Аса көрнекті ағартушы, жаңашыл педагог, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» (Начальное обучение киргиз русскому языку) атты оқулық жазуды қолға алғанымен, онысын аяқтай алмай өзі өмірден өткені белгілі. Ағартушының 23 бет қолжазбасы қазір Алматыдағы Ұлттық кітапхананың қолжазбалар қорында сақтаулы тұр.
Аталған қолжазба Ы.Алтынсарин қайтыс болған соң 1889 жылы Торғай облысы мектептерінің инспекторы А.В.Васильевтің қолына түсіп, жарты ғасыр осы адамның қолында сақталған екен. Кейін А.В.Васильев қолжазбаның алғашқы бетіне «Уникум. Торғай облысы мектептерінің инспекторы марқұм Ыбырай Алтынсариның қазақ тіліндегі қолжазбасы 1-23 бет. Ғылыми еңбек «Начальное обучение киргиз русскому языку» атты алғашқы шығармасының 2-ші басылымына дайындалған. 1890 жылдан бастап А.В.Васильевтің қолында... Қолжазба Торғай облысы мектептерінің инспекторы Ыбырай Алтынсариннің өз қолымен жазылған. Қайтыс болуына байланысты аяқталмай қалған» деп орыс тілінде (суретте) тарихи жазба таңбалапты.
Бұл қолжазбаға 1998 жылы Алматыда жарық көрген «Қазақ тілі» атты энциклопедиялық еңбектің 509-бетінде ғылыми түсінік беріліп, талдау жасалған екен. Осында айтылған тұжырымға сүйенсек, бұл жәдігер ұлт руханияты тарихында тұңғыш рет орыс графикасы негізінде қазақ тілінде жазылған. Екіншіден, қолжазба орыс грамматикасы ережелеріне сай кириллица әріптерімен транскрипцияланып, сұрақтардың, сөйлемдердің, жаттығулардың орыс және қазақ тілінде сөздігі берілген.
Оқулық жеті бөлімге жіктелген: 1) Нәрселердің аттары (зат есім). Имя существительное.
2) Зат-мақұлықтың қасиетінің аттары (сын есім). Имя прилагательное. 3) Есеп аттары (сан есім). Имя числительное. 4) Местоимение деген сөздің бөлімі (есімдік). 5) Ақыры өзгерілмейтін сөздер (үстеу, демеу). Наречие и союз. 6) Предлог деген сөздің бөлімі (жалғау). 7) Глагол деген сөздің бөлігі (етістік).
Оқулықтың алғы сөзінде құралды қалай қолдану жөнінде әдістемелік нұсқау келтіріліп, грамматикалық ережелерді беруде арнайы әдістемелік мақсат көзделгені байқалады. Оқулықтың мақсаты – орыс сөзін қазақ баласына үйренудің жолын негіздеуге ұмтылып, орыс тіліндегі «он» деген есімдіктің қазақшасы «ол» екенін білгеннен кейін барып, «она», «ее», «его», «о нем» болып келетін грамматикалық формаларын ұсынады.
Сондай-ақ бұл еңбекте орыс тілі мен қазақ тілі грамматикасын салыстыра оқыту жолы қарастырылған. Мысалы, орыс тілінде іс-қимылдың бағыты дыбысталуы жуықтас сөздермен берілсе, қазақ тілінде дыбысталуы мүлдем бөлек сөздер арқылы берілетінін, білдіретінін келтіреді: выходить –шығуға, входить – кіруге, проходить – өтуге т.б.
Бұл оқу құралы сол кезең үшін де тіпті қазіргі талап тұрғысынан да құнды лингвистикалық-әдістемелік еңбек болып табылады. Сонымен бірге екі тілдің грамматикасы үйлестіре оқыту мәселесі де алғаш рет қолға алынып, орыс сөзін дұрыс жазуға үйрету, тіл ұстарту мәселелері көтеріледі. Алтынсариннің оқу құралы жайлы мамандар «тіл үйренудің лингвистикалық, парадигмалық, лексикалық, семантикалық негіздерін тұңғыш рет жүйелеуге тырысқан туынды» деген баға беріп отыр.