Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Алматы қаласының әкімдігі әлеуметтік мақсаттағы жобаларға қатысты іс-шаралар жоспарын жүзеге асырып келеді. Осы орайда Тұңғыш Президент күніне және Тәуелсіздік мерекесіне орай Halyk қорымен бірлесіп 2 мыңнан астам азық-түлік жиынтығы үлестірілгені туралы қала әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов хабардар етті.
Мереке қарсаңында қалалық әкімдік демеушілер мен меценаттардың қолдауымен аз қамтылған отбасыларға, яғни 541 467 адамға азық-түлік жиынтығы, киім, аяқ-киім, кресло-арба, ыстық тамақ, ойыншықтар, үйге қажетті заттар, тұрмыстық техника, спорт секцияларындағы сабақтар түрінде және басқа да бағыттағы қайырымдылық көмек көрсетті.
Әкімдік тарапынан сонымен қатар Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға жыл сайын 150 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек беріліп келеді. Қазіргі уақытта санаторий-курорттық емдеу шараларына қатысты мәселе қарастырылуда. Әлеуметтік қорғау мақсатында Алматы қаласында тіркелген және тұратын басқа мемлекеттердің аумағында болған ұрыс қимылдарының ардагерлеріне алатын зейнетақы мөлшерінің 25 пайызын төлей отырып, санаторий-курорттық емделуге көмек берілуде. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне 100 мың теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсету жолға қойылған болса, қалалық қоғамдық көлікте жүру үшін жеңілдікті электронды көлік карталары енгізілген.
Сонымен қатар қиын жағдайда қалған адамдарды «Пана» әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастыру мүмкіндігі қарастырылып отыр. Орталықта психологиялық, медициналық және заң кеңестері беріледі. Сонымен қатар мұндай адамдарға құжаттарын қалпына келтіруге, жеке куәлікті алғашқы ресімдеуге (КСРО-ның қызыл паспорты), отбасыларына оралуға, жасына байланысты зейнетақы ресімдеуге, мүгедектік тағайындауға, отанына оралуға көмектеседі.
Зейнеткерлік жас алдындағы адамдарды Халықты жұмыспен қамту орталығында тұрақты жұмыспен қамту жүзеге асып келеді. Сондай-ақ мемлекет тарапынан субсидияланатын қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына, қысқа мерзімді курстарға, гранттар беруге жолдамалар беріледі. Ал зейнеткерлік жастағы адамдар жұмыссыз ретінде ресми тіркеусіз бос жұмыс орындарына жіберіледі. Келесі жылдан бастап жұмыспен қамту шараларын іске асыру 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде, нақты айтқанда, жұмыссыздық кезеңі 1 жылдан асатын зейнетақы алдындағы жастағы адамдарды зейнетке шыққанша 24 айға дейін жұмысқа орналастыру бойынша «Күміс жас» жаңа бағытын енгізу көзделіп отыр. Бұл бағыт субсидия мөлшері 60 мың теңгеден аспайтын мөлшерде жалақының 50 пайызына дейін қаржыландыруды көздейді.
АЛМАТЫ