне де еліктеп өзін тапқандар бүгінде айтыс өнерінде жарқырап көрініп жүр. Демек, айтыс өнерінде қолтаңбасын қалдырғаны былай тұрсын, мектебін қалыптастырды деген сөз. Мың жерден дауылпаз, жүз жерден дарын болса да, екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ бұл. Қасымның жүз жылдық мерейтойындағы айтыста Мақсат Ақанов Қасымның әніне салып, «Аманжол Әлтаевтың бауырымын» деп шыққаны есімде. «Аманжо-ол» деп созып біраз тұрғанда, Қасымның әнін салғалы жатыр екен деп ойлап қалғанбыз. Қыз бен жігіт айтысының қылабы Мақсат дүниежүзілік көшпенділер ойындарында өткен халықаралық айтыста бас жүлде алғанын да ұмыта қойған жоқпыз.
Ақын қолына домбыра алып, халықтың сөзін айтарға ел алдына шықты екен, өзіне тән сөз мәнері мен жеке мақамын қалыптастыруға тиіс. Және ондай жетістікке кез келген айтыскердің қолы жете бермесі тағы анық. Мұны жыр алыбы Жамбыл да айтқан кезінде. Алғашында өлеңді ел ішіндегі мақамдардың әуенімен суырып салып жүргенін жеткізеді ақын. Басында тіпті Сүйінбайға еліктегенін айтады. Кейін Сүйінбаймен кездескенде атайы ақын Жамбылдың өнеріне сүйсініп, жол сілтеп, батасын бергені белгілі. Сонда Сүйінбай жас ақынға өз мақамың болуы керек деген сыңайда бағыт та көрсетеді. Өлең-жырмен өмір сүре келе бір күндері Жамбыл өз ішінен әлдебір үн тауып, енді жырларын соған салып айта бастағанын еске алады бір естелік сөзінде. «Ел арасында үнім зорайып, соған қосып айтқан сөзіме халық та көбірек ұйи бастады» дейді ақын. Біздіңше бұл – Жамбылдың өзін тапқаны, кемеліне келген шағы болса керек. Дәл осындай ойды Аманжол аға да айтып қалды мақам туралы бір сөзінде. «Әр өңірдің өзінің дәстүрі бар. Шамамыз келгенше сол бабаларымыздың дәстүрін бұзып алмай, дамытуға тиістіміз деп ойлаймын. Ақынның өзіне тән төл мақамы тұрғысынан айтам мұны. Бұрынғы ақындардың қайсысын алсаңыз да өздерінің төл мақамы бар. Әлгі мақам естілгенде оны салған ақын көз алдыңызға келеді. Сондықтан мен осы мақамды табу жолында көп іздендім. Маған бұл мақам бірден келе қойды деп айта алмаймын. Бірде Қонысбайдың мақамына салып, бірде батыс әуендерінің сарынымен айтысып бастағанымыз ақиқат. Сөйтіп жүріп өз мақамымды тауып алдым. Қазіргі ақындардың 60-70 пайызы менің мақамыма салып айтысатыны белгілі. Бір айтыста «алпыс ақын салғанда мақамыма, атым кісінегендей елеңдеймін» дегенім есімде» депті ақын. Жамбылмен арада жүз, жүз елу жыл уақыт өтсе де қалай-қалай қиысқан, ә, ойлары бір-бірімен?! Ғасырдан ғасырға көшкен қазақ сарыны мен мақамы өлмесін, ендеше.