• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Қаңтар, 2022

Ел тарихындағы жаңа кезең

870 рет
көрсетілді

Соңғы екі-үш ғасырлық қазақ тарихы мынадай тұжырымға негіз бола алады: кез келген халықтың өзін өзі сақтап, еркін өніп-өсуі оның қуатты ұлттық мемлекеттілігінің болуына тікелей тәуелді.

Заман сұранысына лайық жаңа мазмұн­дағы азаттық қозғалыс қалыптас­тырып, сол арқылы ұлт өмірін жаңа сапаға көтерген алаштық буынның көсемі Әлихан Бөкейханов «Мемлекеттігі жоқ халық – жетім халық» деген тұжырымға келсе, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы большевиктер үкіметі берген мемлекеттілікке «Біз, қазақтар, Қазақ Республикасы деген атауды малданып жүрміз, ал бұл Республиканың мазмұны біздікі емес қой, оның иесі де біз емеспіз» деп ащы да болса әділін айтты.

Отыз жыл болды, қазақ халқы өз атымен аталатын мемлекеттілік құрылымға бауыр басып қалды. Халқымыз бұл мемле­кет­тілікті ғасырлар бойы атамекен жеріміз бен ұрпағының болашағы үшін тер төгіп, еңбек етіп, өмірін жауымен арпа­лыс­та, күресте өткізген ата-бабаларынан бүгінге жеткен аманат ретінде қабылдайды. Өйткені мем­ле­кеттілік идеясы мен практикасы ғасыр­дан-ғасырға ұласқан ұрпақаралық сабақтас­тық жолымен мақсатты еңбек пен күрес нәтижесінде ғана қалыптастық. Жаңа 2022 жылдың алғашқы күндері міне осы мем­лекеттілігіміз үлкен қауіпті басынан өткерді.

Қалыптасқан ауыр жағдайда әрбір саналы азамат ортақ құндылығымыз – мем­лекет­тілігімізге байланысты өз ұстаны­мын анықтауға тиіс болды. Осындай сын сәт­те анық байқалғаны халқымыз ауызбір­лік, кемел­ділік танытты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «мен халықпен біргемін, ел ас­та­насынан кетпеймін!» деген аталы сөзіне қа­нат­танды, жігерленді. Аллаға шүкір, елі­мізде тәуелсіздігімізді қорғауға мүдделі күш­тердің аз емес екендігі анық байқалды.

Мемлекет басшысы 11 қаңтарда Мәжі­ліс­те сөйлеген сөзінде үкімет пен қоғам ал­дында қалыптасқан жағдайдан шығудың жолдарын белгілеп берді. Осы ретте іргелі де маңызды өзгерістерге әлеуметтік-гуманитарлық ғылым салалары да мұқтаж екендігін айту парыз. Әлгінде ғана еліміздің өмірінде орын алған тектоникалық сілкі­ністерге отан­дық ғылым терең талдау жасап, негізді де на­нымды тұжырымдар ұсынуға даяр ма? Бұл үлкен мәселе. Соңғы жылдары әлеумет­тік-гуманитарлық ғылым салаларының өзі­нің белсенділігін жоғалтып алғандығы бар­шаға аян. Гуманитарлық бағыттағы институт­тардың атқарып отырған қызметі заман сұранысына жауап бере алатындай деңгейде болғаны ләзім. Ғылыми жобалар арқылы орындалатын жұмыстардың өмірмен байланыс деңгейі екшеуден, сыннан өткені абзал.

Ал мұхитқа шыққан кемеге компас қандай қажет болса, бүгінгі шытырман өзгерістер мен қауіптер арнасында тұрған қоғамға әлеуметтік-гуманитарлық саладағы ғылымдар сондай қажет. Терең рухани дағдарыстан аяғын алып үлгермеген біздің қоғамға оның зәрулігі бірнеше есе арта түспек. Басқаша айтқанда, жас буынға біздің қоғам қайдан шықты, қай жерде тұр, оның алдында қандай міндеттер бар деген сауалға әдебиет және өнермен қатар гуманитарлық саладағы ғылымдар да жауап беруге тиіс. Мұндай қызметсіз қоғамдағы мәдениеттің этикалық мазмұны мен өзегі кеми түсетіндігі кімге де болса түсінікті.

Қорыта айтқанда, бүгінгі іргелі өзгерістер алдында тұрған біздің қоғам жағдайында отандық әлеуметтік-гуманитарлық ғылым салалары іргелі өзгерістерге мұқтаж.

 

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры