Кеңес Одағы кезінде қазақ өнері Солтүстікте қысымшылыққа ұшырап, дамудың орнына жылдан-жылға құлдырай бергендігі туралы талай рет жаздық. Билік тарапынан қолдау, қорғау болмаған соң, алдымен жай мектептердегі, артынан тіпті музыка мектебіндегі домбыра кластары жабылып қалған. Қазақтардың домбыраға шөліркеп, оны естігісі, тыңдағысы келетінін сезсе де бірде-бір басшы жанашырлық қылып, домбыра сыныбын ашайық деген емес. Тек жүрегінде намыс оты бар Ілияс Омаровтай тұлға обкомның екінші хатшысы болған жылдарында алдымен музыкалық училище ашқызуға, оған директор етіп Алматыдан консерватория бітірген Болат Асанов деген азаматты алдыртуға, соның көмегімен домбыра сыныбын ашқызуға қол жеткізген.
Бұл 50-жылдардың аяғында болған оқиға еді. Ілияс Омаров Алматыға қызмет ауыстырған соң алдымен училищенің директоры ауысты, содан соң, домбыра класы да жабылды. Бұл сабақ музыка мектебінде, қазақ интернатында үзіліп-созылып қана жүргізілетін. Сол 60-жылдардан кешегі Тәуелсіздік алған 90-жылдардың басына дейін Қызылжарда домбырасын көтеріп тек бір ғана көзілдірікті, қағылез, әрқашан адамға жылыұшырай қарайтын бір азамат кетіп бара жататын. Бұл Серікбай Бәриұлы Құсайынов еді. Кейбір санасыз мәңгүрттер домбыраға үрке қарайтын, оны артта қалғандықтың белгісі деп ойлайтын. Тасыр надандар «одна палка, две струны» деп мазақ қылатын. Қазақтың еліккіш-желіккіш топтары да осылай ойлайтынын көріп жүрдік. Кеңес Одағының мәдениетке, жоғары тәрбиеге үндеуі біржақты ғана болғандықтан орыс қолайына келмейтін дүниенің бәрі осылай өрескел көрініп тұратын.
Міне, осындайдың біріне қарамай домбырасын қыса ұстаған Секең музыкалық мектептегі, қазақ мектеп-интернатындағы домбыра сағаттарын жалғастырып 200-ден артық домбырашыны даярлаған жалаңтөс баһадүр.
Серікбай Құсайынов 1959 жылы жоғарыда айтылған Ілияс Омаров ашқызған музыкалық училищенің домбыра класына түседі. Бірақ Ілекеңдей жанашыр кеткеннен соң домбыра класы жабылып, Секең оқуды Шымкент музыка училищесінен жалғастыруға мүжбүр болады. Ол жылдары әйтеуір Мойынты-Шу темір жол телімі аяқталып, Транссібір мен Түркістан-Сібір магистралдары қосылған болатын. Сондықтан алдымен бір жарым тәулікте Шуға жетіп, одан Шымкенттің пойызына отыру керек болды. Осының өзі ол жылдары тура жол саналатын. Әйтпесе, Транссібір арқылы Семейге жетіп, одан Алматыға, сосын барып қана Шымкент пойызына отыру бір апталық қиямет жол еді.
Осылай азаптанып жүріп, Серікбай Құсайынов ақыры училищенің дипломын алған. Тумысынан дәулескер күйші болған соң оқу орнында алған теориялық білім оның шеберлігін шыңдай түседі. Сол жылдары ол облыс орталығындағы домбыра үйретуші жалғыз ұстаз болған. Әрине, сұраныс көп болмайтын, Секең шәкірттерін өзі жинап жүретін. Сөйтіп жүріп оның домбыра оркестрін құрғандығы, үлкен жиналыстарда бір-екі нөмір орындағандығы ұлттық өнерді ұлықтаған кейбір жандарға қатты әсер етіп, перзенттерін Секең жүргізетін домбыра үйірмесіне алып келетіндер де табылады. Соның бірі «Союзцелинвод» атты одақтық бай трестің басқарушысы Қаттай Кеншінбаев ағамыз болған екен. Ол Секеңнің оркестріндегі өнерпаздарға сол жылдардың өзінде демеушілік жасап, жаңа домбыралар, сахналық киімдер мен басқа да аспаптар алып береді. Гастрольмен ауылдарға шықса жол қаражатын өтейді.
Сол 60-жылдардың басынан Секең мен оның шәкірттері облыс сахналарынан жиі көрініп, қазақ өнерінің бойына қан жүгіртіп келді. Оның шәкірттері, әсіресе қазақ мектеп-интернатының ішінде көп болатын. Мұндағы музыкаға икемі бар талай жастың бағын Серікбай Құсайынов ашты. Әрқашан жылы жымиыспен тұратын ағамыздың шәкірттері ұстазының үйреткендерін қағып алатын. Ал кейін консерватория бітірген туған інісі Кәрібай бірнеше күй шығарған танымал күйші болды. Облыстық филармонияда, кейін университетте қызмет еткен ол барлық мәдени шаралардың гүлі еді. Әттең, өмірі қысқа болып, өмірден тым ерте кетті.
Секең тәуелсіздік алған жылдардан қанатын кеңге жайып, облыстың көптеген оқу орнында домбыра үйірмелерін ашып, оркестрлер құрды. Ол тек 2013 жылы 76 жасында ғана ұстаздық жұмысын қойған-ды. Осы кезден ол облыстық, республикалық басылымдарға өзі бастан кешкен тарихтан жиі-жиі мақалалар шығарып тұрды. Ал биыл ол «Күй – құдірет, күй – өмір» атты жақсы өрнектелген жинағын жарыққа шығарды. Мұнда өзі мен інісі Кәрібай Құсайынов шығарған күйлер де орын алған. Сонымен қатар онда Секең туралы әрбір жылдарда жазылған газет материалдары толық қамтылған.
Солтүстіктегі қазақ өнеріне жалғыз өзі жүріп осынша еңбек сіңірген Серікбай Құсайыновқа бірде-бір мемлекеттік марапат берілген емес. Ол тек салалық министрліктің «Еңбек ардагері», «Ы.Алтынсарин» медалі, «Оқу ісінің үздігі» секілді марапаттар алған. Қазір 85-ке аяқ басқан Секең әлі де тың, мәдени шаралардан қалмай әрқашан құрметті қонағы болып жүреді. Ал оның еңбегін лайықты бағалау бүгінгі басшылардың міндеті екені даусыз.