Сейсенбі күні Алматы билігі қаланың тыныс-тіршілігін қалпына келтіру ісі бойынша аппараттық кеңес өткізген кезде, мегаполисте коронавирус дертінің екі есе өскені туралы және «Омикрон» штамының жылдам таралуы әбден мүмкін екендігін мәлімдеді. Сондықтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына ауруханалардағы төсек-орындардың санын көбейтуде қамсыз отырмауға тапсырма берілді.
Тарихи трагедиядан есін жия алмай отырған қала тұрғындары өздерін сақтап, коронавирус індетін ауыздықтау үшін – вакциналау мен бустерлік екпе алуға барлық мүмкіндік бар ма? Нақты деректерге сәйкес Алматыдағы эпидемиялық жағдай нашарлай түскен. Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров хабарлағандай, шаһар «сары аймаққа» ауысты. Халықтың апта ішінде індетке қайта душар болуы 2 есеге артты. Болжам бойынша, мегаполисте індеттің тағы бір толқыны басталып, жалғасып жатыр десек те болады. Сонымен қатар қала әкімінің орынбасары жаңажылдық мерекелер мен нақты оқиғаларға байланысты тұрғындар коронавирусқа тестілеуден 8-10 есе аз өткенін атап өтті. Оның пайымдауынша, тестілеу көлемі ұлғайған кезде індет жұқтырғандар саны да артып, бұл эпидемиялық ахуалдың нашарлауы мен қаланың «қызыл аймаққа» көшуіне әкеледі.
Е.Бабақұмаров Алматыда коронавирус дерті былтыр желтоқсан айының соңында өсе бастағанын еске салды. Сол кездің өзінде эпидемиологтар мұны «Омикрон» штамының таралуының басталуымен байланыстырған болатын.
Аппараттық кеңес барысында атап өтілгендей, 6 қаңтарда толық геномдық секвенирлеу нәтижелері алынып, Денсаулық сақтау министрлігіне жіберілген 96 үлгінің 8 сынамасынан «Омикрон» штаммы табылды, оның ішінде 7 сынама Алматыдан жеткізілді.
Коронавирустың «дельта» штамы әлі де белсенді айналымда. Ол сынамалардың 71%-да, дельта-плюс – 16%-да, басқа штамдарда 4,7%-да анықталды.
Алматыда індеттің «омикрон» түрін 20-39 жасқа дейінгілер арасында жұқтырғандардың үлес салмағы 16,4%-ға (27,7%-дан 44,1%-ға дейін), сондай-ақ 15-19 жастағылар арасында 1,1%-ға (4,2%-дан 5,3%-ға дейін) күрт өскенін көрсететін жас құрамына жүргізілген талдау растайды. Қалған контингенттер бойынша, нақты айтқанда 60 және одан жоғары жастағы адамдар арасында – 8,6%-ға, 40-тан 59 жасқа дейінгі адамдар арасында – 2,5%-ға, 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 4,7%-ға және 1 жасқа дейінгі балалар арасында 0,3%-ға төмендегені анықталған.
Сонымен қатар симптомсыз формалардың өткен жылдың желтоқсан айында 6%-дан 16%-ға дейін өскені байқалды, бұл «Омикронға» да тән және науқастарды уақтылы анықтау мен оқшаулауды қиындатуы мүмкін.
Е.Бабақұмаровтың айтуынша, «Омикрон» штамы өте тез жұғады, сондай-ақ жас ұрпақ үшін қауіп-қатер төндіреді. Ол вакциналау коронавирустан қорғаудың ең сенімді әдісі болып қала беретінін еске салды. Қала әкімінің орынбасары алматылықтарды «Омикронның» таралуын төмендетуді және вакциналауға көмектесуге шақырды және қалада халықты коронавирусқа қарсы иммундау жалғасып жатқанын айтты. Бүгінгі таңда бірінші компонентпен 1 077 896 адам, екі компонентпен – 1 028 180 қала тұрғыны егілді. Ревакциналау 69 018 адамға жүргізілді.
Әлемнің жетекші ғалымдары мен сарапшыларының деректері бойынша, қолданыстағы вакциналармен ревакциналау «Омикрон» штамымен жұқтыру кезінде асқынған және өлім жағдайларын емдеуге жатқызудан 70%-ға қорғайды. Алматыда ұжымдық иммунитеттің деңгейі әлі де төмен, иммундық қабат бар болғаны 59,4%-ды құрайды (вакциналанғандар – 49,4%, ауырып жазылған адамдар – 10%).
АЛМАТЫ