Өкінішке қарай, бұл сұраққа жай күндері емес, «қасіретті қаңтарда» жауап іздеуге тура келді. Өйткені еліміздің тыныштығын кетіріп, берекетін алған кешегі жағдай күштік құрылымдардың, оның ішінде Ұлттық ұланның да кем-кетігі мен өзекті мәселесін айқын көрсетіп берді.
Ең басты мәселе – арнаулы жасақ пен арнайы құрал-жабдықтардың жетіспейтінін Президент 7 қаңтарда жасаған үндеуінде айтты. Еліміздің әр өңірінде бір уақытта бұрқ ете қалған жаппай тәртіпсіздік құқық қорғау органдары мен армияның іс-қимылында бірізділіктің, ведомствоаралық үйлесімнің жоқ екенін де көрсетіп берді.
Неге бұлай болды? Әскердегі кемшіліктерге кім кінәлі? Мәселенің ушығып кетуіне кімдер жол берді? Ел егемендігін алған 30 жылдың ішінде кәсіби әскер құра алмағанымыз ба? Қазір қараша халықтан бастап, күштік құрылымның басы-қасында болған білікті мамандарды толғандырған сұрақтар өте көп.
Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің санын ұлғайту, олардың жауынгерлік дайындық деңгейін арттыру, арнайы көлік құралдарымен жабдықтау және арнайы бөлімше қызметкерлерінің еңбекақысын ұлғайту. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қойған төрт тапсырмасы. Төртеуінің де Ұлттық ұланға қатысы бар.
Штат санының аздығы қолбайлау болып тұр
Осыған орай біз Ұлттық ұлан Әскери кеңесінің хатшысы, полковник Савердин ИМИРОВКЕ хабарласып, қазіргі таңдағы әскери бөлімдердің жасақталуы мен міндеттеріне қатысты сұрақтарымызды қойған едік. Полковниктің айтуынша, бүгінде Ұлттық ұланның әскери бөлімдері еліміздің барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларында орналасқан. Оларға қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау, үкіметтік мекемелерді күзету, аса маңызды мемлекеттік ғимараттарды қорғау міндеттері жүктелген. Ал ұландық әскери бөлімдердің жасақталуы мен міндеттері «ҚР Ұлттық ұланы туралы» және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңдарда айқындалған. «Осы заңдарға сәйкес Ұлттық ұландағы қызмет әскери қызмет болып саналады», деді ол.
«Сарбаздар санын ұлғайту қордаланған мәселенің түйінін тарқата ала ма?» деген сұрағымызға С.Имиров: «Ұландықтар еліміздің бүкіл аймақтарында өздеріне тиісті әскери борыштарын өтеп келеді. Бейбіт күндері атқаратын күнделікті тапсырмаларды орындауда біздің әскерилердің саны жеткілікті. Алайда кей аймақтар мен қалалардағы әскери бөлімдер мен бөлімшелердегі штат санының аздығы жауынгерлік дайындық кезінде төтенше тапсырмаларды толық жүргізуге мүмкіндік бермейді», деп мәселені ашығынан жеткізді. Полковник әсіресе төтенше жағдайлар мен оқиғалар кезінде тапсырмаларды толық орындауға штат санының жеткіліксіз екенін айтты. «Төтенше тапсырма дегенде қоғамдық қауіпсіздіктің бұзылуы немесе жаппай тәртіпсіздіктің болуы міндетті емес, әрине. Бұл қажеттілік техногенді, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде де байқалады. Мәселен, ірі жол-көлік апаты, алапат өрт кезінде жеке құрамды жедел түрде қайта жасақтап, қайта топтастырып, төтенше жағдай болған жерге қарай аттандыруымызға тура келеді. Ал бұл кезде ұландық сарбаздар атқарып жүрген күнделікті міндеттер орта жолда қалады немесе толыққанды орындалмайды. Мәселен, осындай кездерде түзеу мекемелерін күзететін жеке құрамды да тартуға тура келеді. Ал негізінен мұндай объектілерді кез келген уақытта қараусыз тастап кетуге болмайды», дейді ол.
«Күні кеше елімізде болған жаппай тәртіпсіздік кезінде Мемлекет басшысына Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттерінің бітімгершілік күштерін енгізу туралы шешім қабылдауға тура келді. Неліктен? Себебі еліміздегі күштік құрылымды толық контртеррористік операцияға жұмылдыру керек болды. Ал ҰҚШҰ сарбаздары аса маңызды мемлекеттік объектілердің қауіпсіздігін сақтауға бағытталды. Осы тұрғыдан алғанда Ұлттық ұланның штаттық санын ел көлемінде ұлғайтудың маңызы өте зор», дейді С.Имиров. «Әрине, дәл қазір әскери бөлім мен бөлімшелерде штат санын нақты қаншаға ұлғайту керек екенін дөп басып айту қиын. Қазіргі таңда бұл бағытта жұмыстар, қажетті есептеулер жүргізіліп жатыр. Бір айта кетерлігі – еліміздің барлық аймағында сарбаздар санын ұлғайтудың қажеті жоқ. Бұл жерде криминогендік, әлеуметтік жағдайлары күрделі өңірлерге ерекше мән беру керек. Осындай жерлерде туындаған мәселелерді жедел шешу үшін тұрақты дислокациялық Ұлттық ұлан жасақтары болғаны дұрыс. Егер мұндай жұмыстар нақты қолға алынатын болса, бізге әскери тапсырмаларды орындау кезінде белгілі бір маневрлер жасауға мүмкіндік туар еді. Ең бастысы, штат санын ұлғайту кезінде басқа күштік құрылымдарды, мысалы Қорғаныс министрлігінен әскерилерді тартудың қажеттілігі болмайды», дейді полковник.
Әскерден қаржы үнемдеудің қажеті жоқ
«Елімізде болған жантүршігерлік оқиғалардан кейін ең алдымен жергілікті атқарушы органдар күштік құрылымдардың қажет екеніне көзі жетті деп ойлаймын, – деді сөзін жалғаған ол. – Сондықтан да қарулы күштердің санын арттыруға ең бірінші атқарушы билік мүдделі болуы керек. Жергілікті әкімдіктер күштік құрылымдарға, атап айтқанда, Ұлттық ұлан сарбаздарына қажетті барлық жағдайды жасаулары керек. Бір сөзбен айтқанда, әрбір сарбаз бен әскери қызметкер мемлекет пен жергілікті атқарушы органның өзіне қажетті барлық жағдайды жасап жатқанын, көңіл бөліп отырғанын нақты сезінуі керек. Бұл өте маңызды».
Әңгіме барысында әскери даярлықты арттыру мәселесіне кеңінен тоқталған С.Имиров ең алдымен әскери техника мен құрал-жабдықтардың, қорғаныс құралдарының, терроризммен күреске қажетті мобильді байланыс пен қару-жарақтардың, инженерлік-техникалық арнайы құралдардың, әскери көліктердің заман талабына сай болуына мән беру қажеттігін атап өтті. «Біздің техникалық жарақтандыруымыз бұған дейін де мәз емес еді. Ал кешегі жаппай бейберекетсіздік пен тәртіпсіздік кезінде және аса маңызды әскери мекемелерде болған қарулы қақтығыс салдарынан тағы біраз материалдық шығынға ұшырадық. Әскери техникалар зардап шегіп, арнайы құрал-жабдықтары жарамсыз болып қалды. Енді бізді осы шығынның барлығының орнын толтыру, қайта жарақтандыру, уақыт талабына сай жаңасымен алмастыру секілді жұмыстар күтіп тұр. Технология бір орында тұрмайды. Күштік құрылымдарымыз да заман талабынан қалыс қалмауы керек», деді ол.
Полковниктің айтуынша, ұландықтар қолданып жүрген оқ өткізбейтін арнайы кеудеше мен қорғаныс қалқандары да ескірген. Қалқандар өте ауыр, көтеріп жүруге тым ыңғайсыз. Ал қазір олардың орнын жеңіл әрі ыңғайлы әскери қалқандар мен қорғаныс кеудешелері алмастырған. «Қалқан – ең бірінші әскери қызметкерді қорғау үшін қажет құрал. Ал өз-өзін қорғай алмаған сарбаз кешегідей жаппай төбелес пен басбұзарлық кезінде өзгеге қалай қалқан бола алмақ? Бізге де әскери техникалық, материалдық құрал-жабдықтарды жаңарту кезінде осындай қажетті жабдықтар аса қажет», деді С.Имиров.
Ол сондай-ақ әскери қызметкерлердің еңбекақысын көтеру – жақсы моральдық ынталандыру екенін де атап өтті. Мемлекетіміздің әскерилер үшін қаржы жағынан тартынып қалмауы керектігін алға тартқан полковник: «Жалақыны өсіру – түптеп келгенде әскерилерді ұдайы қорғау және олардың имиджін көтеру деген сөз. Мәселен, біз азаматтарды Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеуге шақырамыз. Бірақ кез келген адам үшін ең бірінші материалдық көмек пен қолдаудың аса маңызды екені бесенеден белгілі. Азаматтық борыш, конституциялық міндет – мұның барлығы түсінікті. Бірақ материалдық тартымдылық, әлеуметтік пакет, нақты қаржылай қолдау болғанда ғана кез келген азамат әскери борышын өтеуге, отбасының амандығы мен Отанының тыныштығы үшін барын салуға тырысады», деген ойын білдірді.
Құқықтық нигилизм құрдымға жібереді
«Қасіретті қаңтар» біздің қандай кемшілігімізді көрсетіп берді?» деген сұрағымызға С.Имиров: «Бұл оқиға ең бірінші біздің жастарымыздың тәрбиесіндегі кем-кетіктің көп екенін ашып берді. Құқықтық жауапкершілігіміздің төмендігін көрсетті. Кей азаматтарымыздың құқықтық нигилизмі құқықтық надандыққа алып келді. Мүмкін олар күні кешегі тәртіпсіздікке дейін бұзақы не басбұзар болмаған да шығар. Бірақ топтың ортасына түскенде олар өздерінің айқын бет-бейнелерін көрсетті. Жасап жатқан қылмыстарының заңсыз екенін, осы іс-әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілік пен қылмыстық жазаға тартылатынын біле тұра мемлекетке шығын келтірді, халықтың ақ адал еңбегін рәсуа етті. Өз құқыңды талап етпес бұрын кез келген адам өзгенің құқығы мен еңбегін аяққа таптамауы қажет. Рас, елімізде әлеуметтік жағдай төмендеп кеткені шындық. Жұмыссыздықтың белең алғанын жасырып-жаба алмаймыз. Алайда бұл бүлік жасап, бөтеннің дүние-мүлкін қирата беруге болады деген сөз емес», деп жауап берді. Сондай-ақ полковник өзінің мына төмендегі пікірін: «Мен бір нәрсені зор сеніммен айта аламын. Таразы басында тәуелсіздігіміздің тағдыры тұрғанда Ұлттық ұланның бірде-бір сарбазы мен әскери қызметкері абыройсыздық танытқан жоқ, олар сын сәтте сүрінбеді. Тіпті жаппай төбелес пен қарулы қақтығыс кезінде жарақат алса да, алғашқы медициналық көмек алғаннан кейін қайта қатарға қосылып, әскери міндеттерін өзгелермен қатар иық тіресіп тұрып атқарған ұландықтар бар. Қақтығыс орнын тастап кеткені туралы бірде-бір факті тіркелген жоқ», деп мақтанышпен жеткізді.
Шыны керек, қанқұйлы қақтығыс басталып кеткенде халық арасында «Неге полиция қызметкерлері мен әскерилер жаппай тәртіпсіздік басталғанша босқа қарап тұрды? Неге бүліктің алдын алмады? Неліктен бірден қару қолданып, бүлікшілердің жолын кеспеді?» деген сұрақтар көп қойылды. Біз осы сауалдарды полковникке де қойған едік. Ұлттық ұлан Әскери кеңесінің хатшысы: «Біріншіден, біз кез келген жағдайда алдымен гуманизм тұрғысынан әрекет етеміз. Біз ешқашан бірінші болып қару қолданып, оқ атпаймыз. Бұл – гуманизмнің ең жоғары белгісі», деп жауап қатты. Ол тіпті әскери қызметкерлерді басып алған жағдай болса да ұландықтардың заңға сәйкес қару қолдана алмайтынын ашық мәлімдеді. «Кешегі бүлікшілердің жаппай тәртіпсіздігі кезінде де ұландықтардың бірде біреуі бірде-бір оқ атқан жоқ, – дейді С.Имиров. – Тек контртеррористік арнайы операция басталғанда ғана заң бойынша бізге қару қолдануға рұқсат берілді. Мұндай кезде әрине біз лаңкестерге қарсы аяусыз күрес жүргіземіз. Ал бейбіт халыққа қашанда гуманизм танытамыз. Қараша халық әскери борышын өтеп жүрген сарбаз бен қандай да бір маңызды объектілерді күзетіп тұрған әскери қызметкерлердің өздеріне қарсы қару кезенбейтінін түсінулері керек. Олар ең алдымен қоғамдық қауіпсіздікке жауапты, алаңға шыққан адамдардың азаматтық құқықтары мен бостандықтарын қорғайды».
«Ұлттық ұланның «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан, Ұлттық ұлан – елі мен халқына қорған» деген ұраны бар. Мен біздің сарбаздарымыз бен әскерилеріміз кешегі сын сәттерде осы ұрандарына берік болып қала алды деп, зор мақтанышпен айта аламын. Олар өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарды, ел алдында берген анттарына адал болып қалды. Сол себепті де Мемлекет басшысы Ұлттық ұлан мен полиция қызметкерлерінің сапасы мен санын көтеру туралы мәселені бекерден-бекер көтеріп отырған жоқ. Өйткені Президент Ұлттық ұланның азаматтардың өмірі, құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ дүние-мүліктерін қорғай алатын күшіне сеніп отыр. Біз сапалық және сандық тұрғыдан берік болсақ, мемлекеттік тұрғыдан ғана емес, одан да биік мақсаттарды абыройлы атқара аламыз. Ал бұл мақсаттардың алдында – азаматтардың өмірі мен құқықтары тұр», деді сөзін түйіндеген С.Имиров.
«ҰҚШҰ-ға күніміз түспес еді...»
Ал Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы генерал-майор Қалиақпар Тоқышев «егер бізде армия саны жеткілікті болса, ел ішіндегі бүлікті сырттан ешкімді шақырмай-ақ, өз күшімізбен басуға болар еді» деген пікірін жеткізді. Генерал-майор тіпті Ұлттық ұланды қайта жарақтандыру, арнайы мақсаттағы бөлімшелердің санын ұлғайту, әскери қызметшілерінің жеңілдіктерін арттыру мәселелері соңғы 30 жыл бойы шешілмей келе жатқанын да мәлімдеді. «Біз бұл мәселелерді бұрыннан көтеріп келеміз. Ақыр соңы ел Президенті талай жылдан бері қордаланып қалған осы проблемаларымызға бет бұрды. Қанды қақтығыстан күштік құрылымның бірнеше қызметкері мен қарапайым адамдар қаза болған «қаралы қаңтардан» кейін бүкіл кем-кетігімізді түзеуді қолға алғанымыз өкінішті, әрине. Алматыда болған қайғылы оқиға және бүкіл елімізді шарпып өткен кешегі бассыздық, әсіресе кейбір шенеуніктерге әскердің қажет екенін дәлелдеп, көзін анық жеткізді», деген Қ.Тоқышев ұландықтардың қалың топ бір сәтте тап бергенде қауқарсыз болып қалғанын да жасырмады.
Енді мұндай қауіпті әрі күрделі кезеңмен бетпе-бет келмес үшін не істеуіміз қажет? Әскердегі реформаны неден бастауымыз керек? Бұл сұрақтарға генерал ойланбастан: «Ең алдымен, әскерилердің үніне құлақ асқан жөн. Қоғам қауіпсіздігін сақтап жүрген күш құрылымдарының берген есебі мен айтқан пікірін назарда ұстау қажет. Осындай қиын сәттерді бастан өткерген, сын сағаттарда сүрінбеген әскери қызметкерлердің айтқанын ерен санамау дұрыс емес. Себебі олар әскерге нақты ненің жетіспейтінін, ненің қажет екенін, қанша штат саны, қандай қорғаныс және басқа да арнайы құралдардың қажет екенін жақсы біледі. Осының барлығы ескерілуі қажет», деп жауап берді.
Қ.Тоқышев көтерген екінші өзекті мәселе – әскерилерге берілетін жеңілдіктерге қатысты. Ол Ұлттық ұлан сарбаздары мен әскери қызметкерлерінің әскери рухын көтеру үшін бір кездері толық төленіп келген бүкіл жеңілдіктерді қайтару қажет деп санайды. «Үшіншіден, көп нәрсе жауынгерлік әзірліктің жай-күйіне, офицерлік құрамның даярлығы мен олардың кәсіби даярлығына байланысты. Ал енді мына қарама-қайшылыққа қараңыз! Офицерлер әскери академияға түскен кезде олардың жалақысы 30 пайызға қысқартылады. Ал офицерлердің дені отбасылы, көпшілігінің 4-5 баласы бар. Бұл «тәжірибе» посткеңестік елдердің ішінде тек Қазақстанда ғана қолданылады. Ал Ресей Федерациясында әскерилерге тиесілі бүкіл жеңілдіктер сақталған. Үкімет осы үш мәселені ескеріп, жеңілдіктерді қайтару керек деп санаймын», деді ол.
Бір жыл – өте аз мерзім
«Елімізде мерзімді әскери қызметке шақыру қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Бізде әскери борышты өтеу мерзімі – 12 ай, яғни бір жыл. Бұл уақыт әскер қатарына қосылған сарбазды толық жауынгерлік даярлықтан өткізу үшін жеткілікті ме?» деген сұрағымызға «Жоқ, әрине жеткіліксіз. Жалпы, бұл дұрыс емес!» деп жауап берді Қ.Тоқышев. – Себебі алдыңғы 6 айда сарбаз тек жаңа әскери ортаға бойын үйретіп, жауынгерлік дағдыларға бейімделе бастайды. Ал нақты әскери іске араласу үшін жарты жыл ғана қалады. Әрине, өте аз уақыт. Кез келген жас өрен өзін нағыз жауынгер және әскери мамандықтар бойынша кәсіби маман ретінде сезіну үшін кем дегенде екі жыл қызмет етуі керек. Ал қазір сержанттық құрамдағы сарбаздар жарты жыл кіші командир ретінде оқиды. Ал екі ай өтер-өтпестен ол үйіне қайтуға дайындала бастайды. Оған бұдан әрі қарай ешнәрсе маңызды да қызық та емес. Бір жыл деген өте аз мерзім! Әскери құрылымдардың қатарын жастар келіп толықтырып, оларды жауынгерлік оқу-жаттығуға бейімдеймін дегенше бір жыл тез өте шығады. Осылайша, жарым-жартылай оқыған маман кез келген сын сәтте сүрініп кетері сөзсіз».
Осы тұста «әскери мерзімді ұзартуға біздің мүмкіндігіміз бар ма?» деген заңды сауал туындайды. Бұған Қ.Тоқышев «Бұл Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құзырындағы мәселе. Барлығы ел Президенті қабылдаған іс-шараларына қарай шешіледі. Жалпы, бұл сұрақты бүкіл қоғамның талқысына салу қажет. Осы саланың білікті мамандарының айтар ой-пікірін сарапқа салған жөн», деп жауап берді.
Ал жастар, жалпы біздің қоғам бұл өзгеріске дайын ба? Қ.Тоқышев бұл мәселеге қатысты: «Кеңес Одағы кезінде жастар саналы түрде екі жыл әскери борышын өтеп келді. Қазіргі жастармен идеологиялық тұрғыдан жан-жақты жұмыс істеу керек. Ал бұл жұмыс – отбасындағы тәрбиеден, БАҚ арқылы жасалатын үгіт-насихат жұмыстарынан, әскери комиссариаттардың кәсіби қызметінен басталады. Ең бастысы, қарапайым халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек», деді.
Соңғы күндері елімізде болған оқиғалар түрлі «болжамдар» мен сан қилы «ақпараттарды» көбейтіп жібергені рас. Сондай «мәлімдеменің» бірі – «лаңкестер еліміздегі әскерге шақыру науқанын есепке алған, олар сарбаздардың әлі әскери ант қабылдамаған кезін пайдалануға тырысқан» деген сөз. Бұл жайында генерал былай деді: «Бұл алыпқашпа әңгімелердің бірі. Әрине, кешегі лаңкестердің шабуылы алдын ала дайындалған деп айтылып жатыр. Алайда дәл әскерге шақыру науқанын «аңдып» тұрды дегенге келіспеймін. Себебі жаппай тәртіпсіздіктің туындауы әскерге келіп-кетушілерге байланысты емес. Жыл аяғына қарай сарбаздардың алдыңғы легінің әскери қызметтен кеткені рас. Қатарға жаңа қосылған жас сарбаздардың сапқа енді тұрғаны да шындық. Бірақ бүлікшілер мен лаңкестер дәл осы тұсты «пайдаланып кетуге тырысты» деген құр қаңқу сөз деп санаймын. Алайда, бұл аралықтың белгілі бір мезетте өзінің рөлін ойнағаны рас. Себебі бұрын келген әскери қызметкерлер жаңа жыл алдында саптан кетті. Ал желтоқсан айының соңында шақырылған жас сарбаздар қаңтардың соңында ант қабылдауы керек. Оларға әскери ант қабылдағанға дейін ешқандай жауынгерлік жауапкершілік артылмайды.
«Қасіретті қаңтардан» күштік құрылымдар қандай сабақ алуы керек?» Бұл сұраққа орай генерал-майор: «Әлеуметтік желілер мен түрлі мессенджерлерде алғашқы күндері «ішкі істер органдарының қызметкерлері шерушілердің жағына шығып кетті» деген сыңайлы алыпқашпа әңгімелер жұртқа тарап кетті. Бұл – бір. Екінші мәселе, полиция қызметкерлері мен әскер санының жетіспегені анық сезілді. Өзіңіз ойлап қараңызшы, 300 қызметкері бар әскери бөлімшеге мыңнан астам бүлікші тап берді. Бастапқыда әскерилер алаңға қарусыз барды. Себебі бейбіт шеруді сырттай бақылаймыз деп қана ойлады. Ал біздің әскер ешқашан өз халқына қарсы қару кезенбейді. Мұны ұландықтар жақсы біледі. Бірақ сонда да осындай кездері бөлек қарулы әскери бөлімдерді жасақтап, резервте дайын ұстап тұру керек еді. Болашақта осы екі мәселені жіті назарда ұстауымыз қажет.
ТҮЙІН. Биыл 10 қаңтарда Ұлттық ұлан 30 жылдық мерейтойларын атап өтулері керек еді. Өкінішке қарай, дәл сол күні ұландықтар лаңкестердің қолынан қаза болған қос сарбазын ақтық сапарға шығарып салды. Дәл сол күні елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Бұл – егемен ел болғалы бері жарияланған 11-нші қаралы күн. Енді қайта Туымыз төмен түспесін!